Ел іші: Қызмет көрсету саласында өзгеріс болады (видео)
|
Мемлекеттік органдар төрт жарым мыңдай қызмет түрін көрсетеді. Енді олардың кейбірі бәсекелестік орта, яғни, саладан хабары бар жеке ұйымдарға берілуі мүмкін. Бұл жайында Мәжілісте Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлімдеді. Бұл тақырып «Нұр Отан» партиясында да талқыланды. Арнайы жұмыс тобы осы бағытты зерттеуде. Жеке басқаруға берілетін қызметтерді анықтауда өзге елдердің тәжірибесі ескерілмек. Атап айтсақ, бірқатар ел ақпараттық-технология, заңдық кеңес және кеңсе тазалау сынды міндетті компанияларға тапсырған. Бұл жүйені енгізбес бұрын, жұмыс сапасы мен қызмет құны пысықталмақ. Серік Құсайынов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: - Сапасы қандай болады, бағасы қалай болады? Ең өзекті мәселе осы. Ол мемлекетке де маңызды болып тұр. Сапасы төмендесе, ондай функция берілмейді. Егер бағасы қымбат болса, онда тағы қарастырылады.
Қазақстанның импортқа тәуелділігі азайып келеді (видео)
Қазақстан өз нарығын ірі қара етімен 100 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Гүлмира Исаева мәлімдеді. Дегенмен, кейбір азық-түлік өнімдеріне келгенде импортқа деген тәуелділігімізден әлі де болса, арыла алмай келеміз. Әзірге дастарқандағы кей азық-түлік қана өзімізден дей аламыз. Өкінішке қарай, қалғанын сырттан аламыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәлімет бойынша өткен жылдармен салыстырғанда импорт азайған. Бірақ, үлесін арттыратын тауар аз емес. Мәселен, сырттан келетін тағам көлемі: алма – 51,9 %, құс еті – 54 %-ке жуық, шұжық – 45, сары май – 35, ірімшік пен сүзбе – 42%-ға жуық, қант – 38, балық еті – 81% (шамасында). Әрине, бұл өнімдердің барлығы өзімізде шығарылады. Тек нарықты толтыратындай көлемде емес. Оған қоса, шетелдік азық-түліктің бағасы мен сапасы да кейде жоғары. Сондықтан, сұраныс та бар. Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары: - Шетелден келіп жатқан тауарлардың дені табиғи емес. Сондықтан, бағасы да арзан. Олар нарықта орнығып, біздің өнімдердің құнына әсер етуде. Таза азық-түліктен бәсекеге төтеп бере алмай сөрелерден жоғалып жатыр. Кейде мұхит асып, бұзылмай келетін көкөністерге қарағанда табиғи таза өз өніміміз әлдеқайда жақсы дейміз. Мынау картоп өсіретін ең ірі шаруашылықтардың бірі. Қазір мұнда жұмыс қауырт. Көктемгі науқанды жылдағыдан ерте бастаған шаруа иесі: «Жаздың соңына дейін өнімді ысырапсыз жинап алсам», – дейді. Өйткені, картопты күзге дейін өткізу керек. Бұл кезде Қырғыздың арзан өнімі келе бастайды. Айыр қалпақты ағайынның картобы арзан болғанымен, дәмсіз. «Сондықтан, бұл бәсекелестікте тек сапалы тауармен ғана ұтамыз», – дейді шаруа. Ал Батыс Қазақстандағы шаруалар өңірді ет, ұн және көкөніспен толық қамтып отыр. Жергілікті диірмендер қажетінен үш есе артық ұн дайындайды. Сүт те жеткілікті. Тек сүт өнімдерін көрші елдерден тасуға мәжбүр. Себебі, оларды өндіруге кәсіпорындарға салынатын тариф жоғары, қаптау материалдары қымбат. Тиісінше тауардың құны қымбаттайды. Темірлан Темірәлиев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: - Өңірге қажетті 33 өнім түрінің 24-ін өзімізден шығарып отырмыз. Сырттан тек бізде шығарылмайтын шай, қант, дәнді-дақыл өнімдерін алып отырмыз. Өз-өзін қамтамасыз етуге тырысып отырған өңірдің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы. Мұнда да ет, сүт өнімдері халыққа жетіп отыр. Әйтсе де шаруа қожалық иесі Дилшат Сыдықовтың айтуынша, тауар көлемін бұдан да көбейтуге болады. Тек банктен қажетті несие алу жағы қиындық туғызып отыр. Талап көп. Шаруаларға қолжетімді несие беру мәселесінің не үшін қиындағанын сұрау үшін біз «ҚазАгро» компаниясына хабарластық. Бірақ, өкінішке қарай, холдингте біздің сұрақтарымызға жауап беретін бірде-бір маман табылмады. Осы ретте айта кетері, Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамыту үшін жобаларды қабылдайды. Ал қаражатты «ҚазАгро» компаниясы үлестіреді. Қазақстандық өнім демекші. СҚО-да жыл басынан бері 53 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған. Сондай-ақ, 28,2 млрд теңгенің ауылшаруашылық тауарлары өндірілген.
