Ақтауда теңіз суын тұшыту құрылғысы іске қосылды
Ақтауда теңіз суын тұшыту құрылғысы іске қосылды
5 ай бұрын 1245 24.kz

Ақтауда теңіз суын тұшытатын зауытта жаңа қондырғы іске қосылды. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады.

Озық үлгідегі технология тәулігіне 5 мың текше метр ауыз су өндіреді. Жоспар бойынша келер айда тағы бірнеше қондырғы қолданысқа берілуі тиіс. Осылайша зауыттың қуаты екі есе, яғни 40 мың текше метрге ұлғаяды. Кәсіпорын өндіретін тіршілік нәрін негізінен Мұнайлы және Қарақия ауданы тұтынады. Сондай-ақ, жаз айларында күніне 5-6 мың текше метр су Ақтауға құбырмен беріледі. Бұл қалада ауыз су жетіспеушілігіне орай жасалатын уақытша амал.

Президент тапсырмасына сәйкес Маңғыстауда су тапшылығын жою үшін ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, жуырда «МАЭК» энергокомбинатында тәулігіне 6 мың текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылды.

Ауыл тұрғыны жер астынан шыққан жылы судың игілігін көріп отыр

Арыс қаласына қарасты Сырдария елді мекенінің тұрғыны жер астынан шыққан жылы судың игілігін көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Шаруа 1 гектардан астам алқапқа жеміс ағашын егіп, жылы сумен суарады. Сонымен қатар, бірнеше тоған қазып, балық өсіруді қолға алған. 

Сырдария елді мекенінің тұрғыны Өмірзақ Омарханов осы жерде туып-өскен. Мал шаруашылығымен айналысады. Осыдан 5 жыл бұрын тек малмен отырмай, бау шаруашылығын дамытуды қолға алған. Мемлекет субcидия есебінен құдық қазып беріпті. Алайда, жер астынан жылы су шыққан. Ауыл тұрғыны алғашында абдырап қалғанын айтады.

Өмірзақ Омарханов, шаруа: - Қалай бұл 364 метрден жылы су шықты деп таңғалып, бауды суарып көрдік. Нәтижесінде талымыз жақсы жайқалып, көгерді. Бұл жерде қазір 1,5 гектардай жобасына мың түп алма ағашын ектік. 3 түрлі сорт. Бес жұлдыз, Превосход, Симиренко. Биыл 5 жыл, нышана көрсетіп жатыр. Биылдан бастап салады деп ойлап отырмыз.

Шаруа жылы су жеміс ағашына жаққанын айтады. Алайда, ішуге жарамдылығын білу үшін Шымкенттегі зертханаға апарып тексерткен. Ондағы мамандар тіршілік нәрінің адам азғасына еш зияны жоқ екенін айтқан соң ойлана келе, тоған қазып, балық өсіруге шешім қабылдапты. Былтыр күзде Шардарадағы балық зауытынан сазанның мыңға жуық шабағын әкеліп, тоғандағы жылы суға жіберген.

Жандос Жұмабек, тілші: - Қыстыгүнгі қатты аяздарда, басқа көлдердің барлығының бетіне мұз қатқанда бұл су қатпайды. Беті буланып жатады екен. Мамандар судың температурасы салқындаған кезде балықтар азық іздемей, ұйқыға кететінін айтады. Ал мына тоғанда су жылы болғандықтан, балықтың өсу процесі тоқтамайды.

Қазір тоғандағы балықтың алды 2 келіге дейін салмақ қосқан. Енді 2 айдан соң сатылымға шығады. Ауыл тұрғыны жақында тағы екен тоған қазып, біреуіне сазанның 6 мың шабағын жібергенін айтады.

Өмірзақ Омарханов, шаруа: - Судың өзі жеңіл, өсу көрсеткіші жақсы. Келешекте алға қойған мақсат – судың жылылығын пайдаланып, биыл күзде Шардарадан 10-15 мың шабақ алып, осы суға салып, қыс бойы өсіріп, көктемде, наурыз айында шабақтарды осы тоғанға саламыз. Арғы жағынан тағы бір жерімізді қоршап, дайындап қойдық. Осыны үлкейтсек па деп, қазіргі қарқынымыз жылына 30 тоннаны жоспарлап отырмыз.

Шаруа жер астынан шығып жатқан тегін суды тиімді пайдалану үшін енді 10 гектарға жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Ол үшін жаңбырлатып суару техникасында сатып әкеліп қойғанын айтады. Жалпы Арыс қаласы аумағында балық өсірумен айналысатын 9 су айдыны мен 10-нан аса тоғанды шаруашылық бар.

 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

0 пікір
Мұрағат