Пұтхана ішіндегі мешіт (фото)
|
Мысыр аумағындағы туристер көп баратын орындардың біріне айналған Луксор пұтханасында мешіт барын біреу білсе, біреу білмес. Тарихы тым арыда жатқан пирамидалар елінің ең ежелгі шаһарларының бірінде орын тепкен аталмыш пұтхана Жаңа патшалық дәуірінде (біздің дәірімізге дейінгі1550-1069 жылдар аралығында) перғауындардың тұсындағы археологиялық сәулет туындыларынан тұрады. Бүгінде көненің көзіне айналған пұтхананы екі перғауын - Рамсес II мен Аменхотеп III (әлемге әйгілі Тутанхамонның арғы бабасы) пәрменімен тұрғызылған. Ықылым заманда мысырлықтардың құлшылық еткен ғибадатхананың тарихи тамыры тереңде жатыр: Рим империясы дәуірлеп тұрған тұста аталмыш империяның рухани сая табар орнына айналса, кейін пұтхананың алғашқы сарайы, солтүстік-шығысындағы бұрышы христиандардың құлшылық кеңістігі ретінде танылды. Христиандықтың бірлі-жарым белгілері әлі күнге сақталған. Ал 11-ші ғасырда патимидтер дәуірінде пұтханада мешіт ашылды. Әбу-Һаггаг мешіті Лукор пұтханасының ең таңғажайып ерекшеліктерінің бірінен саналады. Жамағатына әлі күнге есігін айқара ашқан мешіттің мінбері, жайнамазы, қасиетті Қағбаға қаратылған құбыласы – пұхтананың тас бағанасын қашап салынған миһрабы бар. Бұдан бөлек, мешіттің өз «киелі орны» бар: Әбу Һаггага отбасы мүшелері әулие ретінде жерленген жабық бөлме. Мешіт Дамаскі тумасы, шейһ Жүсіп Әбу әл-Қажаждың атымен аталады. Ол туралы бүгінге жеткен дерек тым жұтаң, алайда, жергілікті жұрттың айтуынша, ол Пайғамбарлар падишасы – Мұһаммед Мұстапаның (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ұрпағы. Біз сөз етіп отырған Лукор пұтханасы 1979 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген.