«Библия» ауылда жүр
«Библия» ауылда жүр
6 жыл бұрын 4012 jasqazaq.kz Жолдасбек Дуанабай

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қырбалтабай ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатқа «Қазақ-герман-американдық библия миссиясы» қоғамдық бірлестігі ұзақ жылдан бері демеушілік жасап келеді. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, білім ордасына қажетті құрал-жабдық алып беріп, интернаттың жыртығын жамауға септігін тигізуде. Жаңа жыл алдында қоғамдық бірлестік мектеп-интернаттағы 120 балаға сыйлық үлестіріпті. Бір қараған кісіге жылтыраған қорап әдемі әсер қалдырады. Ішінде бір шұлық пен «Библия» кітабы бар қалташаны балалар үйіне қуана алып кеткен. Әрине, «Библияны» оқуға ұл-қыздардың әзірше өресі жетпейтін болар, бірақ қосымша берілген түрлі-түсті суретті кітапшаларды оқитыны анық. Осы оқиғаның куәсі болған «Гүлстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Гөзел Құлжабаева құзырлы орындардың жауапсыздығы қазақ балаларының «Библиямен» танысуына түрткі болды деп есептейді.

–Демеушілікті сылтау етіп «Библияны» таратуға бола ма? Облыстық, аудандық әкімдіктердің басқарма басшылары да болған оқиға төңірегінде нақты ештеңе айтпайды. Осындай кітапты былтыр да таратыпты. Сондықтан мәселенің мән-жайын білу үшін мектепке арнайы бардым. Балалармен гүл өсіру туралы әңгімелесіп, кітапшалар сыйладым. Бұған дейін қандай кітап сыйлыққа алғандарын сұрадым. Олар «Библия» деп шу ете қалды. Балалардың таным-түсінігі қалыптаспаған жаста осындай әрекетке баруға бола ма? Ұстаздардың бөгде біреулерді есіктен еркін кіруіне кім рұқсат берді? Меніңше, қоғамдық бірлестік өкілдерінің мектепке баруы дұрыс емес. Ұл-қыздар бұл интернатта амалсыз білім алуда. Басқа жерде білім алатын мүмкіндігі жоқ. Ата-аналары болса алыста. Мәселен, суретті қағаздарды қиып, оны бір қалыпқа келтіргенде Иса пайғамдардың бейнесі шығады. Осы секілді дүниелер балаларға басқаша әсер етуі мүмкін ғой. Ал мұны мұғалімдер жақсы біледі.
Ең өкініштісі, мен барғаннан кейін ұстаздар ата-аналардың әрқайсысынан «ондай кітап алмадық, діни концерт болған жоқ» деген сыңайда қолхат жаздырып алған. Ашығын айтуға балаларының болашағы үшін алаңдайды. Егер шұлық таратып, оны тоқуды үйретіп жатса, бір жөн. Керек дүниеге баулысақ, оны қуана құптауға болады. Ал қазақ балаларына «Библияны» тарату дұрыс па? Ана ретінде бұл мәселеге бейжай қарай алмадым, – дейді ол.
Осыған байланысты білім ордасына хабарластық. Мектеп директоры ауруханада жатқан көрінеді. Директордың міндетін атқарушы Самал Өскенбаева біз қойған сұраққа: «Бүгін ғана директордың міндетін атқарушы ретінде қызметке кірістім. Ол жайлы мен білмеймін. Жаңағы мәселеге жауап бере алмаймын», – деп қысқа қайырды.
Директор орынбасарының ештеңе білмеймін деуі де қызық жауап. Қоғамдық бірлестік еркін кіріп жүрген жерге Гөзал Құлжабаева әзер бас сұққан. Сөйтіп көргені мен естігенін телефон камерасына түсіріп алған. Қарадомалақтардың сүйікті кітабы ретінде «Библияны» атауы ұлт болмысы мен тәрбиесіне кедергі болары анық. Дін түгілі мамандықты дұрыс таңдамасаң, болашағыңа кері әсер етеді. «Қазақ-герман-американдық библия миссиясы» қоғамдық бірлестігі елімізде тіркелген. Алайда, мектеп аралауы заңға қайшы. Ата-аналар балаларының өмірі үшін алаңдаулы. «Интернатқа қабылдамай қоя ма?» деген ой болар, олар пікір айтудан қашқалақтап жүр. Осы оқиғаға байланысты журналистерге түсініктеме берген Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бибаев: «Мемлекеттік білім беру ұйымдарында діни кітапты насихаттауға мүлде болмайды. Ол біздің ауданда болуы, тіпті мүмкін емес. Егер мұндай жағдай орын алған болса, үлкен жұмыстар жүргізіледі. Комиссия тексеріс жасап, анық-қанығын анықтап, мектеп басшылығына қатаң шара қолданылады» деген. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Маратқызы аталған мектеп-интернатқа «Қазақ-герман-американдық библия миссиясы» қоғамдық бірлестігі 1997 жылдан бері демеушілік жасап келе жатқанын растаған. Осы жолы да қайтарымсыз қайырымдылық жасаған қоғамдық бірлестіктің президенті Алексей Лубошников «Библияның» қалай таратылғанын есіне түсіре алмайды.
–Мәселені жақсы түсінеміз. Біз мәдени-ағарту, қайырымдылық жұмыстарымен айналысамыз. Әлдекімдердің намысына тидік деп ойламаймыз. Балалар есейе келе өз таңдауын жасау керек. Біздің үмітіміз – бірлікте өмір сүру. Библия – адамзат құндылықтарының бірі. Құран да сондай… Тыйым салынбаған кітаптар. Біз ол мектепке неге бардық? 22 жыл бұрын сол жерде тұрмыстық жетіспеушілікті байқадық, содан бері нақты көмек көрсетіп келеміз. Діни емес, әлеуметтік көмек көрсеттік. Шара барысында діни кітап тарату қарастырылмаған еді. Мен заңға бағынатын адаммын. Өкінішке қарай, сол күні ол жерге мен де, директор да бармаған. Алайда сыйлықтарымыз балаларға ұнаған. «Библия» орыс тілінде, оны балалар оқымауы да мүмкін…
Иә, оқымауы мүмкін. Бірақ, оның оқушылар қолына қалай тигені түсініксіз күйінде қалып тұр. Ал суретті кітапшаларды балалар оқитыны даусыз…

0 пікір
Мұрағат