Ел іші: Жер жәннаты - Жетісуда туризм саласы дамып келеді (видео)
Ел іші: Жер жәннаты - Жетісуда туризм саласы дамып келеді (видео)
8 жыл бұрын 3208 khabar.kz 24.kz theqoo.net Н.Мергенбай, Р.Байкенже, Қ.Жүнісбеков, Е.Әбіш, Н.Бекмұратов, Ә.Рахманұлы, Н.Мұсатов, А.Байменшина, Б.Молдағалиев

Өңір табиғатының сұлулығын тамашалап, жаз айларында Балқаш пен Алакөлді, Қапшағай су қоймасы мен демалыс аймақтарын жағалайтын жандардың қатары жыл сайын 20 пайызға артуда.  Биыл да осы деңгей сақталады. Бұл туралы Алматы облыстық Туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева журналистермен өткен брифингте айтты.  Аймақта жазғы туризмді ұйымдастыру үшін қажетті инфрақұрылымдар жасалуда. Қонақүйлер, шипажайлар, демалыс аймақтары мен аңшылық үйлері сияқты нысандар бар.  Былтыр 26 туризм нысаны қолданысқа берілді. Алакөл өңіріндегі бірқатар жол телімдері бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Облыс орталығын Алматы және Астана қалаларымен байланыстыратын әуе қатынасы ашылды. Ал Үшарал қаласында әуежай салынып жатыр. «Бұл туризмнің дамуына серпін береді», – дейді мамандар.  «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтар үшін қазірден бастап 18 туристік бағыт әзірленуде. Бұлар 5 ұлттық табиғи парктің аумағын қамтиды. Жанар Алшымбаева, облыстық Туризм басқармасының басшысы: - Осыдан 5 жыл бұрын біздің облыс аумағында 200-250 шамамен туристік нысан болса, қазір 600-ге жуық туристік нысан ашылды. Жыл сайын олардың саны көбейіп жатыр. Яғни, қазіргі таңда кәсіпкерлер, жалпы бизнес саласы осы туристік саланың тиімділігін көріп, өз инвестицияларын салуда.

Жамбылдық шаруалар мал азығын дайындауда заманауи технологияларды қолдануда (видео)

Биылғы көктем жамбылдық шаруаларға қолайлы болды. Жаңбыр көп жауып, шөп жақсы шықты. Одан бөлек, қазір төрт түлікке жем-шөп дайындауда олар заманауи технологиялар көмегіне жүгінуде. Бүгінде шаруашылықта аса қауырт шақ. Мал азығын дайындау қызу жүруде.  Бұл – бірінші орым. Егор Кох дәл осы аумақтан биыл тағы екі рет шөп орып алуды көздеп отыр.  Мынадай 5 заманауи құрылғының арқасында ол енді қуаншылық болады деп қорықпайды. Егор Кох, серіктестік төрағасы:  - «Бизнестің жол картасы» бойынша бізге мемлекет су тартып берді. Электр энергиясы, су соратын станса да бағдарлама арқылы іске асты. Әрине, мемлекет көмегінсіз бізге қиын болар еді. Былтыр 382 миллион бөлінді. Оны игердік. Қазір дайынбыз, құрылғылар осы көктемде келді. Шаруа: «Бұл технологиясыз қолындағы 1600 бас ірі қараға азық табу қиынға соғатын», – дейді. Оның малды семіртіп, сүт пен етті молынан аламын деген ойы соңғы үш жылда ауа райының қолайсыздығынан арман болып келген.  Негізі бұл шаруашылық өз жұмысын осыдан 20 жыл бұрын, бар болғаны 17 сиырдан бастап еді. Сосын 200 қазақтың ақбас сиырын алып, бұл күндері мал санын бірнеше есе арттырған.    Егор Кох, серіктестік төрағасы:  - Қазір сүтімізді қажетінше алып отырмыз. Әрине, малды семіртіп, аналықтарды көбейтіп жатырмыз. Осыған дейін мал азығы уайым болатын. Енді бұйыртса, оны ойламайтын шығармыз. Қазір оның 4 мың гектар жері бар. Барлығында мал азығы дайындалады. Шаруаның арманы – малды 5 мың басқа жеткізу. Жаңа құрылғының арқасында бұл ойды жүзеге асыруға болады. Шайхы Режепов, серіктестік қызметкері:  - Жүгері егіп қойдық, 200 гектар. Ол суармалы, 8 мың тонна жүгері аламын деп отыр. Ұраға басып, тұздап. Сенаждан да 2-3 тонна басамын. Қалғанын шөп қылып аламын. Шөп мол болады, Құдай қаласа. Тыңбай еңбек еткеннің арқасында бұл шаруашылық бүгінде толығымен өз-өзін қамтып отыр. Жем-шөбін орып, малын семіртіп, сойып, етін өңдейді, сүтін сатады. Жылына 2 жарым мың тонна сүт алып, 400 тонна еттен түрлі өнім шығарады.     

