Кәмелеттік жасқа толмаған балалар жұмысқа орналасар алдында еңбек келісімшартын жасап, ата-анасының жазбаша рұқсатын алуға тиіс. Ал жұмыс беруші тараптың өкілдері бұғанасы бекімеген жасөспірімді жұмысқа алмас бұрын облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімін алуы керек. Ал бұл шарттарды жұмыс беруші тараптың өкілдері қаншалықты орындап жүр? Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім неліктен еңбек етуге мәжбүр? Егер баланың отбасындағы әлеуметтік жағдайы жақсы болса, онда сауда орындары мен түрлі кафе-мейрамханаларды жағалап несі бар? Осы сұрақтардың жауабын "Дидар" Шығыс Қазақстан облыстық газеті іздеп көрді.
Бала еңбегі қалай қорғалады? («Дидар» газеті)
|
Айбек көлік жуып жүр
Өскеменде үш айлық демалыс кезінде жұмыс істеп, табыс тауып жүрген жасөспірімдер бар. Олардың дені қаладағы сауда орындары мен кафелерде, мейрамханаларда, автокөлік жуу орындарында, құрылыс мекемелерінде еңбек етеді.
Солардың бірі – биыл он бірінші сынып оқитын Айбек. Ол жаз бойы Өскемендегі автокөлік жуу орындарының бірінде жұмыс істеді.
Биыл үшінші жыл қатарынан еңбек еткен жасөспірім күніне алты мың теңгеге дейін табыс тапқан. Айбектің айтуынша, оның жұмыс уақыты таңғы сағат 08.30-дан басталып, кешкі 21.00-де аяқталады.
– Ата-анама ауыртпалық түсіргім келмейді. Сол себептен отбасымның келісімін алып, жұмысқа орналастым. Үш жылдан бері мектепке қажетті оқу-құралдарымды өзім сатып аламын. Егер тапқан табысым артылып жатса, бауырымның да керекті затын алып беремін. Шыны керек, бұған дейін даяшы, сатушы болып еңбек еттім. Негізі кафеде таң атқаннан кеш батқанға дейін жүгіргенше, базарда жеміс-жидек сатып тұрғанша, автокөлік жуушы болған әлдеқайда жеңіл екенін түсіндім. Сондықтан осы жұмысқа ауысып кеттім. Мұнда еңбекақы күнделікті істеген жұмыс көлеміне байланысты төленеді, - деді Айбек.
Заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл еліміздің Еңбек кодексінің 69-бабында көрсетілген. Сондай-ақ аталмыш кодекстің 31-бабына сәйкес 14-16 жасқа толған жасөспірімдер ата-анасының келісімімен кинематография ұйымдарында, театрда, циркте жұмыс істеуге құқылы. Өскемендік психолог Меруерт Башикованың айтуынша, балалардың ерте жастан еңбекке араласуына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі – жасөспірімдер арасындағы өзара бәсекелестік. Мысалы, достарының бірі қымбат зат сатып алса, жанындағы бала да оған қызығады. Алайда оның ата-анасының оған мұндай затты алып беруге жағдайы жоқ. Сондықтан жасөспірімдердің дені өздері қаражат жинап, қалаған дүниесін сатып алуға тырысады.
– Ерте жастан ақшаға әуестену бала психологиясына кері әсерін тигізеді. Өйткені жасөспірім адами құндылықтарды байлықпен алмастырып, соның салдарынан оның мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Әрине, бұл үшін балаларды ғана кінәлауға болмайды. Себебі барлығымыз нарық заңына тәуелдіміз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген жасөспірімдер еңбекке ерте араласады. Өйткені бұл отбасындағы қаражат тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Десе де, екі жас шаңырақ көтерер кезде болашағын ойлауы тиіс. Егер жас жұбайлардың алға қойған мақсаттары дұрыс болса, келешекте балалары еш қиналмастан өмір сүреді. Қорыта айтқанда, кәмелеттік жасқа толмаған балалар Еңбек кодексін дұрыс білмегендіктен, алдау мен арбауға жиі түсіп қалады. Соның салдарынан олардың қоғамға деген пікірі өзгеріп, ашушаң болып кетеді. Сондай-ақ бұғанасы бекімеген балалардың ерте бастан жұмыс істеуі олардың физиологиялық тұрғыда өсіп-жетілуіне де зиян келтіруі мүмкін, - дейді Меруерт Башикова.
