Ел іші: Шолақсай ауылының наубайханасында күніне 400 бөлке нан пісіріледі (видео)
|
Еселі еңбек, тұрақты табыс, бай-қуатты тұрмыс. Қостанай облысындағы Шолақсай ауылында жыл он екі ай жұрт тынбай жұмыс істеп жатады. Ауқатты ауыл егін де егеді, мал да бағады. Аймақтағы ең арзан нан да осы елді мекенде. Салмағы 850 грамм болатын бөлкенің құны – небәрі 25 теңге. Жердің күтімі – жоғары өнімнің кепілі. Сосын техникаң сақадай сай болуы қажет. Егіншілікпен шұғылданғанына жарты ғасырдан асқан шолақсайлықтар бұған анық көз жеткізген. Мұнда жыл сайын техника паркі жаңарып отырады. Қуатты, компьютерленген жайлы да өнімді кешенді көліктің бірі Қайрат Ысқақовқа бұйырды. Қайрат Ысқақов, механизатор: - Трактордың іші жайлы. Салқындатқышы бар, магнитафоны бар, жұмыс істеуге жеңіл. Өнімділігі екі есе көп болады ғой, тұқым сепкіштері 12 метр. Шолақсай – табиғаты қуаң өңір. Өткен жылы мұнда 18 мың гектар алқаптан гектарына 8 центнерден өнім жиналды. Есесіне, астығы сапалы. Бидай жергілікті диірменде тартылып, одан ары ауыл наубайханасына жеткізіледі. Ал мұнда күніне 400 бөлке нан пісіріледі. Салмағы әдеттегі бөлкелерден артық болса да, бағасы төмен. Алена Шаймарданова, наубайхана меңгерушісі: - Әр бөлкенің салмағы – 850 грамм. Ұнымыздың қамырлылығы өте жоғары. Бар шикізат өзімізден, ешқандай қоспа қоспаймыз. Дәмі мен сапасы жөнінен біздің нанымызға жететін нан жоқ. Ауыл наубайханасының бөлкелері небәрі 25 теңгеден саудаланады. Нанның өзіндік құны 43 теңге болса да, шаруашылық бағаны он жылдан бері бірқалыпты ұстап отыр. Тұрғындардың өзге де қажеттілігіне тұрақты көмектесіп тұрады. Хабиболла Тоқанов, Шолақсай ауылының тұрғыны: - Ұнды өзіміз тартамыз. Өзіміз үгітеміз, өзіміз наубайханада пісіреміз. Сосын мұнда әкеп, 25 теңгеден сатамыз. Малымызды ұстаймыз. Арзан бағаға шөбімізді, көмірімізді, ағашымызды береді. 350 ауласы бар елді мекенде 200 адам серіктестікте тұрақты жұмыс істейді. Науқан кезінде еңбеккерлер саны екі есе артады. Тұрғындардың игілігі үшін биыл ауылдағы балабақша мен мәдениет үйіне жөндеу жасалмақ. Ауылда мал шаруашылығы да қатар дамып келеді.