Колония, түрме, уақытша ұстау изоляторы. Абақты түрлерінің айырмашылығы қандай? Еліміздегі жалғыз түрмеде қандай қылмыс жасағандар отыр?
Колония, түрме, уақытша ұстау изоляторы. Абақты түрлерінің айырмашылығы қандай? Еліміздегі жалғыз түрмеде қандай қылмыс жасағандар отыр?
5 жыл бұрын 5180 Молдир Калыкова

Елімізде қылмыскерлердің жазасын нақты қайда өтейтінін сот шешеді. Олар сотталушыларды колонияға, түрмеге немесе уақытша ұстау изоляторына қамауы мүмкін. Бірақ, халыққа оның барлығы бір ұғым, бір мағынадай көрінеді. Бұл мекемелердің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар? Сотталушыларды жаза өтеу мекемелеріне қалай бөледі? Tengrinews.kz тілшісі осы сұрақтардың жауабын анықтап білді.

Заң бойынша сотталушының жазаны қайда өтейтінін сот шешеді. Кейін уақытша ұстау изоляторының әкімшілігіне сот үкімі хабарланып, қылмыскерлер сол изолятордан түрмеге немесе колонияға айдауылмен жеткізіледі. Бұл 10 күн ішінде орындалуы тиіс.  

Уақытша ұстау изоляторына кімдер қамалады?  

Уақытша ұстау изоляторына кез келген заңбұзушылық жасаған адам жеткізіледі. Қылмыс жасады деген күдіктілер де бірінші кезекте уақытша ұстау изоляторына қамалады. Бірақ, заң бойынша оларға қатысты қамауда ұстау туралы сот үкімі шығуы керек. 

Уақытша ұстау изоляторының басқа жаза өтеу мекемелерінен ерекшелігі жазаланған адам изолятор аумағында немесе аулада жүре алмайды. Олар камераға орналастырылады және оларға сыртқа шығуға тыйым салынады. 

© Tengrinews.kz

Изолятордың түрме мен колониядан басты ерекшелігі бұл түзету мекемесі емес, ол жазасын ұзақ уақыт өтейтіндерге арналмаған. Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгендер камерада сот үкімі немесе әкімшілік іс шешілгенге дейін (әдетте бірнеше тәулікке созылады) дейін ғана болады, айыптау актісі шыққан соң ғана ол колонияға немесе түрмеге жеткізіледі.

Колония несімен ерекшеленеді?  

Колония да түзету мекемелерінің бір түрі болып саналады. Олар тәрбиелеу және түзету колониялары болып бөлінеді. Түзету колониясының өзі жалпы тәртіптегі, қатаң тәртіптегі және ерекше тәртіптегі колония болып бөлінеді. Тәрбиелеу колониясының ерекшелігі онда кәмелет жасына толмағандар ғана жазасын өтейді және көп болса олар 10 жылға сотталады. Оларға кейбір жағдайларда жеңілдіктер жасалады екен. Ал жалпы түзету колонияларында бұрын сотты болған немесе қасақана қылмыс жасаған сотталушылар жазасын өтейді.

Колониялардың түрмеден басты артықшылығы деп бірінші кезекте сотталушыларда жылына 10 рет туыстарымен кездесу мүмкіндігі бар екенін атап өтуге болады. Оның үстіне, мереке күндері де тәртібі дұрыс болса, туыстармен кездестіреді екен. Ал қылмысы жеңілдеу сотталушылардың, тіпті, 12 рет кездесу мүмкіндігі бар. Ал колонияның қатаң тәртібінде жаза өтеушілер жақындарымен небәрі 6 рет қана кездесе алады.

© Tengrinews.kz

Тағы бір ерекшелігі ретінде колонияда асүй бөлмесі, кір жуатын бөлме, дүкен, жатақхана, кітапхана, медициналық бөлменің қолжетімді екені айтылады. Сотталушыларға онда емін-еркін өз үйлеріндей сезінуге барынша мүмкіндік жасалады екен.

Түрмедегі ережелер қандай?  

Түрме жаза өтеудің сонғы инстанциясы болып саналады. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, түрмеге тек 3 жылдан аса уақытқа сотталғандар мен аса ауыр қылмыс жасағандар ғана жеткізіледі. Сондай-ақ, колония мен тергеу изоляторларында тәртіп бұзған сотталушылардың түрмеге ауыстырылып, жаза өтеу мерзімі ұзаратыны айтылады. Түрмеде жаза өтеу тәртібі екіге бөлінеді екен: жалпы ережелер мен қатаң ережелер.

