Өлім жазасынан толық бас тарту қажет пе?
|
Еліміз өлім жазасынан толық бас тартуы қажет, - деп есептейді PRI (Халықаралық түрме реформасы) өкілдігінің Орта Азия бойынша аймақ директоры Сәуле Мектепбаева. Бұл жайында Tengrinews.kz ақпарат көзі хабар таратты. Оның айтуынша, елімізде өлім жазасына маратории жарияланғанымен Конституция да, қылмыстық заңнамаларда күшін жойған емес. Десе де, ол еліміздің өлім жазасын алып тастау жолында біртіндеп болса да, ілгерілеушілік бар көрінеді. Алдымен бұл ауыр тақырып қоғам талқысына түсті, артынан маратории жарияланды. Мұның өзі жақсы нышан. Түбінде еліміз жазаның осы түрінен біржола бас тарта ма деген үміт те жоқ емес. Сондай-ақ, PRI өкілінің сөзіне қарағанда, адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру өлім жазасынан ауыр жаза болып табылады. Мұндай жазалар қылмыстың деңгейін төмендете алмайтынын тілге тиек етті. Яғни, қылмыстық ахуалға мұндай жазалар ықпал ете алмайды екен. Осылай дей келе ол дәлел ретінде Қазақстанда өлім жазасына маратории жарияланғанына он жыл өтсе де қылмыстық ахуалдың өзгермегенін алға тартты. Яғни, өлім жазасы қолданылған кездегі қылмыстық ахуал қандай болса, бүгінгі күні де сондай деңгейде қалып отыр. «Араб елдерінде өлім жазасы қолданылатындықтан оларда тәртіп күшті дейтін пікір қалыптасқан. Салыстыру үшін айтайықшы, жақында араб елдерінде болып қайттым, ондағы қылмыстық ахуалдың ушықпауына өлім жазасының қолданылатыны себеп болды десек, қателесеміз, қауымдық кланның (туыстық қатынастың) үстемдік құруына байланысты осындай тәртіпке қол жеткізген. Ағайынның сөзіне қалып, наласына ұшыраудан асқан қасірет жоқ»,-деді ол. Елімізде 2003 жылы ҚР президентінің жарлығымен маратории жарияланғанша өлім жазасы бойынша 536 үкім орындалған екен. Яғни, ату арқылы жүзеге асырылған. Өлім жазасына ел конституциясы мен қылмыстық заңнама бойынша адам өліміне апарып соқтырған террористік актіні жүзеге асырғандарға, диверсиялық әрекетке барғандарға, әскери уақыттағы ауыр қылмыстарды жасағандарға қолданылады.