Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министр Әлихан Смайылов діни қызмет саласындағы заңнамаға қандай өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзектілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету; діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурстар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және тағы басқаларын жетілдіру бойынша жұмыс атқаруда», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, аталған түзетулерді талқылау және келісілген шешім әзірлеу мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен, теологтармен, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп жатыр.
Дін саласындағы мемлекет саясатын дамытудың 5 жылдық тұжырымдасы әзірленуде
Дін саласындағы мемлекет саясатын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.
«Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – Кешенді жоспар) жүзеге асуда. Ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіру, экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қосымша шаралар кешенін әзірлеу, жеке тұлғаны, қоғамды және мемлекетті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремистік көріністерден және терроризм қатерлерінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. Туризм және спорт министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Бас прокуратурамен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, спорт саласында деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу жөніндегі Жол картасының жобасын әзірледі», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, қазіргі заманғы сын-қатерлерді назарға ала отырып, Үкімет деңгейінде жүйелі шараларды талқылау және әзірлеу мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы басшылығымен, сондай-ақ белгілі теологтармен және өңірлік сарапшылар тобымен кездесулер өткізілді. Онда ағымдағы діни ахуал, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.
«Кездесулер және айтылған ұсыныстардың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде», - деді Әлихан Смайылов.
Діни бірлестік құру үшін неше адамның бастамасы керек – Министр жауап берді
Мәжіліс депутаттарына Қазақстан заңдарына қоғамдық бірлестіктер бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева діни бірлестік құру үшін неше адамның бастамасы керектігін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қоғамдық бірлестік құру үшін 3 адамның бастамасы жеткілікті болатынын айтып отырсыз. Сіз ұсынып отырған өзгерістер мен толықтырулардың мүмкіндігін пайдаланып, діни радикалды топтар өздерінің қоғамдық бірлестіктерін құруға кірісетіні айдан анық. Өздері құруы мүмкін, біреулердің атынан ашуы мүмкін. Осыны реттеудің қандай мүмкіндіктері бар?», - деп сұрады депутат Ермұрат Бапи.
Министрдің сөзінше, олай уайымдауға негіз жоқ.
«Діни бірлестіктерді құру, тіркеу бұл заң жобасының тетігіне кірмейді. Олардың арнайы заңдары бар – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң. Осы заңда діни бірлестіктерді құру үшін жергілікті орында 50 адам, республика деңгейінде 5 мың адам ниет еткенде ғана тіркеледі. Ал осы заң жобасына бұл тетіктер кірмейді. Сондықтан ондай қауіп-қатер жоқ. Уайымдамауға болады», - деді Аида Балаева.