Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихы» қазақ тілінде жарық көрді
|
Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» шығармасы қазақ тілінде жарық көрді. Осыған орай Egemen Qazaqstan газетінде басылымның басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің «Ұлы даланың теңдессіз тарихнамасы» атты мақаласы жарияланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезеңде алтын әулет ұрпағы алты құрлыққа кемел билік жүргізген кемеңгер Шыңғыс қағаннан мемлекеттік бастауын тартатын елдер де көп, бұл тақырыпта қалам тартатын жандар да аз емес. Осыған байланысты кейде түпдеректерге сүйенбеуден балаң да ұшқары пікірлер, жаңсақ жорамалдар да айтылып жүргені белгілі. Сайып келгенде, мұның негізгі себебі түпнұсқа деректерді оқымаудан, қолжазбаны ғылыми деңгейде игермеуден туған олқылықтан деуге болады. Осы орайда Шыңғыс хан құрған империя тарихына қатысты канондық нұсқадағы ортағасырлық парсы дереккөздері арасында әйгілі Рашид ад-дин Фазлуллах ибн Имад ад-Даула Абул-Хайр Әли Хамаданидің (1247-1318 ж.ж) «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің бағасы орасан зор» делінген мақалада.
Мақала авторы Халықаралық Түркі академиясының президенті, ғалым Дархан Қыдырәлінің жазуынша, Рашид ад-дин 1247 жылы Иранның Хамадан қаласында дәрі-дәрмек жасайтын оқымысты дәрігерлер әулетінде дүниеге келген. Атасы мен әкесі Құлағу ханның сарайында дәрігер болып қызмет еткен. Осындай білімді отбасында дүниеге келген ол жақсы білім алып, әуелі Құлағу ханның ұлы Абақа ханның дәрігері әрі хатшысы болған. Аса қабілетті, дарынды, жан-жақты оқымысты ғалымды бағалаған Ғазан хан оны 1298 жылы Елхан мемлекетінің уәзірі шеніне дейін көтерген. Рашид ад-дин көптеген кітаптар мен рисалалар жазған. Хұсни хат пен миниатюра шеберлерін, суретшілер мен ұсталарды және аудармашыларды маңайына жинаған оның кітапханасы аса бай болған. Жиырма жылдық уәзірлік қызметінде көптеген кітапханалар, ауруханалар, медреселер салдырған. Өз қаражатына Тебриз қаласында «Руб-и Рашиди» деп аталатын арнайы қалашық салдырған.
Ұлына жазған хатының бірінде Рашид ад-дин бұл қалашықта 30 мыңдай үй, 24 керуен сарай, 1 500 дүкен, моншалар, баулар мен бақшалар, ұстаханалар, қонақ үйлер, 6 000 шәкірт оқитын, 400 ғалым дәріс оқитын ірі медресе орналасқанын айтады. Сондықтан кейбір зерттеушілер «Руб-и Рашиди» қалашығын Иранның алғашқы университеті деп санайды. Осындай көрнекті ғалым, қайраткер тұлға болған Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» деп аталатын тарихтар жинағын Елхан мемлекетінің әміршісі Ғазан ханның жарлығы бойынша 1300 жылы бастап, 1316 жылы Олжайытұ сұлтан дәуірінде тәмамдаған. Ол туралы ғұламаның өзі: «Бүкіл әлем халықтары мен адамзаттың түрлі топтарының өмір салты мен хикаяларын қамтитын тарих осы уақытқа дейін ешбір дәуірде жасалмаған әрі ол мемлекеттерде өзге елдер мен қалалар туралы мәліметтер жазылған ешқандай кітап болмаған, оған қоса бұрынғы патшалардың ешбірі зерттеулер мен ізденістер жүргізбеді, кітаптар шығармады», — дей отырып, Ғазан ханның жарлығы бойынша осындай іргелі жұмыстың басталғанын, ол бұйрықты орындау үшін барлық елдердің ғалымдары мен беделді адамдарынан деректер жинастырылып, анықтау жұмыстарын жүргізгенін, көне кітаптардың реттеліп таңдап алынғанын, солардан сарапталып, үзінділер алынғанын баяндайды.
«Жамиғ ат-тауарих» жинағының бірсыпыра бөлімі 1836 жылы француз тіліне аударылған болатын. Одан кейін 1858-1888 жылдары И.Н. Березин орыс тіліне, 1911 жылы Э.Блоше француз тіліне аударды. Сонымен қоса, 1936 жылдан бастап КСРО Шығыстану институты ғылыми қызметкерлері тарапынан орыс тіліне аударылып, 1946 жылы 3-ші томы, 1952 жылы 1-ші томы, 1960 жылы 2-ші томы жарық көрді. Орыс тіліндегі бұл аударманың саяси цензуралық қатаң бақылауда жарыққа шыққан, әбден ескірген және бұрмаланған аударма болғанын ерекше атап өткіміз келеді. Ешбір түпнұсқалық факсимилесі берілмеген аудармада Орталық Азия тарихына қатысты тұстарына қажетті түсініктемелер жаңсақ, тіптен кемшіліктері көп болған. Сонымен бірге «Жамиғ ат-тауарих» жинағында түрлі-түсті суреттерімен берілген аса құнды миниатюралары, шежірелері, таңбалары секілді бай мұралары да мүлдем назардан тыс қалған еді. Одан кейін 1968 және 1980 жылдары А.А.Әли-заде «Жамиғ ат-тауарих» жинағының 2 том қолжазба нұсқаларының салыстырмалы мәтіндерін жариялады. Міне, осындай іргелі еңбек алғаш рет толық аударылып, қазақ оқырмандарына жол тартып отыр. ХІХ ғасырдан бастап ағылшын, француз, неміс, орыс, қытай және өзге тілдерге аударыла бастаған теңдессіз туынды алғаш рет қазақ тіліне 2017 жылы аударылып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің демеушілігімен жарық көрген еді. Оны қазақ тіліне тікелей аударған араб, парсы тілдерінің білгір маманы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбай.
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен алғашқы аударманың кейбір кемшін тұстары толықтырылып, көне сөздердің арнайы сөздігі реттеліп, жүйеленген, ғылыми талапқа сай екінші басылымы баспаға ұсынылып, зерделі зерттеушілер мен оқырман қауымға ұсынылып отыр. Бұл тұста аудармашы ғылым талабына сай қолжазбада жазылған мәтінді ешқандай өзгертпей, сөзбе-сөз қаз-қалпында аударды. Сондықтан аудармашы парсы тіліндегі түпнұсқадағы түрлі халықтардың аттары мен жер-су атауларын және арнайы терминдерді мүмкіндігінше түпнұсқаға сәйкес қаз-қалпында таңбалауды көздеді. Аудармаға негіз болған шығарманың парсы тіліндегі 1528 бет нұсқасы 1994 жылы Тегеранда «Әл-Барз» баспасы тарапынан шығарылған. Бұл толық нұсқаның факсимилесі де қоса берілді. Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген кітапты аударуға түрткі болған, оның сапалы шығуына жанашырлық танытқан танымал тұлға Бейбіт Атамқұловқа және еңбегі сіңген барша азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Құнды еңбек тарихымызды түгендеуге, жадының жаңғырып, ұлттық кодымызды түйсінуге, сол арқылы халқымыздың рухани жаңғыруына қызмет ететініне күмән жоқ. Сондықтан тарлан тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түсетін бағалы еңбек баршамызға құтты болсын!» делінген мақалада.