Жомарт жерді идіре білген шаруаның еңбегі зор (видео)
Қызылорда облысының аумағы 24 миллион гектардан асады. Оның 2,4 миллион гектары - ауыл шаруашылығы жері. Аймақта бос жатқан егіндік жоқ. Сыр шаруалары шөлейтті жерлерді де жасыл желекпен көмкеруде. Солардың бірі: – Мұрат Нұрсейітов сары құмның ортасынан бау-бақша жайқалтты. Жердің бабын білсең, тілдей жерден жылдық өмір аларсың. Кезінде тікенек те тамырламаған тастай телім қазір жүзім, алма, өрік сынды түрлі жемістерге малынып тұр. «Жерге еткен жақсылық жерде қалмас», – дейді қожалықтың иесі Мұрат Нұрсейітов. Мұрат Нұрсейітов, шаруа қожалық жетекшісі: - Баста 30 га жерді жалға алып бастағанбыз. Әрекет қылып, 13 га жерді сатып алдық аукционнан. 4-5 жылдан кейін тағы аукционға қатысып, 15 га алдық. Тағы да 30 га жер бұйырды. Оған алма ектік. Бер жағында жүзімдік бар. Сонымен 57 га болды. Барлық терімізді, бейнетімізді осыған салып жатырмыз. Бұл жерге қызмет қылсаң, жер қайтарады. Мұхамед Сембиев, бағбан: - Жер асырайды, өнімін береді. Мына жағында 14 га, мына жерде 4 га жүзімдік, алма егіп, бақ еттік. Жемісін жейміз бе деп отырмыз. Шаруасын 2 сиырдан бастаған қызылордалық Мұрат Нұрсейітовтің меншігінде қазір 200-дей мүйізді ірі қара, 100 шақты жылқы мен ұсақ мал бар. Мал азығын шаруашылық еншісіндегі 77 гектар жайылымнан орып жинайды. Іскер жан су арналарының көзін тауып, жасанды көл жасап қойған. Онда 5 түрлі балық өсіріледі. Енді құс шаруашылығымен да айналысу жоспары іске асырылмақ. Мұрат Нұрсейітов, шаруа қожалық жетекшісі: - Үйрек, қаз, тауық өсіреміз. Солардың өнімін аламыз. Енді көбейтіп қолданысқа береміз деген ниетіміз бар. Нұрлан Жақыпбеков, тілші: - Бүгінде шаруашылықта 30 шақты адам тер төгеді. Құс фермасы мен балық тоғанына тағы сол шамада жұмысшы алынбақ. Жомарт жерді идіре білген шаруаның еңбекқорлығы арқасында тіршілік жүйелі үндесіп келеді.
СҚО-дағы серіктестік 700 адамды жұмыспен қамтып отыр (видео)
Жер – таусылмайтын қазына. Бұл солтүстік қазақстандық фермер Геннадий Зенченконың ұстанымы. Ризық несібесін туған топырағынан терген ол ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгінде Новоникольск үлгілі елді мекен ретінде белгілі. Мұнда адам жанына керектінің бәрі бар. Әйтсе де тұрғындар нанның еңбекпен келетінін ұмытпайды. Айдарбек Айтмұхамбетұлы (Twitter@91Aidarbek), «24 KZ» арнасының тілшісі: - Владимир Курикша мал шаруашылығының майталман маманы. Ауыл еңбеккері осы саланы көтеру үшін Новоникольск ауылына арнайы көшіп келген. Бүгінде оның сиырлары күніне 20 литрден кем сүт бермейді. Владимир Курикша, №2 мал кешенінің меңгерушісі: - Мал шаруашылығының арқасында адамдар жыл бойы жұмыс істейді. Табысы да тұрақты. Біздің сауыншылар мен малшылар 80-90 мың теңге алады. Осылайша, олар отбасыларын асырап отыр. Айдарбек Айтмұхамбетұлы (Twitter@91Aidarbek), «24 KZ» арнасының тілшісі: - Бұл – Солтүстік Қазақстан облысының қанатын кеңге жайған шаруашылығы. Бүгінде мұнда 7400 голштин мен симментал сиыры бар. Серіктестік күніне 45 тонна ақ сауып, оны өз зауытында өңдейді. Сүт өнімдері Астана, Петропавл және Ресейдің Қорған қалаларында сатылады. Клара Өтелбаева, Петропавл қаласының тұрғыны: - Сүтін аламыз, ірімшік, айран. Барлық өнім сондай сапалы. Отбасымыз өте ұнатып ішеді. Дәмі де, табиғилығы да, өзінің сондай сапалылығы дабізге ұнайды. Шаруашылық тапқан табысын Новоникольск ауылының гүлденуіне жұмсайды. Серіктестік директоры Геннадий Зенченконың өзі осы елдің