Елімізде 200 мың адамның әлеуметтік төлемі өседі: Кімдерге жеңілдік жасалады
Елімізде 200 мың адамның әлеуметтік төлемі өседі: Кімдерге жеңілдік жасалады
5 жыл бұрын 2014

200 мың адамның әлеуметтік төлемі өседі.

Мәжілісте міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасын талқылау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 200 мыңнан астам қазақстандықтың әлеуметтік төлемі өсетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Заң жобасында мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін үш түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарастыру көзделеді. 

Біріншіден, еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылар үшін жүйеде қатысу өтінім коэффициентін қайта қарау ұсынылады. Бұл коэффициент үш әлеуметтік төлемді айқындау кезінде қолданылады. 

«Бүгінгі таңда 5 жыл және одан көп өтілі бара азаматтар үшін бір коэффициент қолданылып келеді. Осылайша жүйеге бес жылдан көп қатысқандарды ынталандыру тетігі қарастырылмаған. Жүйеге неғұрлым көп қатысуды ынталандыру үшін 5 жылдан артық қатысу өтілі бар азаматтарға әрбір еңбек еткен толық бір жылы үшін коэффициентті 2% арттыру ұсынылады», - деді министр.

Екіншіден, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне сәйкес анықтау ұсынылады.

«Бүгінде еңбек ету қабілетінен айырылудың орташа коэффициенті қолданылады. Мүгедектігі бар адамдардың нақты қажеттелігі есептелмейді. Мәселен, еңбек ету қабілеті 30-50% дейін болса – 0,3 коэффициент, 60-79% болса – 0,5, 80-100% болса – 0,7 коэффициент. Заң жобасында осы мәселені реттеу көзделген. Төлем 65% дейін берілсе, коэффициент – 0,65, 80% дейін болса, коэффициент – 0,8, 100% дейін берілсе коэффициент 1-ге теңестіріледі. Мысалы, орташа 100 мың теңге жалақы алатын 7 жылдық жұмыс өтілі бар азамат әлеуметтік аударымды төлесе, ол еңбек ету қабілетінен 65% айырылған жағдайда әлеуметтік төлем мөлшері қолданыстағы нормалар бойынша – 7988 тг, заң жобасындағы жаңа формулада – 31080 теңгені құрайды. Өсім – 35%. Бұл төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдарды төлеген адамдарға ғана беріледі», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 

Үшіншіден, заң жобасында асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін асырауындағылар санына сәйкес қолданылатын коэффциентті арттыру көзделген. 

«Асырауында бір адам болса, коэффициент 40-тан 50-ге, екі адам болса 50-ден 65-ке, үш адам болса 60-тан 80-ге, 4 және одан да көп адам болса 80-нен 100 пайызға арттыру ұсынылады. Жалпы алғанда әрбір коэффициент өсімі бұрынғы мөлшерден 25% көбейеді. Мысалы, орташа 100 мың теңге жалақы алатын 7 жылдық жұмыс өтілі бар азамат әлеуметтік аударымды төлесе, асырауындағы бір балаға әлеуметтік төлем мөлшері қолданыстағы формула бойынша – 18390 теңгені, ал заң жобасындағы жаңа формула бойынша 23907 теңгені құрайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы сомасын қосқанда жалпы төлем сомасы айына 49448 теңге шығады», - деді министр.

Төртіншіден, заң жобасында жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлерін қайта қарау ұсынылады. Төлемді анықтау барысында қолданылатын табысты алмастыру коэффициентін 30%-дан 40% арттыру көзделеді.

Екіншіден, Заң жобасында жұмысынан айырылу себебіне байланыссыз яғни еңбек өтіліне қарай төлем мерзімі жүйеге қатысу өтіліне байланысты 4-тен 6 айға дейін ұзарту ұсынылады. 

«Заң жобасын қолдау нәтижесінде үш әлеуметтік қатер – еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің өсуі шамамен 200 мыңнан астам адамды қамтиды. Төлем орта есеппен 30 пайызға көтеріледі. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысыу өтілі мен әлеуметтік төлемнің байланысы күшейеді. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді», - деді Сапарбаев.

 

0 пікір
Мұрағат