Қызылордадағы Айтбай мешітінде түбі жерасты жолдарына апаратын құпияға толы құдық бар (фото)
Қызылордадағы Айтбай мешітінде түбі жерасты жолдарына апаратын құпияға толы құдық бар (фото)
7 жыл бұрын 7026
Қызылорда қаласы тарихы да тереңде жатыр. Тоғыз жолдың торабын түйістіріп, қай кезде де халқына қорған болған шаһар қазір өндірісі өркендеп, экономикасы дамыған өңірге айналды. Екі ғасырға жуық шежіресі тасқа басылғандай іргелі қаланың өткені өнегеге толы келешегі кемел, деп жазады stan.kz ақпарат көзі Ақмешіт апталығы мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып.
 
Қызылорданың 200 жылдық тарихын әйгілейтін ерекшелікке толы, өзіндік сыр шертер ескі ғимараттарды кездестіруге болады. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бас мақаласында осындай рухани құндылықтарды бағалау жайында айтылған.
Осындай қастерлі орталықтың бірі – «Айтбай» мешіті. Себебі, қасиетті орын – тек бұрыннан келе жатқан көне нысанның бірі ғана емес. Ерекшелікке толы мешіт екенін білесіз бе? Көк күмбезді үйдің өз құпиясы бар.
 
Тарихшылардың айтуынша, мешітті сонау 1878 жылы Айтбай қажының қаржысына Әулиеата шеберлері – Ысқақ пен Камал салған. Сол кезде имандылық ордасын ел игілігіне айналдыру мақсатында 40 мың рубль жиналған көрінеді. Биіктігі 14 метрді құрайды. Алдыңғы жағы үлкен портал болып келеді. Күйдірілген қышпен өрнектелген, ортасындағы ойық-есік, екі жағынан төрт жалған терезе іспеттес оймышпен әшекейленген. Төбесі қаңылтырмен жабылып, іші сыланып, әктелген. Ал, 1980 жылы «Қазақ жобалау қалпына келтіру» институты мешіттің толық жаңғырту жобасын жасады.
 
Бір кездері осы мешіттің ішінде құдық барын естіген едік. Көнекөздердің айтқаны рас болып шықты. Құдық аталмыш нысанның төргі жағында орналасқан. Оны салудағы құпия не? Тарихи өлкетанушылардың болжауынша, құдықтың артында жерасты жолы бар екен. Ол жол шіркеу мен казармаға апаратын көрінеді. Шіркеу де көне нысанның бірі саналса, казарма – дарияның бойында орналасқан бұрыннан келе жатқан әскери ғимарат. Жерасты жолына кез келген адам түсе алмаған көрінеді. Сол кездегі бай-көпестерге, шенді әскерлерге ғана рұқсат етілген. Одан кейін ешкім түспеген деседі.
 
“Басқа қалалармен салыстырғанда Қызылорданың ауа-райы жазда өте ыстық екені белгілі. Ширек ғасырдан бері келе жатқан мешітте салқындатқыш құрал болмаған. Ал, сондай тұста мұндағы құдықтың өз ерекшелігі бар. Ол – қанша ыстық болса да, имандылық үйінің ішкі ауасын бірқалыпты ұстап тұрады. Оған қоса ауаны тазартады”, – деді Қасиетті мекеннің ішіндегі құдықтың ерекшелігі жайлы  «Айтбай» мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев.
 
Бүгінде құдық беті арнайы қақпақпен жабылып, бетіне кілем төселген.
 
Тағы бір деректерде мешіт Кеңес үкіметінің бергі кезінде жабылып қалады. Ол тұста бос ғимараттың сыртқы кірпіштері ұстап тұрады. Өйткені, биік нысанның іргесі берік, қабырғалары қалың болды. Жақын жылдарда имандылық орны күрделі жөндеуден өтті, мешіт біршама уақыт жұмысын тоқтатты. Қайта жаңарған мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді.
 
Бүгінде 500 адамға арналған тарихи мешіт республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіш қатарынан саналады. Тарихи шаһардағы сырға толы ғимараттың осындай құпиясы бар.
0 пікір
Мұрағат