"Халал" белгісі бар шұжықтардан доңыз ДНК-сы табылып жатыр немесе "Адал азық-түлік туралы" заң қабылдайтын уақыт жетті емес пе
"Халал" белгісі бар шұжықтардан доңыз ДНК-сы табылып жатыр немесе "Адал азық-түлік туралы" заң қабылдайтын уақыт жетті емес пе
6 жыл бұрын 5115 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті ай сайын жүргізетін азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мониторинг аясында жыл басынан бері 36 мыңнан аса тағам өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар қамтылған екен. Олардың 9,4%-ы талаптарға сай келмейтіні анықталған. Аталмыш комитет келтірген мәліметке қарағанда, салыстырмалы талдау көрсетіп бергендей, елдің ішкі нарығындағы импорттық өнімдерден талапқа сай келмейтіні 67,3%-ды, ал отандық өнімдерден 32,7%-ды құраған. Талапқа сай келмейтіні қалай анықталған? Бұрынғыша өнімнің дұрыс маркіленбеуінен орын алған тауарлар жиынтығы 64% болса, тауар жапсырмасындағы жазуда көрсетілген көрсеткіштердің тауардың өзіндік сапасы мен ерекшелігіне сай келмейтіндері — 1,5%.Ал ет өнімдеріне келсек, халық арасында сұранысқа ие 11 отандық өндірушілердің шұжық өнімдерінен, ер консервілерінен және жартылай дайындалған өнімдерден доңыздың ДНК-сы табылған. "Бұл факті өндірушінің өндіріс технологиясын бұзғандығын көрсетіп берді. Соның ішінде, сиыр еті мен доңыз еті үшін өндірістік құрал-жабдықтың бір желісін қолданғандығынан орын алып отыр",- деп айтылған хабарламада. 

Бәрі дұрыс-ау, десе де, мәселе түйіні мұнымен шектеліп қалмайды немесе шешіле салмайды. Елімізде шариғат талаптарын сақтауға тырысатын тұтынушылардан бөлек, қазіргі уақытта мұсылман емес тұтынушылар да "халал" белгісі бар өнімдерді тұтынуға тырысады. Зайырлы қоғамбыз десек те, адал ас жегісі келетін қазақстандықтарды шариғат талаптарына сай дайындалған өнімдермен қамтамасыз ету үшін бір ғана діни басқарманың халал сертификаттау бөліміне барлық жұмысты артып қойғанымыз, қалай болар екен. Бұл арада өнімдерді шариғат талаптарына сай әзірленетінін ұдайы қадағалап отыратын және олардың арнайы заңмен реттеп отыратын құзырлы орган керек. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығы я болмаса тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы немесе басқаша бола ма, ең бастысы, адал ас жегісі келетін қазақстандықтардың талабын ескеруі тиіс. Ол үшін "Адал азық-түлік өнімдері туралы" заң қабылдайтын уақыт жеткен секілді. Біз қаласақ та, қаламасақ та, бұл уақыт талабы. Аталған заң қабылданса, халал атын жамылып, пайда үшін халықты алдайтын алаяқтарға заңмен тосқауыл қойылар еді. Әлбетте, тұтынушылар құқығын қорғайтын немесе азық-түлік сапасын қадағалайтын құзырлы органдар елімізде жетерлік. Алайда, шариғат талатарына сай дайындаудың өзіндік ерекшеліктері барын ескеруіміз керек.

0 пікір
Мұрағат