Елiмiзде ономастикалық және терминологиялық сайттар iске қосылды
Елiмiзде ономастикалық және терминологиялық сайттар iске қосылды
8 жыл бұрын 3411 BNews.kz Қ.Елтайқызы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша әзірленген «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайттарының тұсауы кесiлдi. 

«Портал мен сайттар халыққа, көпшiлiк бұқараға тiлдiк ахуалды, елiмiзде жинақталған тiлдiк қорды насихаттау, сонымен бiрге әдiстеме саласын мейлiнше жетiлдiрудi көздейдi. Елiмiздегi тiлдiк ахуалға интернет кеңiстiгiнде мониторинг жасауға мүмкiндiк туады. Бұл бұрын болмаған тұңғыш жоба. Сол себептi, мамандармен бiрлесе отырып, «Tilalemi.kz» порталын әмбебап портал есебiнде, ал қалған үшеуiн сайт түрiнде аштық. Бұлардың барлығында кез келген адам жеке парақшасын ашып, әлеуметтiк желiмен байланыстыра алады», - дедi Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамытудың республикалық үйлестiру - әдiстемелiк орталығының директоры Ербол Тiлешов.

Оның айтуынша, халықтың сұранысын қанағаттандыру үшiн кiтаптың тиражын емес, миллиондаған адам кiре алатын портал мен сайттар ашқан дұрыс. Олардың мобилдi нұсқалары да бар. Сол арқылы телефонға жүктеп алуға болады.

Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамыту орталығы директорының кеңесшiсi Оразгүл Асанғазы қазақ тiлi дамып, өркендеу үшiн ол электронды болу керек дейдi.

«Терминком басып шығарған 30 томдық кiтап аз данамен шыққан. Ендi электрондық нұсқада барлығын ұялы телефоның арқылы көре аласың. Көлікте, пойызда, ұшақта кетiп бара жатып терминге күмәндансаң, осы сайт дұрысын тауып береді. Егер терминдi аударған авторлармен келiспейтiн болсаң, өзiңнiң пiкiрiңдi жаза аласың. Кейiн терминком қарап, мүмкiн сiздiң пiкiрiңiздi өткiзетiн шығар. Осылайша, қазақтың терминiн бiр жүйеге келтiре аламыз», - дедi О.Асанғазы.

Мамандардың айтуынша, «Tilalemi.kz» порталының iске қосылуы мемлекеттiк тiлдi үйретудiң тиiмдi әдiстерiн таратуға, елiмiздегi орталықтардың жұмысын үйлестiруге, үш тұғырлы тiл саясатын оңтайлы жүргiзуге мүмкiндiк туғызады. Сондай-ақ, интернет кеңiстiгiнде қазақ тiлдi контенттiң көбеюiне, мемлекеттiк тiлдi қашықтықтан үйренушiлер қатарын өсіруге мүмкiндiк жасайды. Порталда мультфильмдер бар, алдағы уақытта жаңалықтар кирилл, латын, араб харпімен үш кестеде берiледi. Осылайша, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия мен Еуропада тұратын қазақтар порталдағы материалдармен таныса алады.

«Atau.kz» ономастикалық сайтына бiздiң елiмiздегi барлық 16 өңiрдiң аудандары мен көшелерiнiң атауы енгiзiлген. Мысалы бiзде Совет, Ленин, Октябрь деген көшелер бар, сол коммунистiк партияның кешегi көсемдерiнiң аты берілген көшелер де кездеседі. Оларды терсеңiз, бiзде соның есебi шығады. Бұл жұмыс iстеуге ыңғайлы. Сондай-ақ, бiзде кейбiр ағайындар бекiтiлмеген терминологияны пайданаланады. Мысалы болконды «қылтима» дейдi. Ондай термин бекiтiлмеген. Яғни, не бекiтiлдi, не бекiтiлмедi соны  «Termincom.kz» сайтынан бiлуге болады. Сайтта мемлекеттiк терминология комиссиясы бекiткен терминдер жазылатындықтан ол «Termincom.kz» деп аталды. Бiр жағынан, атауында Тiл комитетi деген сөз жасырынып тұр. Осы екi ұғымды үйлестiрiп, қысқартылған нұсқасын алдық», - дедi Ербол Тiлешов.

Е.Тiлешовтың айтуынша, «Emle.kz» орфографиялық сайтында сөздiң дұрыс жазылуы мен айтылуы көрсетiлген. Бұл сайттың журналистерге пайдасы мол болмақ.

Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бүгiнгi тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, тілші ғалымдар, сала мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарынның өкілдері қатысты. 

0 пікір
Мұрағат