Жауапсыз ата-аналар есепке алынады
|
Қазақстанда балаларына жауапсыз қарайтын ата-аналар бойынша жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-медициналық есеп жүргізетін болады. Бұл туралы елордада жасөспірімдер құқығын қорғауға арналған республикалық жиында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Аталған заңның («ҚР балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») негізгі жаңашылдығы — медициналық-әлеуметтік есеп жүргізу амалымен жеке алдын алу шараларын қолға алу амалы қарастырылып отыр. Қазіргі таңда көп жағдайда аз қамтылған отбасындағы ата-аналар балаларына тиісті дәрежеде қарай алмай, жазаға тартылып жатады. Өкінішке қарай, полиция ондай отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта алмайды. Ал сондай санаттағы ата-аналарға заң бойынша көбінесе жазалау шаралары қолданылып жатады. Біріншіден, жауапсыз ата-аналарға кеңес берілсе, екінші жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту тетігі қолданылады. Одан пайда болмаса, ата-ана баланы өсіру, тәрбиелеу құқығынан айырылып, оның баласы арнайы мектепке жолданады. Бірақ, өкінішке қарай балалардың құқығын қорғаймыз деп отырып, біз «әлеуметтік жетімдік» мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз», — дейді Әсет Оспанов.
Оның келтірген деректеріне сәйкес, бір ғана Нұр-Сұлтанда жыл сайын сот мыңға тарта әке-шешені ата-ана құқығынан айырады.
«Бұл жағдайда ата-ана өзімен өзі оңаша қалып, бала үшін ешқандай жауапкершілік болмайды. Ал баласы арнайы мекемеде тәрбиеленіп, ақыры бұның бәрі мемлекеттік бюджетке де салмақ түсіреді. Ата-аналар әрі қарай алькогольден бас көтермей, салдарынан ешқандай оң нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Сол себепті, халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, депутаттық корпустың көмегімен қазақстандық делегацияның мүшесі ретінде Гүржістанға барып қайтқан едім. Оларда бұл мәселе басқаша. Яғни, гүржі елінде мұндай аз қамтылған отбасыларға әртүрлі әлеуметтік, медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Содан кейін аталмыш отбасылар көп жағдайда өмірдің қиын кезеңінен өтіп, қайтадан салауатты толыққанды отбасы болып жатады екен», — дейді басқарма басшысы.
Әсет Оспанов сондықтан әлеуметтік-медициналық есепті жүргізу жұмысы жергілікті атқарушы органдардың назарын аз қамтылған отбасыларға аударады деген үміт білдірді.
«Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, бұдан былай жергілікті атқарушы органдар ішкі істер органдарының мәліметтері негізінде медициналық-әлеуметтік есеп жүргізуге міндеттеліп отыр», — дейді басқарма басшысы.