Трансплантация, донор болу: Ағза мүшесін ауыстыру тәртібі қандай?
Трансплантация, донор болу: Ағза мүшесін ауыстыру тәртібі қандай?
4 жыл бұрын 3836

Baribar.kz тілшісі Еңлік Сақтан "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс бойынша Қазақстандағы донор болу, трансплантация ісі қалай жүретінін түсіндіреді.

Трансплантация және донор болу деген не?

Трансплантация, трансплантаттау дегеніміз – қан, ағза мен тінді организмнің басқа жеріне немесе біреуден біреуге ауыстырып салу.

Медицинада донор деп қанды немесе ағзаның бір бөлігін басқа адамға өз еркімен яки туысының рұқсатымен беретін адамды айтады.

Реципиент – донордың қанын қабылдайтын немесе ағза мүшесі ауысатын адам.

Трансплантаттау ісі Қазақстанда қалай жүзеге асады?

2020 жылдың 7 шілдесінде Мемлекет басшысы “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске қол қойды. Бұл заң бойынша кез келген азамат бойындағы тінді және ағза бөлігін қайтыс болғаннан кейін трансплантаттауға келісуге немесе одан бас тартуға құқылы.

Ал миының біржола семгені расталған науқас тірі кезінде трансплантаттау мақсатында ағзасын алдыруға келіссе, медицина өкілдері ағза функциясының жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуді жалғастырады. Тірі кезінде дене мүшесін алдыруға келісім бермеген күннің өзінде жұбайы немесе жақыны қарсы болмаса, ағза функциясы тоқтатылмайды.

Кім донор бола алады?

18 жасқа толған, медицина тексеруінен өткен және донор болуға рұқсаты бар кез келген азамат қан мен оның компоненттерін беруге ерікті түрде ниет білдіруге, оны ақылы немесе ақысыз түрде жүзеге асыруға, медицина зерттеулерімен танысуға құқылы.

Бірақ донор болған азамат қазіргі және бұрынғы барлық ауруы туралы мәліметті, есірткі, психотроп және сол тектес заттарды, прекурсорды тұтынғаны туралы хабарлауға міндетті.

Ағзаны, тінді алып, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау, оны реципиентке трансплантаттауды уәкілетті орган бекітеді және әзірлейді. Сонымен қатар уәкілетті орган трансплантаттауды жүргізу мақсатында адамның биологиялық материал үлгісін, гемопоэз жасушаларын, жілік майы, лимфоциттерді, жыныс жасушалары мен эмбриондарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттерден Қазақстанға әкелуге және елден осы мемлекеттерге әкетуге рұқсат беру тәртібін айқындайды.

Донор да, реципиент те медицина ұйымынан өзінің денсаулығына қатысты барлық мәліметті талап етуге және хирургиялық араласуға дейін тарнсплантаттаудан бас тартуға құқылы.

Донорлықты қандай ұйымдар жүзеге асырады?

Донордан алынатын қанды, оның компоненттерін дайындауды, қайта өңдеуді, сақтауды және өткізуді лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады. Мұндай денсаулық сақтау ұйымдары қанның сапасына жауапты, сонымен бірге қан мен оның компоненттерін клиникада қолдануға, қан препараттарын өндіруге, тірі ағзадан тыс диагностика үшін, медицина бұйымдарына реагенттер және материал дайындауға пайдалана алады.

Заң бойынша қандай іске тыйым салынады?

Адамның ағзасын одан мәжбүрлеп алуға, сатып алуға және сатуға, кәмелет жасқа толмаған немесе өзі әрекет ете алмайтын адамнан ол қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға, адам дене мүшесін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ пациенттерге салу үшін алуға тыйым салынады. Денсаулығына, жасы мен өзге де себепке байланысты жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған, қайтыс болуын растауда жеке басы анықталмаған пациенттен оның дене мүшесін алуға тыйым салынады. Инфекция жұқтырған адамдардың да ағзасын алуға болмайды.

Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және басқа да қызметкерлеріне донор және реципиент туралы мәліметті жария етуге тыйым салынады.

Қазақстанда донорлық пен трансплантация қалай дамуы керек?

Әкім Тұрсұн, педиатр, отбасы дәрігері, хирург, Qmed ұлттық инновациялық медицина палатасының президенті:

Әкім Тұрсұн

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Меніңше, трансплантация ісі жүруі керек. Бүгінде ағза мүшелеріне қанша адам мұқтаж. Бірақ бұл іс өте күшті бақылауды қажет етеді. Себебі “қара нарық”, органды заңсыз сатып алу-сату мәселесі етек алуы мүмкін. Медицина ұйымы адамнан өзінің немесе туысының рұқсатымен дене мүшесін алады. Бірақ оны басқа адамға трансплантаттау кезінде коррупция элементтері болуы мүмкін. Тіпті, сатып алу-сату ісі де жүзеге асуы ықтимал. Сондықтан үшжақты келісімшарт жасаған дұрыс деп есептеймін. Келісім донор мен реципиент және медицина ұйымының арасында құжат түрінде жасалуы керек.

Сонымен қатар HLA жүйесі бар. Ағзаны қай адамға салуға болатынын осы жүйе арқылы анықтайды. Сондықтан донордың өзі немесе жақындары нақты бір ағзаға мұқтаж адаммен сөйлесіп, “міне, осы адамға беремін” деп келісім жасаса, оған медицина ұйымы да қатысса, бәрі ашық түрде болады деп ойлаймын. Еліміздегі трансплантация ісіне әлі де өзгеріс қажет.

0 пікір
Мұрағат