Елде жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа кетеді
Елде жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа кетеді
1 ай бұрын 644 24.kz

Елде жылына 3 млн-ға жуық сиыр терісі сыпырылады. Бұл туралы 24.kz аөпарат көзі хабарлады.

Бірақ, көбі жарамсыз. Сол себепті, жыл сайын 2 млн-нан астам ірі қара терісі қоқысқа тасталып жатыр. Тері илеу кәсібінде қордаланған мәселе баршылық. Мал басы өскен сайын теріні кәдеге жарату мәселесі де жиі көтерілетін тақырыпқа айналды.

Мал терісін қалай кәдеге жаратамыз?

Елде мал терісінің шамалы бөлігі ғана өңделеді. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр сойылған 2,5 млн ірі қараның 8%-нің ғана терісі өңделген. 14%-і экспортқа шығарылыпты. Ал қалған 78%-і кәдеге жарамай, қоқысқа тасталған. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, отандық нарықта сұраныс аз. Теріні өңдеп, одан өнім шығаратын зауыттардың өндірістік қуаты төмен. Екіншіден, шикізаттың сапасы нашар. Себебі, талапқа сай сойылмағандықтан, малдың терісі шұрық-тесік. Яғни, оқыра тескен немесе сойған кезде тілінген терілерді өңдеу мүмкін емес. Кейінгі жылдары бұл терілер желатин өндірісінде көптеп пайдаланылып жатыр. Жаңадан кәсіпорындар ашылды және Қытай нарығында сұраныс артты. Дегенмен, мамандардың айтуынша, желатин шығаратын зауыттар елдегі шикізатты толық игере алмай отыр.

Нұрман Нүптікеев, Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы: - Желатин деген – қосымша өнім. Ал негізі терінің пайдалану аясы аяқкиім, жаңағы былғары өндірісіне қарай кету керек қой. Біздің терілердің 100%-нің 20-30%-і ғана соған жарап тұр да, ал 70-80%-і Қазақстан теріcінің былғары өндірісіне жарамай тұр. Қазір сол себептен терінің сапасын көтеру деген мәселе бірінші кезекте болып тұр да. Ауылдағы малды союдан бастап, малды ұстау, сою, жаңағы ветеринариялық екпелерді егу деген сияқты.

Тері үшін субсидия төленеді

Үкімет саладағы қадағалауды күшейту мақсатында жол картасын әзірледі. Жол картасында шикізат дайындау нүктелерін жолға қою қарастырылған. «Бұл – оң бастама», – дейді мамандар. Олардың айтуынша, өндірістік тізбекті қалыптастыру қажет. Яғни, тері өңдейтін зауыт-фабрикаларды тұрақты шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жұмыс істеуі керек. Тері зауыттары ет комбинаттарының маңында шоғырлануға тиіс. Ал ет комбинаттарында малдың терісі дұрыс сыпырылуы қадағаланады. Бұл логистикалық тұрғыдан да ұтымды болмақ. Сонымен қатар, мал баққан ағайынды ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия төлеуді жоспарлап отыр.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары: - Фермерлерге қайта өңдеуге тапсырған тері үшін субсидия беру мәселесі. Осындай механизм басқа да өнімдер бойынша қазір істеп келе жатыр, мысалға, сүтті тапсырғаны үшін субсидия беріледі фермерлерге. Қызылшаны тапсырғаны үшін фермерлерге субсидия беріледі. Дәл осы сияқты механизмді біз тері мен жүнге де қатысты іске асырмақшымыз. Сонда қайта өңдеушіге келетін шикізаттың құны тағы да біршама арзандайды. Ол демек әрі қарай өткізген кезде де оның бәсекеге қабілеттілігі жоғарырақ болады деген сөз.  

Қой терісіне сұраныс жоқ

Қазір тері өңдеушілер шикізатты әртүрлі көздерден алады. Олардың қатарында ет комбинаттары да, жекелеген фермерлер де бар. Бұл жерде бұқа терісі қымбат тұрады. Яғни, ұрғашы мал терісінің бір келісі 100 теңгеге дейін бағаланса, бұқа терісінің бір келісі 150 теңгенің маңайында. «Ал ұсақ малдың терісіне мүлде сұраныс жоқ», – дейді маман.

Нұрман Нүптікеев, Қазақстанның тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы: - Ірі қара малдың терісі арзан болғаннан кейін қой терісіне деген сұраныс мүлдем жоқ. Қой терісі, былай айтқанда, өліп-өшіп бара жатқан салаға жатады қазір. Оның ішінде бірақ енді аяқ киімнің астарына, біздің мына мемлекеттік тапсырысқа аяқкиімнің астарына, жылы, қыстық аяқкиімдерге пайдаланатын «мехподкладка» дейді ғой, сондайға былтырлары сұраныстар бар еді. Қазір ол сұраныс та жоқ. Себебі сырттан дайын аяқкиімдер кіріп кетіп жатыр да. Бұл бізді, шала-жансар күйде тұрған кішігірім цехтарды, олардың өзін қазір тоқтап, банкрот болуына алып келіп жатыр.  

