Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?
Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?
3 жыл бұрын 2159

Мұндай жеңілдік мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасының біріне жасалады.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасының бірі жұмыс орнынан алатын жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығынан босай алады. Бірақ, жеңілдік жасалатын бір жылғы еңбекақы мөлшерінде шектеу бар. 2020 жылы бұл сома 882 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни, Салық кодексінің 346-бабының 1-тармағына сәйкес, ерекше баланың ата-анасының бірі күнтізбелік жылда 2 450 196 теңгеге дейінгі еңбекақысының жеке табыс салығын төлемеуіне болады.

Жеке табыс салығы – жеке тұлғаның кірісінен алынатын салық түрі. Түсініктірек айтқанда, жұмысшының жалақысынан ай сайын ұсталатын салық. Оны Салық кодексінің 316-бабына сәйкес, еліміздегі ресми жұмысшылардың барлығы төлейді.

Енді мемлекет тарапынан бекітілген жеңілдіктерге сәйкес, ерекше балалардың ата-аналарының бірі бір жұмыс орнынан осы жеке табыс салығынан босатыла алады. Ол үшін ерекше баланың ата-анасының осы жеңілдікті қолданбақ болған бірі жұмыс орнының басшысына өтініш жазуы керек.

Өтініш формасы

"Өтініш

Менің өтініш беру себебім, ... жылдың ... айында туған қызым/ұлым ... ... ... мүгедек-бала статусы берілуіне байланысты ... жылдың ... айынан бастап ай сайынғы жалақымнан жеке табыс салығын ұстамауыңызды сұранамын.

Негізі – Қазақстан Республикасының "Салық және басқа да бюджеттік төлемдер туралы" кодексінің (Салық Кодексі) 346-бабының 1-тармағы.

Қосымша ... ... ... мүгедектігі туралы анықтамасының көшірмесі берілді.

Өтініш иесінің қолы

Дата"

Өтінішті жұмысыңыздың басшысына немесе бухгалтерге жазсаңыз, арнайы құжат рәсімдеп, сізді жеке табыс салығынан босатады.

Ескеретін жайт – ерекше баланың ата-анасының бірінен жұмыс орнына өтініш жазған күннен бастап алған айлығының жалпы сомасы 2 450 196 теңгеден асқанша жеке табыс салығы ұсталмайды. Ал жалақысының көлемі осы сомадан асқан күннен бастап жылдың соңына дейін ол салықты бұрынғыша төлейді. Келесі күнтізбелік жылдың басында жаңадан тағы өтініш жазу қажет болады.

0 пікір
Мұрағат