ЕЛ ІШІ: ШАРУАЛАРДЫ ШЕГІРТКЕ ШЫҒЫНҒА БАТЫРУДА (ВИДЕО)
ЕЛ ІШІ: ШАРУАЛАРДЫ ШЕГІРТКЕ ШЫҒЫНҒА БАТЫРУДА (ВИДЕО)
8 жыл бұрын 5853

Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысының шаруаларын шегіртке шығынға батыруда, - деп хабарлайды “Qamshy.kz» ақпарат көзі «31» телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары шегірткеден шаш етектен шығынға батуда. Жайылымды жайпаған зиянкес енді егістікке ауыз салуда деп фермерлер дабыл қағып отыр. Маусым шықпай мал азығынан айырылған жұрт, бұл дер кезінде дәрі себілмегендіктен шыққан жәндік дейді.

Бұл жолындағысын жайпап, тікенге дейін тып - типыл еткен Жамбылдағы жағдай. Шабындық жердің шаңын шығарған шегіртке отыз күнде осы араны осылай опай-топайын шығарған.

ҚҰРМАНӘЛІ ӘМІРБАЕВ, Пионер ауылының тұрғыны:

- Мына қаптап жатқан шегірткені көріп тұрсыздар. Бұған енді дәрілеп жатыр, бірақ сол дәрілегені аздау болып жатыр. Ауылға бес он км ғана қалды шегірткенің жетпегеніне. Жетсе егістікті құртады біріншіден. Жоңышқалық бар ауыл маңында. Ел шөпсіз қалады.

Жамбыл ауданы Көделі жайылымында көбейген зиянкес жәндік мұндағыларды шошындырып отыр. Жолындағысын жайпап бара жатқан шегіртке иек астында тұрған егістікке жетсе, еңбегіміз еш кеткелі тұр дейді. Айтуларынша бір ай бұрын пайда болған зиянкес осында көбейіп, қанаттанып көшіп бара жатқан көрінеді.

БАҚЫТЖАН БАЙДОСОВ, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Олар енді сеуіп жатыр. Бірақ дозасы аз болып жатыр ма ұшып жатыр өліп жатқан жоқ. Бір күн жатады қайтіп тіріліп кетіп жатыр. Ауылға бес алты км қалды ғой. Бұл енді бидайға барады, мына жақты бітіргеннен кейін.

Алайда, мамандар елдің бұлай алаңдауы негізсіз дейді. Айтуларынша мароккалық шегіртке бес мың гектар алқапты жайлаған. Көбеюінің басты себебін биылғы ауа-райымен байланыстырады. Қазір қауіптің беті бері қарады дейді.

ЖӘНІБЕК КЕҢЕСБЕКОВ, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Жамбыл облыстық филиалының директоры:

- «Доклоприд», «Комбат» деген препараттармен дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Олардың әсер ету күші шамамен 90-92 деп айтуға болады. Бұлар қазір жерде қимылдап жүргенімен, белсенділігін жоғалтып отыр.

Мамандар дәрінің күші он шақты күнде әсер етеді дейді. Ал уланған шегіртке өзге ауданға көшеді деу негізсіз деп сендіреді. Айта кетейік Жамбыл облысында «Мароккалық», «Италялық прус» және «Азиялық шегіртке» кең тараған. Негізгі ошағы Қаратау бөктері. Мамандар сегіз мың гектар жерге шегіртке қаумалайды деп жоспарлағандарын айтады. Дегенмен дер кезінде дәріледік дейді. Дәрменсіз дегенге сенбейді.

Ал, Оңтүстік Қазақстандағы жағдай тіпті мүшкіл сыңайлы. Шардара ауданындағы дихандар шегіртке еңбегімізді еш етті деп шырылдайды. Онда жұрт қонған шегірткені қолдарымен ұшырып әлек. Жағдай ушықса биылғы бітік шыққан егістікке қуану ертерек деген ел, шегіртке салдарынан ауызға түскелі тұрған аста төк байлықтан айрыламыз ба деп алаңдаулы. Ал, әзірге Шардарадан ресми жауап жоқ.

0 пікір
Мұрағат