Соңғы 7 айда орта есеппен күніне 8 адам жоғалып отырған
Соңғы 7 айда орта есеппен күніне 8 адам жоғалып отырған
8 жыл бұрын 3707 Қыр баласы

2016 жылдың өткен 7 айының ішінде адам жоғалу бойынша Қазақстан рекордтық көрсеткіш көрсетті деуімізге болатын шығар. Тіпті, күніне бірнеше адам жоғалғаны туралы ақпарат тіркеліп отырған - дейді "BAQ.kz" ақпарат көзінің тілшісі. 

Баяғыда қазақ бір лағы жоғалып кетсе де ат сабылтып іздейтін еді. Біріне бірі сұрау салып, сол жоғалған лақтың бір сыбысы білінгенше тыным таппайтын. Ал соңғы кезде бәлен жерде, бәленбай деген адам жоғалыпты десе селт етпейтін болдық. Тіпті, етіміз үйреніп кеткендігі сондай, солай болуға тиісті секілді қабылдай бастадық. Баяғыдағы лағы жоғалса ат сабылтып іздеп, табылғанша табанынан таусылатын қазақтың малжандылығы, бүгінгі күнде бауырмалдыққа айналмай отыр.

Тағы бір адамдар санасындағы түсінік - біреу жоғалыпты десе, оны тек полицейлер немесе сол жоғалған адамның етжақындары ғана іздеу керек деген пікір. Әрине, ел болып іздеп, кімнің шамасы бар, сол көмек қолын созып жатқандар да жоқ емес. Дегенмен, бұндайлар аз.

Жоғалған жандар туралы ақпарат іздеп отырып ғаламторда мынадай бір мәлметке тап болдым.

«Кейбір дамыған елдерде бала жоғалса, оны табуға азаматтық қоғамның елеулі бөлігі жұмыла кірісіп жатады. Мысалы, 2007 жылы Португалияда үш жасында жоғалған ұлыбританиялық Мадлен Макканды бүкіл Еуропа біледі. Егер кішкентай қызды іздеу полиция мен бірді-екілі ақпарат құралдарының хабарламасымен ғана қалып қойса, азаматтық қоғам мен интернет қолданушылар қолдап шықпаса, Мадленнің және сол сияқты өзге де жоғалған балалардың тағдыры жайлы көп адамның хабардар болуы неғайбіл еді.

Ал 2014 жылы мамырдың 14-і күні өткен Еуропа Лигасының матчында интернет қолданушылардың бірі футбол жанкүйерлерінің арасында отырған бір кішкентай қыздың Мадлен Макканға ұқсайтынын байқап, ITV4 телеарнасының кадрын суретке түсіріп алып әлеуметтік желіге жариялады. Сурет тез арада қолданушылар арасында тарап, бұл қыздың қаншалықты Мадлен болу мүмкіндігі туралы мәселе қызу талқылана бастады. Осылайша, жеті жыл бұрын жоғалып кеткен ағылшын қызды азаматтық қоғам белсенділері мен мүлдем бейтаныс адамдардың әлі іздеп келе жатқаны белгілі болды. Жергілікті ақпарат құралдары жоғалып кеткен қыздарының тағдырына қоғамның осыншама назар аударуы ата-анасына дем бергені туралы жазды» - делініпті интернетте.

Ал дәл осы адам жоғалу мәселесі бойынша "BAQ.kz" ақпараттық порталы ҚР ІІМ-не өткен 7 айда жоғалған жандардың саны, олардың жоғалу себептері, қай өңірде жоғалатындар көп, т.б. қатарлы бірнеше ресми сауалдар жолдаған еді. Аталған құзырлы мекеме өткен жеті ай бойынша елімізде 1823 адам жоғалғанын, олардың 1500-і табылғанын растады.

Сонымен қатар, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәлметіне сәйкес 323 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Дегенмен оларды іздестіру әлі де жалғасып жатыр.

