Елімізде белсіздікке ұшыраған ер-азаматтар қарасы қанша?
|
Әдетте ер адамдар қандай ауру түріне шалдықса да ауруханаға арнайы барып емделмейді. Осыған орай, отандық медицина орталықтарының бірі 25 мың ер адам қатысқан зерттеу жұмысын жүргізуді жөн көрген екен. “Ер адамдар орталығы” соңғы зерттеулерінің нәтижесін жариялады.
Бұл туралы stan.kz порталы “Елорда Инфо” басылымына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Зерттеуге қатысқан 25 мың ер адамның 30%-нан белсіздік, 44,2%-нан инфекциялық аурулар және 56,3%-нан эректильды дисфункция табылған. “Жоғарыдағы ауруларды алдын алу үшін тән тазалығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастырып, шылым мен ішімдіктен түбегейлі бас тарту қажет”, – дейді уролог маман Мырзакерім Алшынбаев.
Мұнымен қатар, ол соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанда белсіздікке ұшыраған ер адамдардың санының екі есе азайғанын айтып өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 16%-ы бала сүйе алмай жүр. Алшынбаевтың пікірінше, статистиканы өзгертуге өзі құрастырған “Ер адамның денсаулығы” бағдарламасы көмектескен.
“Ер адамдар өздеріне басқаша көзқарас таныта бастады. Әрбір облыс орталығында ерлердің денсаулығын тексеріп отыратын орталық бар. Сол орталықтарда бір жыл ішінде 200 мың науқас тексеруден өткен екен. Осы орайда, бір статистикалық мәліметті мысал ретінде келтіргім келіп отыр. Эректриальды дисфункцияға ер адамдардың 50-60%-ы шалдыққан болатын. Осы көрсеткіш, соңғы зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 19%-ы-ға дейін төмендеген”, – дейді маман.