Грантқа түсе алмағандарға қосымша грант бөлінеді. Грант нәтижесімен келіспейтіндер БҒМ-ға өтініш жаза алады
|
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бөлінген гранттар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 5000 грант бөлінді. Олар 5-15 тамыз аралығында жергілікті атқару органдарының қатысуымен тағайындалады», - деді білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова брифинг барысында.
Бұдан бөлек білім гранттарының ішінде игерілмеген гранттар бар. 3000-ға жуық грант енді грантқа түсе алмағандардың арасында компьютер арқылы бөлінеді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер де өз бюджетіне қарай қосымша грант бөледі.
«Жыл сайын жергілікті атқару органдары тарапынан қолдау көрсетіліп, грант бөлінеді. Былтыр 3000 грант бөлінді. Биыл сонша немесе одан да көп болуы мүмкін. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Бұған дейін атап өткенімдей, мемлекет тарапынан жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтуге жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Айта кетейік, биыл «Алтын белгісі» бар 1200-ден астам бала грантқа түсе алмады.
Грант нәтижесімен келіспейтіндер БҒМ-ға өтініш жаза алады
Мемлекеттік грант нәтижесімен келіспейтіндер БҒМ және Ұлттық тестілеу орталығына қайта қарауға өтініш жаза алады.
«Мемлекеттік гранттар компьютер арқылы реттеледі. Объективті процесс. Адам араласа алмайды. Жақында Ұлттық тестілеу орталығында пресс-тур кезінде гранттың қалай берілетіні толық түсіндірдік. Әрине, конкурсқа қатысып, грантқа ілінбеген кез келген азамат нәтижесін қайта қарау үшін шағымдануға құқығы бар. БҒМ, Ұлттық тестілеу орталығына өтініш білдіруге болады. Біз әр адаммен жеке жұмыс істейміз, тексереміз. Дегенмен, қайталап өтейін, гранттың бөлінуіне ешбір жан араласа алмайды», - деді білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.
Фатима Жақыпова мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына мамандық таңдауда кеңес берді.
«Гранттарды топтап емес, бағыт бойынша бөлінді. Республикалық конкурстық комиссия осы бөлінген тәртіп бойынша жұмыс істеген. Қазір кей мамандыққа сұраныс көп. Біз Еңбек министрлігімен, мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен бірлесіп, анықтадық. Қазір инженерлік, педагогикалық мамандықтарға мемлекет тарапынан сұраныс жоғары. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мектеп бітірушілерге, олардың ата-аналарына мұқият қарап, болашақта қандай мамандықтарға мемлекеттен қандай сұраныс болады, соған қарай бітірушілерге арнайы бағыт беру керек», - деді ол.