Жел мен күн энергетикасының болашағы заңмен бекітілді
Жел мен күн энергетикасының болашағы заңмен бекітілді
4 жыл бұрын 4990

Қазақстанда электр энергетикасы мен жаңартылатын энергия индустриясын (жел, күн, су энергиясы) дамыту үшін бірқатар заңнамалық актілер өзгертілетін болады, деп хабарлайды nege.kz

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады деп жазады, Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі тұжырымдамалық жаңашылдықтары:

Маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру

Бүгінгі таңда республикада электр қуаты профицитке жетіп, 2000 МВт артық өндірілсе де, маневрлік қуаттар жетіспейтіні сезіліп жүр. Электр қуатын тұтыну шамадан тыс артып кеткен сағаттарда, біз жетпей жатқан энергияны Ресейден сатып аламыз. Енді осы қуатты өзіміздің станциялардан сатып алу мүмкіндігі туады. Ал сатып алу аукцион арқылы жүрмек.

Жаңартылып отыратын энергияға шекті тариф болмайды

Жаңартылып отыратын энергия саласын қолдау үшін оларға шекті тарифті алып тастау ұсынылып отыр. Осыған байланысты, егер күн мен жел энергиясын қолданатын болсақ, квитанцияларда ондай энергияға сәл қымбатырақ төлейтін боламыз.

Жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау

Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетиканы (ЖЭК) дамытуға елеулі инвестициялар салынуда. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде ЖЭК үлесін ұлғайтудың көрсеткіштері 2020 жылы 3%, 2025 жылы 6%, 2030 жылы 10% деп бекітілетін болады. Ал 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздеріне тиесілі болуға тиіс.

Осы индикаторларға қол жеткізу үшін заң жобасында мыналарды енгізу ұсынылады:

Бірінші. ЖЭКтен шыққан энергияны сатып алушы ақшасын төлей алмаса, Үкімет тарапынан қаржы-есеп айырысу орталығына қолдау көрсету.

Бұл норма инвесторларды қорғайды. Тиісінше ЖЭКтен шыққан электр энергиясына аукциондағы бағаны түсіреді.

Екінші. Электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін қазіргі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту.

Бұл тетік болашақ инвесторлар үшін ЖЭК нарығының тартымдылығын арттыру мақсатында қажет және аукциондық бағалардың төмендеуіне әкеледі.

Үшінші. Қаржы - есеп айырысу орталығы арқылы су электр энергиясын сатып алу-сатуды енгізу.

Бұған дейін ГЭСтер көктемгі суды ағызу кезінде пайда болатын арзан электр энергиясын арнайы уағдаластықпен, өздері ғана келіскен кәсіпорындарға сатып келген еді. Енді гидроэлектр станцияларын заң бойынша электр энергиясын қаржы - есеп айырысу орталығы арқылы сатуға міндеттеу көзделіп отыр.

Сол кезде арзан электр қуаты Қазақстан азаматтары арасында теңдей бөлінетін болады.

0 пікір
Мұрағат