Еліміздегі медициналық мекемелердің 70 пайызы аккредиттеуден өтпеген
|
Емханалар, ауруханалар мен өзге ұйымдардың халыққа қызмет көрсету деңгейі мен сапа көрсеткіші төмен.Өткен жылды қорытындылауға жиналған мамандар осылай деп дабыл қақты.
Олардың сөзінше, былтыр республика көлемінде бар-жоғы 95 медициналық ұйым ғана аккредитациядан өтіпті. Жоғары санаттағы сыннан сүрінбей өтуге не кедергі? Бұл туралы stan.kz ақпарат көзі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Дәрігерлердің жұмысына халықтың көңілі толмайды. Көпшіліктің сөзінше, ұзын-сонар кезек пен дәрі тапшылығы, қызмет көрсетудің удай қымбаттығы елді әбден қажытқан. Кейде тіпті “ауруға ауру жамап, сау адамнан тәжірибе жасайтындар да бар”, дейді жұрт.
Осыдан кейін болар, аккредиттеуден өте алмай ақсаған мекемелер жетерлік. Мәселен, өткен жылы 413 медициналық ұйым ғана толыққанды қызмет көрсетуге лайықты деп танылған. Бұл елдегі бар ауруханалардың 30 пайызын ғана. Осы ретте оның 1/3 бөлігін жеке сектор құрайды. Ал, мемлекет аккредиттеуді міндетті қызмет ретінде енгізуге қауқарсыз. Өйткені, жұрт қолжетімді емдеу орталықтарынан қағылады, дейді мамандар.
“Біздің елімізде өкінішке орай 100 пайыз медициналық ұйымның 30 пайызы ғана аккредиттеуден өтті. Ал, биыл осы 2018 жылы 95 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Өтпей қалған ұйымдар бір емес, бірқатар. Олардың себебі, олар мысалы аккредиттеу стандарттарын дұрыс оқымаған. Дұрыс өзінің емханасына енгізбеген”, – дейді республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова.
Соңғы 10 жыл ішінде аккредиттеу нұсқасы 3-рет өзгертіліп, талаптар күшейтіліпті. Мәселен, алдыңғы жылдары медициналық мекемелерге 200 талап қойылса, биыл оның саны 300-ге артып отыр.
“Біздің стандарттар бойынша басқару жүйесіне де көңіл бөлінеді және сапа жағына да көңіл бөлінеді. HR -дейміз о жағына да. Инфекциялық контроль да және де мына мекемелердің қауіпсіздігіне сондай көңіл бөлінеді”, – дейді аккредиттеу орталығының директоры Ботагөз Қауіпбаева.
Осындай стандарттарға қол жеткізу үшін Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы бірнеше жыл әзірленген. Ұзақ уақыт дайындықтан кейін ғана өңірлер арасында алғашқы болып жоғары санатты мекеме дәрежесін иеленіпті. Себебі, 882 адамға арналған аурухананың қауіпсіздігін реттеу, кадрлар білімін толықтыру, науқастарға жағдай жасау концепциясын жүзеге асыру оңайға соқпапты.
“Дайындық өте қиын болды. Бірақ, коллективпен бірге біраз дайындап, предаккредитация соларды шақыртып солармен бірге дайындап, қандай кемшіліктер бар соны жою. Осыдан кейін аккредитациядан өттік”, – дейді Түркістан облыстық клиникалық аурухаасының бас дәрігері Марат Пәшімов.
Қазір елімізде медициналық қызмет сапасы мен науқас қауіпсіздігін арттыру жүйесін бақылайтын 200 сарапшы бар. Олар арнайы курстар оқып, емтихан тапсырады екен. Сондықтан, қазіргі көрсеткіштің көңіл көншітпейтіні айдан анық -дейді мамандар.