Түзету мекемесінде қандай да бір ереже бұзған адам бірден қатаң тәртіпке ауыстырылады. Осы ережелердің әрқайсына тоқталсақ, жалпы ережелер бойынша жазасын өтеушілерге туыстарымен жылына 4 рет кездесуге рұқсат беріледі, бірақ, уақыт интервалы түрме ережесі бойынша бекітіледі.

Сондай-ақ, осы санаттағы сотталушыларға төсек жабдықтары беріліп, күнделікті 2 сағат уақыт аулада серуендеуге рұқсат екені айтылады. Ал тәртібі жақсы болса, тағы 30 минут қосылады. Ал қатаң тәртіпте жазасын өтеушілер жылына тек 2-ақ рет туыстарымен кездесе алады және ол уақыт өте аз. Жылына бір рет төсек орын беріледі, ал күнделікті серуендеу уақыты - 1,5 сағат. Мұның барлығы жазасын түрмеде өтейтіндерге ғана қатысты.

Еліміздегі жалғыз түрмеде қандай қылмыс жасағандар отыр?

Қазақстанда түрме деп аталатын бір ғана жаза өтеу орны бар. Онда 250-ден аса адам жазасын өтеп жатыр, олардың біреуі ғана - әйел. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Tengrinews.kz тілшісі жолдаған ресми сауалхатқа берген жауабында айтылады.

ҚАЖК баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздегі жалғыз түрме Арқалықта (Қостанай облысы) орналасқан. 

"УТ-174/4 мекемесі 1988 жылы құрылған. Кейін Торғай облысының таратылуына байланысты бұл мекеме Қостанай облысы УК-161/12 толық қауіпсіз мекемесі (түрме) болып өзгертілді. Бұл мекемеде 250-ден аса адам жазасын өтеп жатыр, олардың біреуі ғана - әйел. Сотталғандардың жас ерекшеліктері әртүрлі - 19 бен 65 жас аралығы. Олар камералық жағдайда ұсталады", - делінген ресми сауалхатқа берілген жауапта.

Айта кетейік, бұл түрмеде өлім жазасына кесілген бір ғана сотталушы бар - Алматыда 10 адамды атқаны үшін өлім жазасына кесілген Руслан Күлекбаев. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты, Күлекбаев мораторийді алып тастағанға дейін абақтыда отырады. 

Сондай-ақ, бұл түрмеде "Арқанкерген" шекара қызметінде борышын өтіп жүргендерді өлтірген Владислав Челах жазасын өтеп жатыр.

 

Айта кетейік, жалғыз әйел - 26 жастағы қыз түрмеге 2019 жылдың наурызында жеткізілген. Сотталған қыз Павлодар облысы Ақсу қаласының тумасы. Алғаш рет ол сот алдына 20 жасында түнгі клубта бұзақылық жасап, төбелес шығарғаны үшін келген. Нәтижесінде 1 жылға сотталған, ал 2014 жылы қыз тағы да сотталып, 8 жыл 3 күнге бас бостандығынан айырылған. Алайда, сотталушы колонияда бірнеше рет тәртіп бұзғаны үшін Алматы облысы Іле аудандық соты оны түрмеге ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Осылайша, соттың үкімімен 26 жастағы қыз түрмеде жазасын 2 жыл 5 ай өтейді.

Сондай-ақ, комитет өкілдері осы мекемеде босанған әйелдерге қатысты мәлімет берді. Редакция жолдаған сауалхатқа берген жауапта ҚАЖК өкілдері елімізде 3 жасқа дейінгі баласы бар әйелдер үшін Балалар үйі барын, оның Алматы облысы Жауғашты кентіндегі әйелдер колониясында орналасқанын айтты. Қазіргі уақытта ол жерде жазасын өтеп жатқандардың ішінде 20-ға жуығының баласы бар екен.

"УК-161/12 мекемесіндегі сотталғандар ауыр, аса ауыр немесе қайталап қасақана қылмыс жасағандары үшін жазасын өтеп жатыр. 2019 жылы УК-161/12 мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың саны -2, ал 8 сотталғанның жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылды. Бұл мекемеде қоғамға қауіп төндіретін ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандар ұстауда отыр", - делінген комитеттің ресми сауалхатқа берген жауабында. 

0 пікір
Мұрағат