Ерлі-зайыптылар ұстаздықпен қатар диқаншылықты жетік меңгерген (видео)

ОҚО Мақтарал ауданында тұратын Сейдехановтар әулеті елге еңбекқорлығымен танылған. Ерлі-зайыпты Оралбай мен Гүлбахира 25 жылдан бері мектепте бірі информатикадан, екіншісі математика пәнінен дәріс береді. Білікті ұстаздар сабақтан кейін бос уақыттарында қосымша диқаншылықпен айналысады. Алақандай жерлеріне қажетті дақылдарын егеді. Тіпті, ауыл адамдарын да жұмысқа тартып отыр. Өз қолымен отырғызған көшеттен алғашқы өнім жинап жүрген Гүлбахира апай еңбектің қадірін жақсы біледі. Өйткені, өзі де жастайынан жұмысқа етене араласып өскен. Алты перзентін де әрдайым еңбекке баулып отырады. Математика пәнінің мұғалімі сабақтан кейін алқапқа келіп, жарына жәрдемдеседі. Арасында үй тірлігіне де үлгереді. Гүлбахира Жайдақбаева, Мақтарал ауданының тұрғыны: - Жер тек қана еңбек етіп, қарап, баптаған адамға ғана өнімін береді. Жерді баптай білсең, жылына 2 рет өнім алуға болады. Міне, биыл көктем келе салысымен қияр ектік. Қазір өнім беріп жатыр. Отбасының ұйтқысы болып отырған Оралбай Сейдеханов мектепте информатика пәнінен дәріс береді. Кейде сол мамандығының да пайдасы бар. Өйткені, жерді күтіп-баптау мен қажетті тыңайтқыштарды таңдауда интернет көмегін пайдаланады екен. Ол технологияны дұрыс сақтасаң, мол өнім алуға болады деп отыр.  Оралбай Сейдеханов, Мақтарал ауданының тұрғыны: - Жер адамға нәрін, барын береді. Бірақ, оған көп тер төгіп, қиындығына мойымай, еңбектену керек, деп ойлаймын. Ұлтарақтай жердің қадірін ұғынып өскен жан, тіпті, кейбір жылдары мүлдем егін шықпай, шығынға белшеден батып қалған кездері болғанын айтады. Сонда да өзінің бойындағы жерге деген сүйіспеншілігі мен әкеден көрген өнегесі алға қарай жетелей берген. Бүгінде азғантай жерден тонналап өнім алады. Тіпті, 20 шақты ауыл адамында еңбекке тартып отыр. Өздері мектепке кеткенде бақшадағы жұмысты сол ауылдастары атқарады. Жердің қадірін жақсы білетін Сейдехановтар әулеті осылайша уақытты үнемдеп, тиімді еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, 25 жылдан бері ұстаздық пен диқаншылықты ұштастырып отырған қос ұстаз қиналғанда бір-біріне әрдайым демеу болып жүреді. Ең бастысы, еңбекке жатырқап қарамай, білек сыбана кіріскенде ғана оның зейнетін көруге болады.

Суармалы алқаптар қайта айналымға енеді (видео)