азаматы. Бүгінде ол 700 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Осының барлығы туған жердің несібесі», - дейді фермер. Геннадий Зенченко, серіктестік директоры: - Жердің игілігін көру үшін оны күтіп-баптау керек. Бұл жай ғана егін егу емес. Сондықтан, тың әдіс-тәсілдерді пайдаланып, топырақтың құнарлығынын арттырып жатырмыз. Соның арқасында мол өнімге қол жеткіздік. Жергілікті жұрт жердің де, желдің де иглігін көріп отыр. Елді мекенде 4 жел генераторы айналып, баламалы қуат көзін таратады. Шаруашылық жыл сайын жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етеді. Өткен жылы ауылда 9 отбасы қоныс тойын тойласа, биыл тағы 12 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Новоникольск ауылында су, жол мәселелері түбегейлі шешілген. Үйлер орталық жылуға қосылған. Тұрғындарға аурухана, балабақша, мәдениет үйі үздіксіз қызмет етеді. Мың бұралған бишілер кезекті концерттеріне дайындалып жатыр. Өнер ұжымы байқауларға қатысып, ауыл атын асқақтатып жүр. Оқушы ұл-қыздар бос уақыттарында түрлі үйірмелерге қатысады. Полина Хадыкова, «Зажигалка» би тобының мүшесі: - Маған ауылым ұнайды. Болашақта осында тұрып, туған елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мамыражай мамырда қарбалас қайнап, құрылыс қарқын алды. Ауылда спорт сарайы салынып жатыр. Бұл шаруашылықтың тұрғындарға деген тағы бір тартуы.
Бөрліліктер қолындағы малды асылдандырудың тың жолын тапты (видео)
Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданындағы Бөрлі ауылының тұрғындары сол үшін елімізде алғаш болып тұтынушылар кооперативін құрған. Жиырма шақты отбасы бірігіп, жеке табынға асылтұқымды бұқа алғызған. Бөрлі ауылының тұрғыны Аңсаған Сутеевтің 22 бас ірі қарасы бар. Қорасынан өрген малдың саны көп болғанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Осы жағын ойлаған Аңсаған ауылдастарымен ақылдаса келе, бірнеше отбасы қосылып, тұтынушылар кооперативін құруға бел байлаған. Сосын жақын маңдағы серіктестікпен келісімге отырып, Абердин-Ангус бұқасын жеке табынға әкеліп қосады. Биыл соның алғашқы төлдерін алып отыр. Аңсаған Сүтеев, Бөрлі ауылының тұрғыны: - Біздің кішкентай бұзауларға қарағанда, бір жарым-екі есеге бойы да, салмағы да көп. Мемлекет субсидия төлеп жатыр. Әр сиырға 18 мыңнан төлейді. Сосын бұқаларды площадкаға тапсырғанда, 24 мыңнан төлейді. Қарабалық ауданында бес ай бұрын 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы ашылған. Жеке тұрғындар өсірген малдарын осында әкеліп тапсырады. Әрине, оның өзіндік шарт-талаптары бар. Мысалы, қабылданатын малдың салмағы 200 келіден кем болмауы шарт. Мағауия Қалиев, тілші: - 12 айлық тайыншылардың қазіргі салмағы 200-250 келі шамасында болса, осы бордақылау алаңында 4-5 ай семіртілгеннен кейін олардың салмағы 400-500 келіге дейін тартатын болады. Ашылғаннан бергі аралықта осы бордақылау алаңына 600 бас мал қабылданған. Соның 150-і жақында Ресейге сатылыпты. Етті малға сұраныс жоғары, сондықтан бордақылау алаңын әлі де кеңейте түспек ойлары бар. Нұрболат Құтқожаев, шаруашылық басшысы: - Біз 3 мың басқа тоқтап қалып жатқан жоқпыз. Қазірдің өзінде бордақылау алаңын ұлғайту шаралары жүріп жатыр. Қазір проект документация жасалып жатыр. Бордақылау алаңын 6 мыңға жеткіземіз бе деген ойымыз бар. Биылдың өзінде жылдың аяғына дейін жоспар бар. «Бөрліліктердің тәжірибесі басқаларға үлгі болса игі», – дейді мамандар. Олар жекенің қолындағы малды асылдандырудың бұл ең тиімді жолы деп біледі.