Елімізде жаң қой тұқымы пайда болды
Елімізде жаң қой тұқымы пайда болды
3 жыл бұрын 2094 qaz.greenqazaqstan.kz Миранда Сағындық

ШҚО шаруалары арқар мен қойды будандастырып, жаңа мал тұқымын алды. Ғалымдар бұл жаңалыққа енді қызығушылық танытып отыр. Бұл жайында qaz.greenqazaqstan.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауылындағы шаруашылықтардың бірінде арқар мен қойды будандастыру арқылы жаңа мал тұқымы пайда болды деп хабарлады «Қазақстан» телеарнасы.

Оған әлі ат қойылып, ғылыми түрде расталмаған. Бірақ қазірдің өзінде қызығушылық білдірген ғалымдар, мұның тың жаңалық екендігін мойындап отыр.

Будандасудан пайда болған қошқардың жасы қазір төртте. Әдеттегі қойдан ерекшелігі өте көп. Етті. Суыққа төзімді. Әрі мұны қой сияқты қырқудың қажеті жоқ. Өзі түлеп кетеді.

Жаңа мал тұқымын Ислахат Бешімбаев табиғи будандастыру арқылы алған. Тарбағатай тауларының бауырында орналасқан Қонақбай өлкесі арқардың мекені. Өрістегі малды тау жануарлары жүретін жерге жақын бағу арқылы ұрықтандырған.

«Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір арқар қосылған. Мен бауырларыма айттым, «әй осының ішінде арқарға шыққан қой бар ғой деймін» деп. Бұлар күлді, ондай болмайды деп. Наурыздың ортасында бір қой туды. Одан қозылар шықты, құйрығы жоқ, тура арқар сияқты екі құлағы тікірейген», — дейді шаруа.

Аша тұяқты мал түрі, қойдан гөрі арқарға көбірек ұқсайды. Төлдері де өте ширақ. Қысы қатал өңірде қар үстінде қоздап, жүре береді. Қойға қарағанда етті. Көбіне егізден төлдегендіктен өсімтал көрінеді. 4 жылдан бері біртіндеп көбейіп келе жатқан жаңа тұқымының биылғы төлі 50-ге жетіп қалған.

«Қозылаған кезде 5-10 минуттың ішінде қозылары тұрып, еміп, енесінің қасында жүгіріп кетеді. Қарға да туа береді. Одан ел естіп, номерымызды тауып алып, хабарласып жатыр. Қазақстанның жан-жағынан қошқар сатып алушылар көбейді», — дейді шаруа Роллан Бешімбаев.

Ғалымдар да бұл ауыл шарушылығы ғылымы үшін тың жаңалық деп отыр. Бұрын елімізде арқарды қоймен будандастыру зертханада ғылыми әдіспен жүргізілген. Ал табиғи жағдайда ұрықтанып, осылайша көбеюі алғаш рет көрінеді. Енді мұны заңдастыру қажет-дейді мамандар.

«Заңдастыруға болады. Ешқандай бөгет жоқ. Бұл малдың санын көбейту керек. Сапасын жақсарту керек, бренд болатындай. Ерекше малға, қолайы стандарт болуы керек», — дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қабылғазы Сейітпан.

Жаңа түлікті әзірге иелері «Ислахат қойы» деп атап жүр. Асыл тұқымды мал ретінде тіркеуге ниетті. Санын көбейтіп өзге шаруашылықтарға таратуды көздейді.

 

0 пікір
Мұрағат