Түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін құруда латынға көшу өте маңызды
|
Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты дөңгелек үстел кезінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ Түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру үшін ортақ әліпби-латын жазуына көшудің өзекті екендігін айтты.
«Түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыпастыру үшін ортақ әліпби-латын жазуына көшудің өзекті екенін айтқым келеді. Таңбаның тұтастығы да ақпарат алмасуға жеңілдіктер әкеледі ғой деп ойлаймын», - деген Қайрат Өмірбайұлы Түркі дүниесі журналистерінің басын біріктіретін қауымдастық құрудың да аса қажет екенін айтты.
«Біз болашағымызды жастар арқылы айқындаймыз ғой. Түркі дүниесінің журналистері бір-біріне ықпалын күшейту үшін маман дайындауға байланысты Стамбул университетінң Журналистика факультетімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біздің студенттер Стамбұл университетінде бір жыл білім алып келіп жатыр. Сонымен қатар Қырғыз ұлттық университетімен де байланысымызды арттырмақ ниеттеміз. Осы орайда журналист мамандарын дайындайтын осы Халықаралық Түркі академиясының аймағында қауымдастық құрсақ деген ұсынысым бар. Сонда ғана болашақ мамандар ақпараттық қауіпсіздігімізді бірге қамтамасыыз етер еді», - деді Қ. Сақ.