Ал соңғы кезде жасөспірімдердің жоғалуы жиілеген. Оған себеп олардың өз жауапкершілігін толық сезінбеуі. Олай дейтініміз ағайын-туыстары жоғалып кетті деп дабыл қаққан 19 жастағы астаналық Қазбекова Гүлшат Абылайқызы ата-анасынан тығылып, жігітімен бірге болған. Ал алматылық 2000 жылы 8 қыркүйекте туған Жансая Жағыпбердиеваны ата-анасы үш күн бойы іздеген. Ол осы уақытта құрбысының үйінде болған. Міне, осы секілді жауапкершіліксіздік салдарынан елді дүрліктірген оқиғалар келесі шынымен жоғалып кеткен адамдарды іздеуге деген енжарлықты тудыратыны сөзсіз. Ал ІІМ бізге берген жауабында өткен 7 айда 342 жасөспірім жоғалып, олардың 314-і табылған. Қалғандары әлі де іздестірілуде.

Жастардың, әсіресе сәбилердің жоғалып кетуіне алаңдаған Алматы тұрғыны Александр Нам 2014 жылы еріктілермен біріге отырып, жоғалған балаларды іздестіруге арналған "poiskdetei.kz "сайтын ашқан. Алайда, қаржылай қиындықтардың салдарынан портал тез жабылып қалған. Әрине, бұндай уақыттың, қоғамның талабына сай, қажеттіліктен туған дүниелер бізге керек. Қазіргі таңда хэщтег (#) арқылы белгілеп, соның көмегі арқылы әлеуметтік желіде іздеу парақшаларын құрғандар көп. Дегенмен оның барлығы нәтижелі жұмыс істеп тұр деу артық айтқандық болар еді.

Біздің қолымызда барлық жоғалған адамдарды санамалап отыратындай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, бір апта уақытымызды бөліп, ғаламторда жарияланған жоғалған адамдар туралы мәлметтерді жинастыру барысында байқағанымыз ер адамдардан гөрі әйелдердің жоғалуы көбірек. Және жоғалған жандардың басым көпшілігінің мүрдесі табылған. Жоғалған әйелдердің көбі 19 бен 30 жас арасындағы бойжеткендер. Ал, ер адамдар арасында 25-40 жас шамасындағы тепсе темір үзер жігіттер жоғалған. 45 жастан асқан адамдардың жоғалуы сирек. Ал 70-ке тақаған, қария адамдардың жоғалуы кәріліктен, ұмытшақтықтан өз мекен-жайын еске түсіре алмағандықтан адасып кеткендер.

Алайда ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жасаған талдау әйелдерден гөрі ер адамдар көбірек жоғалатынын анықтаған. Оған ер адамдардың өзге өңірлерге жұмыс сапарымен баруы, маусымдық жұмыстарға шығатындығы себеп болйы мүмкін – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, адам жоғалу дерегі бойынша ШҚО еліміз бойынша көш бастап тұр. ОҚО мен Астана қаласы дерексіз кеткендер жайлы ең көп дерек тіркелген өңірлер қатарында. Және Алматы облысы мен Алматы қаласы да із-түзсіз кеткендер саны бойынша алғашқы бестікте. Еліміздегі ең үлкен қалалардың біріне саналатын Қарағандыда да хабарсыз кеткендер саны басым.

Жоғарыдағы комитет берген мәлмет бойынша 2015 жылғы алғашқы 7 ай бойынша хабар-ошарсыз кеткендер саны биылғыдан аз. Былтыр 7 айда 1765 адам жоғалса, биыл 1823 адам. Яғни, 60тай адам артық жоғалған.

1983 жылдан бері мамырдың 25-і жоғалған балалардың халықаралық күні болып белгіленген. Бұл күні әлемнің барлық елдерінде жоғалған балаларды іздеуге еріктілер жұмылады.

Дегенмен, еліміздегі ахуалды саралай келе адамдың белгісіз септермен жоғалып кетуі қоғамның алаңдаушылығын тудыруы керек деп ойлаймыз. 7 айда 1823 адам жоғалып отыр. Демек еліміз бойынша күніне 8-9 адам жоғалады деген сөз. Бұл ресми мәлмет. Ал бейресми түрде бұл сан қаншаға баратыны нақты белгісіз.

Жақыныңызды жоғалтып алмауға тырысыңыз!

0 пікір
Мұрағат