Бұдан бөлек, Елбасы терроризм қатерін жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлер мен дін жетекшілерінің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен БАҚ-тың ағартушылық бағытындағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды екенін атап өтеді. «Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік жүйені құруды, осы саладағы халықаралық құқықтық базаны жетілдіруді ұсындым. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға шақырдым. Бұл ретте түрлі конфессиялар, дін мен мәдениеттер, өркениеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністіктің маңызы айрықша. «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында сәтті өтіп жүрген саяси діни қайраткерлердің бірегей форматын дамытуға айрықша серпін береді. Бұл форумның Астанада өтуінің өзіндік мәні бар. Жүзден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан халқы әр алуандық арқылы бірлік қағидатын ұстанады. Бұл біздің халқымызға сан түрлі қиындықтарды еңсеру, әлеуметтік экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жету үшін күш-қуат береді. Бүгінгі басқосу мәдениеттер мен діндер сұхбаты тәжірибесін байыта түсетініне және Сіздердің тараптарыңыздан терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы діннің рөлін арттыруға тың идеялар ұсынылатынына сенімдімін», делінген Елбасы Үндеуінде.
Сонымен қатар, Президент форумға қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.