Электронды еңбек шарттарын енгізу жұмысқа орналасуды жеңілдетеді
Электронды еңбек шарттарын енгізу жұмысқа орналасуды жеңілдетеді
6 жыл бұрын 4389 Ақмарал Шағатай

Электронды еңбек шарттарын енгізу азаматтардың жұмысқа орналасу процесін оңтейландырады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Еңбек шарттарын цифрландыру аясында жұмысқа орналасу үшін қажетті барлық құжаттар электронды жүйе арқылы алынады. Яғни, диплом, №86 үлгідегі анықтама секілді құжаттарды жұмыс беруші жұмысқа орналасушының рұқсатымен электронды үкімет порталынан алады. Сондықтан, құжаттарды нотариуста куәландырудың, нотариус тарапынан көрсетілетін қандай да бір қызметтерге шығындалудың қажеттілігі туындамайды», - деді вице-министр.

Ведомство өкілі атап өткендей, аталған жоба азаматтардың жасанды құжаттар ұсынуына жол бермейді.

«Егер, азамат тарапынан қарайтын болсақ, онда жұмысқа орналасудың жеңілдетілуі бұл жобаның артықшылығы болып табылады. Яғни, қазіргі уақытта жұмысқа орналасу үшін жеке іс ашу үшін бірқатар құжаттар қажет болса, онда бұл жоба іске қосылған соң, азаматтың жеке куәлігі ғана жеткілікті болады. Ал жұмыс беруші үшін тиімділігі – жасанды құжаттардан аулақ болуында. Себебі, жұмысқа орналасушы туралы барлық ақпаратты электронды үкімет арқылы алатын болады», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, вице-министр азаматтар туралы жеке мәліметтердің құпиялылығына еш қауіп төнбейтінін айтты.

«Біздің министрліктің барлық жүйелері міндетті түрде мемлекеттік техникалық қызметпен ақпараттық қауіпсіздікке сәйкестік бойынша аттестаттаудан өтеді. Сол себепті, электронды еңбек шарттары аясында электронды форматқа енгізілетін азаматтар туралы барлық деректер мұндай ақпараттық қауіпсіздікке сәйкес болады», - деді Мұқышев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нариман Мұқышев электронды еңбек шарттарын қолданысқа енгізу жылына 16 млн парақ құжатты ұнемдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген болатын.

Электронды еңбек шарттарын қолданысқа енгізу жылына 16 млн парақ құжатты үнемдеуге мүмкіндік береді. 

«Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру аясында іске асырылып электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жобасының негізгі мақсаты халыққа көрсетілетін қызметткердің сапасын арттыру және азаматтардың жұмысқа орналасуының қолайлы болуы болып табылады. Біріншіден, электронды еңбек шарттарын енгізу жұмысшылар үшін жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді, жеке іс автоматты түрде жасалады, қағаздарды жинау қажеттілігі болмайды. Бұл формат жұмыс берушімен тікелей байланыспай, үйден шықпай жұмыс істейтін вахталық жұмысшылар үшін өте қолайлы болады. Екіншіден, бұл жұмыс берушілердің жұмысшылар алдындағы жауапкершілігін белгілеуге және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін жарналар мен аударымдар жүргізілетін мониторинг арқасында әлеуметтік қатерден қорғауға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Мұқышевтың айтуынша, электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі жұмыс берушіге жұмысшы туралы, оның білімі, жұмыс өтілі жайында толық және шынайы ақпарат алуына көмектеседі.

«Әрине, сәйкесінше жұмысшыларды іріктеу де сапалы жүргізіледі. Бұл мемлекетке жұмыс берушілермен қарым-қатынасқа мониторинг пен бақылау жүргізуге, сондай-ақ, азаматтардың кадрлық ағынын болжауға және оларды жұмысқа орналастыру бойынша алдын ала шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізу бизнеспен бірлесіп жүзеге асырылуда, жалпы сақтау орны министрлікпен әзірленсе, жұмыс берушілер үшін шешімдерді ІТ-компаниялар ұсынып отыр. Электронды форматқа ауыстырылған еңбек шарттары кадрлық есепті автоматтандыруға, қағаз түріндегі кітапшалар мен басқа да құжаттардың болмауына алып келеді. Нәтижесінде, біздің есебіміз бойынша, осы бағытты цифрландыру арқасында қысқаратын қағаз құжаттарының жалпы саны жылына 16 млн парақты құрайды», - деген ол электронды еңбек шарттарын реттеуді жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта министрлік сәйкес заңға өзгертулер ұсынып отыр.

0 пікір
Мұрағат