Балалардың құқығын қорғайтын үш заң қабылданды
Балалардың құқығын қорғайтын үш заң қабылданды
2 күн бұрын 489 24.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлады 24.kz 

Мәселен, былтыр осы бағытта үш заң қабылданды. Ел тұрғындарының үштен бір бөлігін балалар құрайтынын ескерсек, бұл өзгерістердің маңызы ерекше. Бұл құжаттардағы негізгі өзгерістер қандай? Маңызды бастамалардың бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бүлдіршін қажетті көмек алып жатыр. Бұл білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша қабылданған Қазақстан Республикасы Заңының аясында жүзеге асырылып отыр.

Маңызды құжаттардың бірі – Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Заңы. Оның негізгі шаралардың бірі балаларға қатысты құқықбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату және кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу болды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктен түсіріп кетуге тыйым салынды.

Биылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Бұл нөмірге қаңтар айының өзінде 17 мыңнан астам бала жүгінген.

Сондай-ақ, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылданды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді. Барлық білім беру мекемелерінде  буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды.

Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы: - Бастауыш сынып оқушыларына бөтен адамдардың өтініштеріне дұрыс жауап беру, оларға еріп кетпеуді үйретеміз. Практикалық сабақта бір тақырып түрлі методика арқылы жылына үш рет өткізіледі. Ал одан жоғары топтағыларды конфликтті жағдайларды шешуге, агрессияны азайтуға баулимыз. Яғни, олар қауіпті жағдайларда шешім қабылдауды үйренуге тиіс. Жоғары сыныптарға құқықтық дәрістер беріледі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қабылданған үшінші Заңында кәсіби қабылдаушы отбасыларды құру және жетім балаларға арналған жағдайларды жақсарту бойынша нормалар қарастырылған. Қазір еліміздің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни, екі есеге артты. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілді. Атап айтқанда, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: - Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.

Бүгінгі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-і қазақстандық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тағы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты. Ал биылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек.

Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы: - Үміткерлер бірнеше сатыдан тұратын тексерістен өтеді. Содан кейін ғана ата-ана мектебіне қабылданады. Ол жерде баламен қалай жұмыс істеу керегі туралы қажетті ақпараттар алып, ата-ана дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар, психологиялық тексерістен өтеді деуге болады. Өйткені, ол әр түрлі қиын жағдайда қалған балаларды көреді. Олармен қалай жұмыс істегенін бақылап, шешім шығарылады.

Осылайша балғындардың тек материалдық тұрғыдан емес, жан-жақты дайын отбасыларға берілуіне жағдай жасалмақ.

Әлемде 1 млрд 400 млн баланың әлеуметтік құқығы шектелген

Соның кесірінен дені науқас, аш-жалаңаш, кедейлікте өмір сүреді, деп хабарлайды 24kz.

Қазіргі таңда кішкентайынан жұмысқа жегіліп, құлдықта жүрген 160 млн бала бар. Сорақысы сол, олардың құқын қорғауға арналған заңдар болса да, қылмыстық әрекет тыйылмай тұр. Былтыр Францияда алғаш рет баланың жеке басын қорғауға арналған жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, ата-анасының келісімінсіз оның суретін, жеке деректерін пайдалануға тыйым салынды. Тіпті, баланың әке-шешесі де мәліметті жарияламас бұрын одан рұқсат алуға тиіс. Құқық бұзған жағдайда 45 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Бұл біздің ақшамен 24 млн теңге. Кейінгі дерекке сүйенсек, Кәрі құрлықта 15 жасқа толмаған 68 млн бала бар. 2023 жылы құқығына нұқсан келген 1,3 млн бала Еуроодақтың құқықтық көмегіне жүгінген.  

Ауғанстанда бала жастайынан жұмысқа жегіледі

Ауғанстанда бала құқы сақтала бермейді. Бұл елдің балалары мектепке барудың орнына жұмысқа жегіліп, кесек тасиды. Оған себеп – тұрмыс тауқыметі. Жағдайы жетпеген отбасылар жастайынан баласын жұмысқа жегіп, ықпалды адамдардың қол астына жібереді. Кесек таситындары күніне 2 доллардай табады. Бұл біздің ақшамен есептегенде небәрі 800 теңгедей. Жалпы Ауғанстанда ұл балалардың 55%-і, қыз балалардың 67%-і мектепке бармайды.  

Үндістанда балалар арасында әлеуметтік теңсіздік бар 

Әлемдегі бала саны тым көп Үндістанда қолданыстағы заң құқы әр балаға бірдей қарауды және олардың қауіпсіз, еркін әрі жақсы өмір сүруін қамтамасыз етеді. Бірақ бұл елде жынысына, жасына және дініне байланысты әлеуметтік теңсіздік әлі де бар. Бұл миллиондаған баланың дұрыс тамақтанбауына, еңбегін қанап, ерте некеге тұруына итермелейді. Қазір Үндістанда кәмелет жасына толмаған 431 млн бала тіркелген.  