Ақнұр базарда сауда жасайды
Жаз мезгілінде жасөспірімдердің дені қаладағы базарларда еңбек етеді. Әсіресе, шаһардағы «Дина» толайым сауда базарына қала тұрғындары мен қонақтарының көптеп ағылатынын ескерсек, мұнда балалардың да тиын-тебен табуына мүмкіндік көп. Біз қазандай қайнаған базарда жасөспірімдердің қандай жұмыс істеп жүргенін көру үшін сол жаққа барып қайтқан едік.
Базар іші ығы-жығы халық. Мұндағы саудагерлердің тынымсыз тіршілігі бір мезет те тоқтамайтындай көрінеді. Ересек адамдармен бірге дамыл таппай, еңбекке қызу араласқан балалар да осында жүр. Солардың бірі – Ақнұр. Ол Өскемендегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алады.
– Жұмыс беруші тараппен еңбек келісімшартын жасадым. Өйткені былтыр даяшы болып жүргенде, жалақымды ала алмай, алданып қалған едім. Содан ойға түйгенім, кәмелеттік жасқа толмай тұрып, жұмыс істемеген жөн. Себебі еңбек заңнамасын білмейтін жасөспірімдерді алдау оңайға түседі, - дейді Ақнұр.
Бүгінде жалдамалы жұмысқа орналасып, артынша алдау мен арбауға түсіп қалған балалардың нақты саны жоқ. Себебі жұмыс беруші тараппен ешқандай келісімшарт жасалмағандықтан, ата-аналардың көбі заң орындарына шағымданбайды. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Азамат Раисовтың айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері облыста бала еңбегін заңсыз пайдалану фактілері тіркелмеген.
– Он сегіз жасқа толмаған жеткіншектердің жұмыс істеуі туралы анықталған әрбір факті кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырыстарында қаралып, жұмысқа орналастыруды заңмен нормалау бойынша шаралар қабылданады. Балалармен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, кәмелетке толмағандардың жұмыс күні еліміздің Еңбек кодексінің 6-тарауының 69-бабы және 4-тарауының 31-бабына сәйкес белгіленеді, - дейді Азамат Раисов.
Елімізде 2002 жылдан бері «Бала құқығы туралы» заң қабылдаған. Заң бойынша, егер ата-ана баласын жұмыс істеуге мәжбүрлейтін болса, ата-ана құқығынан айырылады. Ал бала еңбегін заңсыз пайдаланған тұлғалар еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 86-бабының үшінші тармағына сәйкес айыппұл төлейді. Осы орайда, заңды бұзған шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 70, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 100, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатынын айта кеткен жөн. Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн жұмыс беруші бiр жыл iшiнде тағы бір рет бала еңбегін заңсыз пайдаланатын болса, айыппұл мөлшері бірнеше есеге дейін өседі.
– Бала құқығын қорғау мақсатында жазғы демалыс кезеңінде облыстың ювеналды полиция бөлімшелері, сондай-ақ білім бөлімдері басқа мүдделі органдармен бірлесіп базарларда, автомобиль парктерінде, жанар-жағармай құю бекеттерінде, автомобиль жуу орындарында, құрылыс нысандарында рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Біз кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғауды басты назарда ұстаймыз, - деді Азамат Раисов.
Біле жүріңіз
Кәмелеттік жасқа толмаған жұмыскерлердің өздерiне белгiленген шектi нормаларынан артық жүктердi тасуына және қозғалтуына тыйым салынады. Он сегiз жасқа толмаған жасөспірімдермен еңбек шарттары алдын ала мiндеттi медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады. Одан әрi қызметкерлер он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын мiндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.
Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлердiң еңбегiн ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарда, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен рухани дамуына зиян келтiруi мүмкiн жұмыстарда (ойын бизнесi, түнгi ойын-сауық мекемелерiндегi жұмыс, алкоголь өнiмдерiн, темекi бұйымдарын, есiрткi психотроптық заттарды өндiру, тасымалдау мен сату) қолдануға тыйым салынады.