Жұмыс орнына шариғат шәлісімен келу міндеттелді
|
Малайзия муниципалитетінің жаңа жобасы аясында әйелдер жұмыс орнына әурет жерлерін бүркемей келетін болса, сол үшін жұмыс беруші жауапқа тартылады. Яғни, оларға санкция салынады. Бұл талап мұсылман емес қыз-келіншектерге де қатысты: олар жұмыс орнына тар әрі қысқа киім киіп келмеуі керек. Бұл жобаның кәсіпкерлер мен әйелдердің құқығына қол сұғуға бағытталғанын тілге тиек еткен малайзиялық саясаткер әйел Датук Хенг Сиай Кие биліктің аталмыш бастамасын қатаң сынға алды. «Мұндай қадам жұмыс берушінің өз қол астындағы мұсылман әйелдерге қырын қабақ танытуына апарып соқтырады әрі Келантандағы мұсылмандар мен мұсылман еместер арасындағы қатынасқа салқынын тигізеді», - деді ол. Сонымен қатар, жұмыс беруші әйелдердің шариғат талаптарына сай киінгенін қадағалағаннан гөрі ер-азаматтарды жұмысқа алуды қолай көретін үрдіске жол ашатынын да алға тартты.