Қарулы қақтығыс аймақтарында 473 млн бала өмір сүреді 

Былтыр қақтығыс аймақтарындағы балалар үшін тарихтағы ең қиын жылдардың бірі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЮНЕСКО осындай баға берген. Ұйымның зерттеуіне сәйкес, әлем бойынша бала құқығының бұзылуы, оның ішінде кісі өлтіру, жарақат алу, білімге қол жетімділіктің болмауы мен дұрыс тамақтанбау статистикасы айтарлықтай өскен. Әсіресе, Газа, Сирия, Мьянма, Гаити және Суданда жоғары. 18 жасқа дейінгі 473 млн-нан астам бала бүгінде қақтығыс аймақтарында өмір сүреді. 52 млн-ы мектеп бағдарламасы бойынша білім ала алмайды.  

Әлемде мүмкіндігі шектеулі 120 млн бала мектепке бармайды

Әлемде, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы жиі бұзылады. Өкінішке қарай, мұндай топтағы 120 млн бала жазу-сызуды білмейді. Олардың көбі – қыз бала. Әсіресе, дамушы мемлекет пен қара құрлықтағы біраз елде жүйеге инклюзивті білім беру енгізілмеген. Сол себепті, бұл әдіс әлі күнге кенже қалып тұр. Өйткені мұндай мемлекеттерде ерекше балалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ресурстар мен инфрақұрылым жеткіліксіз.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Жекеменшік мектептерде 25 мың бала тегін тамақтанады

Биыл жекеменшік мектептерде оқитын 25 мың бала тегін тамақтанады. Бұл осы оқу ошағында білім алатын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға ғана тиесілі. Оған жергілікті бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Айта кетейік, биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1 млн 700 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 млрд теңге бөлінді. Ал «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 млрд теңге бөлініп, 510 мың бала мектеп керек-жарақтарын алды.

Кей елдерде жекеменшік мектептерге қаржылай қолдау көрсетіледі

Әлем елдерінде табысы төмен және ерекше қажеттілігі бар кез келген оқушы мемлекеттік мектептерден бөлек жеке мектептерде тегін оқи алады. Мәселен, АҚШ-та мемлекет қаржыландыратын арнайы бағдарламалар бар. Ал Австриялада арнайы стипендиялар беріледі. АҚШ-та 90 мың мемлекеттік, 30 мың жекеменшік мектеп бар. Әр америкалық оқушы әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген мектепте оқи алады. Мемлекеттік мектептерде оқу тегін. Ал жеке мектептерде аз қамтылған отбасыдан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек арнайы бағдарламалар арқылы беріледі. Мысалы, Флорида, Индиана, Аризона және Огайо штаттарында табысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларға арналған ваучерлік бағдарламалар бар. Ол кедейлік деңгейі 185%-тен төмен табысы бар отбасыларға арналған. Бұл арқылы оқу ақысын мемлекеттік қаражат есебінен төлеуге болады. Бұдан бөлек, жеке мектептерде түрлі стипендиялар қарастырылған. Мәселен, Нью-Йорктегі Бруклин латын мектебі кедей отбасыдан шыққан оқушыларды ішетін тамағынан бастап, оқу, жол жүру ақысына дейін қамамасыз етеді. Австралияда мемлекеттік бюджеттегі қаражаттың 60%-і жекеменшік мектептерге бөлінеді. Бұл табысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға жұмсалады. Яғни, оқудың толық құнын өтеуге көмектеседі. Оны қаржыландыру қаражат жинау науқандарын жүргізетін арнайы мектеп қорларының көмегімен жүзеге асады. Ал табысы орташа отбасылар үшін арнайы білім беру несиелері қарасыртылған. Бұл оқу ақысын бірден төлеуге шамасы келмейтіндер үшін ыңғайлы.

Жапонияда жеке мектептерде оқу ақысын субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Бір оқушыға берілетін субсидиялардың ең төменгі сомасы шамамен 100 мың иен. Бұл теңгемен 330 мың теңге. Табыс деңгейіне байланысты төлемдер ұлғайтылуы мүмкін. Оқушыларға қаржылай көмек қайырымдылық ұйымдары мен қорлардан да бөлінеді. Қазірде Жапония оқущылардың 30%-і жеке мектептерде оқиды. Оқу ақысы жылына шамамен 63 миллион теңгеден асады.

Авторы: Фариза Жанғанаева

 

0 пікір
Мұрағат