Ел жаңалықтары: Алтын тістер шекарадан өткен кезде қиындықтар туғызуы мүмкін
|
Атырауда қызылшаға қарсы екпеден кейін бірнеше адам ауруханаға түсті
«Ақ жайық» басылымының хабарлауынша қызылшаға қарсы екпеден кейін бірнеше адам ауруханаға түскен. Бұл жағдай ақпан айының 23-і күні белгілі болды. Оқушылардың ата-аналарының айтуынша, Үндістанда өндірілген қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін балалар түрлі симптомдар бойынша: естен тану, дем жетпеу, аяғын баса алмай қалу себептері бойынша облыстық ауруханаға түскен. Ресми мәліметке қарағанда 3012 адамға екпе жасалған. 285 адам екпе жасатудан бас тартқан. Сонымен қатар, «Лада» порталының хабарлауынша, мұндай жағдай Маңғыстау облысында да орын алған. 59 адам осындай себеппен, яғни, қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін дәрігерлерге шағымданып келген.
Моңғолия мұсылмандар одағының төрағасы Алматыға келді
Моңғолия мұсылмандар одағының төрағасы Батырбек қажы Қадысұлы Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында имамдармен кездесіп, осы жоғарғы оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Қадірменді қонақ кездесу барысында Моңғолия мұсылмандар одағының еңсерілген еңбектерін баяндап, дін мерейін үстем етудегі ілім алудың орны зор екендігіне тоқтады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Моңғолия мұсылмандар одағының жемісті ынтымақтастығының арқасында, осынау ілім ордасында ілім алған имамдар жемісті еңбек етіп жатқаны, болашақта да имамдар санын көбейтуді көздейтінін мәлімдеді. Институт директоры Кенжәлі Мырзабаевтың басқаруындағы институттың имамдарға барлық жағдайдың жасалғанын көріп, еңбегіне ризалығын білдірді.
Алтын тістер шекарадан өткен кезде қиындықтар туғызуы мүмкін
Аузына алтын тіс салдырған қазақстандықтар шекарадан өтер кезде бірқатар проблемалармен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі «Мегаполис» басылымына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Бұдан былай шекарадан құрамында алтыны бар зат алып өтуге уақытша болмайды. Бұл тыйым 2015 жылдың соңына дейін салынып отыр және одан кейін де мерзімі ұзартылуы мүмкін. Құрамында алтыны бар деген ұғымның мағынасы кең. Оның қатарына тек алтын шикізаты емес, алтын сынықтары, алтыннан жасалған заттар да жатады. Демек, шекарадан алып өтуге тыйым салынған заттар қатарына кәдімгі алтын тіс, әшекей бұйымдар да кіруі ғажап емес.
Елімізде республика бойынша туберкулездің алдын алу айлығы басталды
24 наурыз – дүниежүзілік туберкулезбен күресу күніне орайластырылған, туберкулездің алдын алу бойынша айлығы болып танылған. 2015 жылдың ақпан айының 24-нен бастап, наурыздың 23-не дейін Астана қаласында, бүкіл республика бойынша туберкулездің алдын алу айлығы өтеді. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
«Бұл айлық жыл сайын наурыздың 24 күні Дүниежүзілік туберкулезбен күресу күнін атап өту қарсаңында өткізіледі. Статистика деректеріне сүйенетін болсақ, жыл өткен сайын туберкулезбен ауыратындар қатары біртіндеп азаюда. Бұл шара адамдардың уақтылы алдын алушылық тексерулерден өтудің маңыздылығын түсінуін, әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады» делінген баспасөз хабарламасында.
Айлық аясында Астанада АМСК медицина қызметкерлері арасында туберкулезді ерте анықтау және диагностикалау семинар-тренингтері, Фтизиатрлар мен басқа да мамандардың қатысуымен емханаларда Ашық есік күндері өтетін болады. Сонысмен қатар отбасын құруды жоспарлау, босануға, жас ана болуға дайындау мен Денсаулық мектептерінде туберкулездің алдын алу сабақтары, кәсіпорындар басшылары үшін туберкулездің алдын алу және денсаулықты нығайту және сақтау бойынша семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, флюорографиялық тексеруден өткізудің семинар-тренингтердің өтетіні жоспарлануда.
Әлеуметтік желі көмегімен қылмыскер құрықталды
Жастарды интернетке тәуелді етті деп үлкен кісілер әлеуметтік желілерді жаппай айыптайды. «Уақытты зая кетіреді, денсаулыққа залалын тигізеді, жастарды Батыстың теріс әдеттеріне үйір қылады, ұлттық, әлеуметтік араздықтарды тудырады» деп олардың бірнеше зиянын тізіп беруге бар. Бірақ, әлеуметтік желілердің қоғам үшін пайдалы тұстарын да ескеруге тиіспіз. Маңғыстау облысындағы оқиғадан кейін халықтың желі атаулыға көзқарасы түзелер, бәлкім.