Күнгейде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Алқаптарға ағын су жеткізу мәселесі де кешенді шешіледі. Осы мақсатта арық-атыз тазаланып, каналдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында биыл бұрындары айналымнан шығып қалған бір жарым мың гектар суармалы алқап қайта айналымға енгізілетін болады. Оған өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудың бес бағытының бірі ретінде басымдық беріліп отыр.  Ал 30 мың гектар жерге ағын су молынан жеткізілмек.  Сөйтіп, облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін әлеуеті бүгінгіден әлдеқайда артпақшы. Сол үшін арық-атыздар тазаланып, каналдарды күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Осыдан жиырма жылдай бұрын Жақсылық Дүйсебеков басқаратын өндірістік кооперативке қарасты мына алқап жайқалған алма бау болған. Түрлі көкөніс өсірген екен. Арық ұйыққа толып, каналдан күй кеткен соң ағын су келмей, мал жайылатын жерге айналды. Биыл ретке келтірілген каналдың бойымен су қайта ағатын болады. Жақсылық Дүйсебеков, өндірістік кооперативтің төрағасы: - Кемінде 500 адам жұмыс істейді. Қанша отбасы күнкөреді. Біз өнім аламыз бұл жерден. Біздің ауыл көкөніске қатты бет бұрған. Көкөніс егеміз, алма бау егеміз. Салыққа қанша пайда түсіреміз. Мердігер компания жұмысты мейлінше жылдам әрі сапалы жүргізіп жатыр екен. Осындағы диқандар өтініш жасапты. Бұрын қос қапталы бетондалмаған каналмен ағатын судың жартысына жуығы жерге сіңіп, шығын болады екен. Еркебұлан Байғамбетов, мердігер компания өкілі: - Бетондап болғаннан кейін су жоғалу пайызы 10 пайыз болады. Жету жылдамдығы жер алқаптың басына дейін 1 күн кететін болса, бетондалғаннан соң 5-6 сағатта жетеді. Облыста биыл 103,5 шақырым канал күрделі жөнделіп, 428 шақырымы ағымдағы жөндеуден өтеді.  8 аудандағы суармалы алқап қайта айналымға енгізіліп, көп жерге ағын су молынан жететін болады.  Тек Сарыағаш ауданына биыл каналдарды ретке келтіру үшін 1 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Берік Жәкібаев, «Қазсушар» РМК Сарыағаш аудандық филиалының директоры: - 195 шақырым каналды ағымдағы жөндеуден өткізіп, 16 шақырым каналды күрделі жөндеуден өткіземіз. Жалпы осы мақсаттан соң 600 гектар суармалы жер жаңадан қосылатын болса, 12 мың гектар жерге су жеткізу қабілеті артады. Экономикасында ауыл шаруашылығына басымдық беретін Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы жерден алатын өнімінің үлесі артады. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің артқанын көрсетеді.

Ақтөбе облысындағы наубайханада күніне 3 мыңға жуық нан пісіріледі (видео)

Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауылында ауыл шаруашылығы кластерін құрып, өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп отырған серіктестік бар. Біраз жылдан бері егін салумен айналысатын шаруашылық дәнді-дақылдарды өздері өңдей бастады. Бірінші сұрыпты ұн дайындап, одан нан пісіретін наубайхана ашты. Шаруашылықта жергілікті 50 адам еңбек етеді. Бірі ала жаздай егіс алқабында жүрсе, енді бірі диірменде ұн шығарады. Әйелдер жағы наубайханада ыстық нан пісіреді. Өткен жылы әр гектардан 5-6 центнерден өнім алған. Қамбаға құйылған алтын дән әлі таусылмаған. Күнделікті шетінен алып, ұн жасайды. Жер емген шаруалар әр гектарды тиімді пайдалануға тырысады. Шынар Ульянова, серіктестік басшысының орынбасары: - Менің ойымша, жерді күтіп-баптап, тиімді пайдалана білу керек. Бос жатқан жерлерді игеріп, өңдеп отырған дұрыс. Гербецидпен өңдегеннің арқасында біз сапалы өнім алып отырмыз. Құрғақшылық болған кездері де өнім алдық. 2008 жылы серіктестік ауылда қараусыз қалған диірменді сатып алып, жанынан наубайхана ашады. Наубайхана күніне 3 мыңға жуық нан пісіріп, ауылдағы барлық дүкендерді қамтамасыз етіп отыр. Орынай Сағындықова наубайшы болып еңбек етеді. «Ауыл халқының алғысын алып отырмыз», - дейді. Облыс бойынша ең арзан нан осы Қобдада. Бір бөлкенің бағасы – 50 теңге. Орынай Сағындықова, наубайшы: - Қобда бойынша біздің нанға сұраныс бар, ең арзаны, көп алады. Мақтауға лайық деп жатады, халыққа ұнайды. Жалақы уақытында, айдың 10-ына дейін алып боламыз. Отбасымызды асырап отырмыз. Ірі серіктестік әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпайды. Егіс алқабында еңбек ететін жұмысшыларға мал азығы тегін беріледі. Өзгелерге жем-шөп пен ұн жеңілдетілген бағамен сатылады. Ауылда дүкен, дәмхана ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Жалпы, Қобда ауданында 300-ден астам шаруа қожалығы бар. 30-ға жуық ірі серіктестік тіркелген. Осы ауылдан шыққан кәсіпкер осыдан 3 жыл бұрын аудан орталығына балабақша салып берді.

 

0 пікір
Мұрағат