Түркия қазақтары Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап тағылымды талқы өткізді
|
BAQ.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Түркия қазақтары қазақстандық ғалымдармен кездесу өткізіп, ғылыми талқы алып барды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жақында Ыстамбұлдағы Түркия қазақтары қорында өткен басқосуда Қазақ хандығының қалай құрылғандығы, не үшін оған «қазақ» атауы берілгендігі сөз болып, бүгінгі Қазақстанның төл тарихын жазу жағы қарастырылды. Сондай-ақ, қазақ қашаннан бастап мұсылман болды деген өзекті сауал төңірегінде де ой өрбіткен ғалымдар тарихи сананы дұрыс қалыптастырып, Қазақ хандығының кеңінен зерттелуінде ақын, жазушылардың да рөлінің зор екендігін атап өтті.
«Біз Ермұхан Бекмаханұлының 100 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысуға Қазақстаннан арнайы келген ғалымдарды Түркия қазақтарының қорына шақырып, оларды осындағы қазақтармен Қазақ хандығының 550 жылдығы төңірегінде ой бөлісуі үшін басқосу өткіздік. Нақты және тың деректерге толы талқы кезінде қазақтың арғы-бергі тарихы осындағы ағайынға қысқаша таныстырылып, кейбір бұрмаланған тарихи фактілердің теріс екендігі айтылды. Сондай-ақ, Орта Азиядағы түркі халықтарының Х ғасырда жаппай мұсылман бола бастағаны, осы үрдістің XIV ғасырда Алтын орда кезінде Өзбек ханның тұсында аяқталып, оның ішінде қазақтар да бар, Орталық Азия түркі халықтарының түгелдей ислам дінін қабылдағаны сөз болды. Ермұхан Бекмаханұлының зерттеулерімен сабақтасып жататын Ілияс Есенберлиннің еңбектерін бағалау арқылы тарихты жазуда, ел арасында тарихи сананы қалыптастыруда ғалымдармен қоса ақын, жазушылардың да рөлі ерекше екендігін әңгіме еттік. Меніңше, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – тарихи сананың қалыптасуына қызмет ететін атаулы шара. Соның айғағы осы басқосу арқылы Ыстамбұл қазақтары тарихшылардан көп мағлұмат алды»,-дейді басқосуды ұйымдастырған тарихшы қандасымыз Әбдіуақап Қара.
Ғалымның айтуынша, Түркия қазақтары әр жолы Қазақстаннан ғалымдар келген сайын Қазақ хандығы жайлы талқылап, бұндай басқосуды өткізуді үрдіске айналдырмақ екен.
Түркі әлемінің жастары Түркістанда бас қоспақ
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша,үстіміздегі жылдың сәуір айының 28-і күні Қ.А. Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (ХҚТУ) «Түркі әлемі жастары мен студенттерінің» Халықаралық І фестивалі өтті.
Тұңғыш рет өткен аталмыш фестивальге түркі дүниесінің 16 мемлекетінен 28 ұлт пен ұлыс жастары қатысқан. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Түркі халықтарының мәдени қоры, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы өкілдері келді.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) I Саммитінде сөйлеген сөзінде: «Жастар арасында спорт ойындары мен театр фестивальдарын жиі ұйымдастырған жөн деп санаймын» дегені мәлім. Ал, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ІІ Саммитінде (Қырғызстан), Елбасы Н.Назарбаев ең бастысы, бүгінгі таңда түркі мемлекеттері жастары арасында «Түркі әлемі» дейтін маңызды түсінікті қалыптастыру керектігін атап өткен болатын.
Шара мақсаты Түркі дүниесі жастарының қарым-қатынастарын нығайту және түркі тілдес халықтарының ортақ тарихы мен түркі дүниесі құндылықтарын қалыптастыру. Қазақстан халықтар Ассамблеясының 20 жыл толуына орай түбірі бір түрік халықтарының жастарының басын біріктіріп, түркі тілдес елдердің ұлттық аспапты орындау шеберлігін, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық киімдерін насихаттау.