Маңғыстау облысы Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері «ВКонтакте» желісінен фотосы бойынша іздестірілуде жүрген сотталушыны тапты. Интернетте әйел есімі мен тегін өзгертіп, өзі жайлы ақпарат орналастырған екен. Өңірдің ҚАЖ департаменті пробация қызметінің бастығы Дәурен Иманғазиннің айтуынша, «Пробация» республикалық алдын алу шараларын жүргізу барысында Маңғыстау облысы пробация қызметінің қызметкерлері 2014 жылы жазда белгісіз бағытта бой тасалаған, ұрлық жасағаны үшін екі жыл шартты мерзімді өтеп жүрген әйелдің ізіне түсіпті. Күдіктінің Алматыдағы тұрғылықты жерін анықтауға да «ВКонтактенің» септігі тиген. «Жалпы алғанда бұл сирек кездесетін жағдай, алайда оның суретін әлеуметтік желіден таптық, жалған есіммен тіркелген қылмыскердің Алматыдағы тұратын мекен-жайын анықтауға да мүмкіндік туды. Ақтау қалалық соты тарапынан оған уақытша ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген», – дейді Д. Иманғазин. Әлеуметтік желі арқылы ұсталып қалармын деген ой әккі әйелдің ойына кіріп шықпаса керек. Әйтпесе «ВКонтактеге» өзі жайлы ақпарат жүктер кезде ойланар еді ғой.
«Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылады
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 27-ақпан күні «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылады. Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қарағанды облыстық әкімшілігінің көмегімен ҚР Ұлттық музейі мен Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи өлкетану музейлері ұйымдастыруда. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Ұлттық музейі «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі арқылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» атты жобаны ашады. Жоба аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи өлкетану музейлерінің мол қорларынан жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы музейлерінің қызықты, кең ауқымды көрмесіне 617 жәдігер ұсынылған.
Көрмеге б.з.д. VII-VI ғасырлармен межеленген Талды-2 қорымында (Қ. Аманжолов атындағы ауыл) жерленген сақ жауынгерінің салтанатты киімінің реконструкциясы, тас балбалдардың, ғұрыптық құрылымдардың, қалашықтардың фотосуреттері қойылған.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қызықты әрі танымдық экспозция қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихын ашады. Мұнда Қасым ханның, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің портреттері, ортағасырлық Шотқара және Басқамыр қалашықтарының, XII-XV ғасырлардағы «Хан ордасы» ескерткіші, Алаша ханның, Болған ананың суреттері және т.б. көрсетіледі.
Қарағанды облысының шығыс бөлігіндегі Қарқаралы тауының етегінде орналасқан, 1848 жылы пайда болған далалық өлкенің сауда орталығы атақты Қоянды жәрмеңкесі туралы бөлімге сол заманның тұрмыстық заттары ұсынылған. Бұлар - сүлгілер, майшайқағыш, қырыққабат кескіш, шөген, шойын үтік, самауыр, жүн мен зығыр түткіштер, мыс шәйнектер, құмғандар және т.б. Сәндік-қолданбалы өнер топтамасында зергерлік бұйымдар және құйма, шекіме және бедерлі әдістер қолданылып, қапталған метал пластиналармен әшекейленген ат әбзелдері ұсынылған.
Облыс республиканың ең ірі индустриалдық өңірі саналып, ал Қарағандыны «кеншілер қаласы» деп атайды. Көрмеде 30 жылдардағы кеншілердің каскасы, қолшамдары, кен балғасы, қайла және т.с. көрсетілген.
Сонымен қатар көрмеге Қарағанды облысымен оның аумағындағы мәдени, діни нысандар туралы және тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жайында толық ақпараттар қойылған.
«Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрме ашылады
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде алдағы 27 ақпан күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ хандары ту тіккен Түркістан» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді.
Бұл көрме – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына арналады. Халқымыздың ежелден іргелі ел болғандығы, ұшқан құстың қанаты талатын, жылқының тұяғы тозатын ұлан ғайыр даласы қазақтың жиырма бір ханына астана болған Түркістандай шаһары болғандығын төл тарихымызда алар орны мен рөлін айқындап көрсету көрменің басты мақсаты. Сондай-ақ, бұл көрме экспозициясында ел басқарған хандардың атқарған ерен еңбектерін, елінің еркіндігі, жерінің азаттығы жолында жасаған көзсіз ерлігін келешек ұрпақ бойына сіңіруді көздейді. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – бабалар аманаты екендігін паш ету.
Көрме экспозициясына қорық-музей қорындағы 150-ге жуық құнды жәдігерлер қойылады.
Көрмеде «Хандарға орда болған киелі мекен», «Түркістанға ту тіккен хандар», «Алашқа айбын болған хан Абылай», «Түркістан тағылымы» атты экпозициялар халық назарына ұсынылады.
Cондай-ақ, «Түркістандағы хан көтеру» тарихи-қойылымы көрсетіледі.
Айта өтейік, қорық-музей еліміздің Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тақырыптық көрмелер өткізіп келеді.
Аталған көрме 27 наурызға дейін жалғасады.
Биыл Индустрияландыру картасы аясында 70 жоба жүзеге асырылады
Биыл Индустрияландыру картасы аясында 7 мың адамға жұмыс орны бар 70 жоба жүзеге асырылмақ.
Құны 600 млрд теңгені құрайтын қомақты қаржы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталмақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингі барысында депутаттар мәлімдеді. Халық қалаулылары ҚР Үкіметі ҚР Парламенті Мәжілісіне «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң енгізгенін тілге тиек етті. Тараптар мұны геосаяси ахуалдың тұрақсыздығы мен шикізат құнының төмендеп кетуімен байланыстырды. Сондықтан депутаттар нені үнемдеп, неге көңіл бөлу керектігіне ерекше мән беруде.
Нұрғали Әшім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Нұрлы жол» бағдарламасына сай 2015-2017 жылдарға Ұлттық қордан 429 млрд теңге бөлініп отыр. Үкімет шұғыл жедел шаралар қолдану мақсатында 250 млрд теңге көлемінде резерв құру керек. 2015 жылға арналған бюджетті 10 пайызға немесе 700 млрд теңгеге қысқарту қажет. Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелер азайтылмайды.