Қытайға қарыз ел өз жерінде өгейдің күйін кеше бастады
Қытайға қарыз ел өз жерінде өгейдің күйін кеше бастады
5 жыл бұрын 3174 politic.bugin.kz Асхат Қасенғали

Қытай билігі Орталық Азия елдерін экономикалық тұрғыдан «жарылқап» жатыр. Тәжікстан - Орталық Азиядағы ең көп деңгейде Қытайдан инвестиция алған ел. Қазірдің өзінде бірнеше күміс және алтын кеніші Қытай тарапына өткені белгілі.

Инвестициямен қатар, қытай жұмысшылары да Тәжікстанға ағылуда. Мәдениеті мен діні, тілі мен шығу тегі бөлек қос ұлттың арасында түрлі қақтығыстар да болып тұрады.

2019 жылы ресурсты пайдалануға қатысты тәжік-қытай арасында бірнеше этникалық қақтығыс орын алған. Соның ең ірісі қытай-тәжік бірлескен «Зарафшон» өндіріс орны қызметкерлері мен Пенджикенттің көлік жүргізушілері арасында болды.  Аталмыш өндіріс орны КСРО уақытында ашылған болатын. Ал 1994 жылы 51% акциясын Commonwealth and British Minerals PLC Ұлыбританиялық компаниясы сатып алды. Аталмыш компания 2007 жылы 75% акцияны Zijin Mining Group Co. Ltd Қытайлық компаниясына Тәжікстанмен келісе отырып сатты. Осылайша кен орны Қытайға өтіп кетті. Республикадағы ең ірі алтын шығару кен орны болғандықтан, оның маңызы екі ел үшін де аса зор болып тұр.

2019 жылы «Зарафшон» кенішінің басшысы Чжан Холлинг өз тарапынан кенішке жақын аймақтан ауыр жүк көлігін жүргізушілерге құм мен тас тасуға тыйым салатын заң шығарды. Ал ол аймақтың халқы 20 жыл бойы тас пен құмды сату арқылы күн көріп келген. Бұған наразы болған жүргізушілер Соғдия облысының басшысы Раджаб Ахмадзодаға шағымданған. Алайда Холлинг әкімге жауап беруден бас тартып, тек Тәжікстан билігіне ресми жауап беретінін жеткізген.  

Содан бері бірнеше ай өтсе де, бұл мәселе шешілмеген. Жүргізушілер қаржысыз қалып, жұмыссыз отыр. Олардың басым көпшілігі Қытайдың ашық экспансияға көшуіне қарсылық білдіруге дайын. Ал Тәжікстан билігі бұл мәселені шешуге асығар емес.

0 пікір
Мұрағат