Тері өңдеушілерге жеңілдетілген несие беріледі

Саланы дамытудағы тағы бір кедергі, зауыттар жабдығы әбден ескірген. Тіпті тозу деңгейі 80%-ке жеткен кәсіпорындар бар. Ең жаңа деген зауыттың технологиясы 17 жыл бұрын іске қосылған. Ал технологиялық желіні жаңғырту үшін қыруар қаржы қажет. «Бұл жерде, әрине, мемлекет тарапынан қолдау болмаса, кәсіпкерлердің шамасы келмейді», – дейді маман. Қазір осы кәсіпорындарды жаңарту үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Яғни, кәсіпкерлерге төмендетілген пайызбен несие берілмек.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары: - Ал осы сияқты жобалар іске асуы үшін, жаңа мен бірінші бөлігін айттым ғой, өндіріс жағында сүт-тауарлы ферма құруға арзандатылған несие беріледі деп, сол қатарға біз басқа да қайта өңдеуші кәсіпорындардың бәрін қосып қойдық, сол бағдарлама бойынша қаржыландыруға болатындай қылып. Яғни, қайта өңдеуші кәсіпорындар бар ғой, соның ішінде теріні қайта өңдеушілер сол бағдарлама бойынша арзан несие ала алатын болады.

Жеңіл өнеркәсіптегі былғары өндірісінің үлесі – 9%

Жалпы тері өңдеу саласы, яғни, былғары өндірісі жеңіл өнеркәсіпке жатады. Былтыр салада 200 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал былғары өндірісінің мұндағы үлесі 9%-ті еңсерді. Бұл көрсеткішті ұлғайту үшін елде шикізат жеткілікті. Қазақстанда 9 млн ірі қара мен 24 млн-ға жуық қой-ешкі бар. Жұмыс күшін де табу қиын емес. Енді тері өңдеушілер Үкімет әзірлеген жол картасына үмітпен қарап отыр. Бұл құжат саланың тамырына қан жүгіртуге тиіс.

Африкада есек терісін сатуға тыйым салынды

Әлемде жыл сайын мыңғырған мал сойылса, оның әр бөлігі еш зая кетпейді. Ебін тапқандар еті мен терісін кәдімгідей кәдеге жаратып отыр. Етін жесек, терісінен тон киіп жүрміз. Ал сол терінің қатерлі ісік туғызатынын біле ме жұрт? Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі тері қалдықтарын канцероген, яғни обыр туғызатын қауіпті химиялық қоспалар тізіміне қосты. Ал тері өңдеу зауыты жанындағы жер асты сулары сол аймақта қоныстанған адамның өміріне үлкен қауіп төндіреді екен. Тіпті, былғары аяқ киім, сөмке мен теріден жасалған киім-кешекте көбінесе канцерогенді ауыр металл хромының іздері байқалады.

Сиырдың тезегі қоршаған ортаны ластайды

Терінің тіршілік иесіне зиянынан тыс жер шарына төндіретін қаупі де көп. Ол климаттың өзгеруіне, жасыл желектің жойылуы мен биоалуандылықтың жоғалуына әсер етеді. Тері саудасы үшін күтіп бағылатын ірі қара жыл сайын атмосфераға 340 миллион тонна көміртек шығарады. Яғни, оның тезегі шіріген кезде қоршаған ортаға улы газ бөлінеді. Бұл ауаға таралатын парниктік газ қалдықтарының бестен бірі. Ал Peta жануарларға этикалық қатынас халықаралық ұйымының дерегіне сәйкес сиыр терісінен жасалған былғарының айналаға кері әсері көп. Ірі қара терісінің қоршаған ортаға зияны өсімдік терісіне қарағанда 10 есе, синтетикалық және вегетариандық былғарыдан алты есе жоғары.

Бангладеште 90% жұмысшы химиядан уланып  қайтыс болады  

 

Бангладеш

Тері өңдеу зауыттарында қолданылатын химиялық қоспадан келер қауіп көп. Мыңдаған тонна улы заттар фабрикада жұмыс істейтін адамның алдымен, саулығына, мұнан соң өміріне айтарлықтай зиян келтіреді. Тіпті, сол маңды мекендейтін тұрғындар да ауруға ұшырауы мүмкін. Әсіресе, балалар тері қалдықтарының зиянын көп шегеді. Оған кей елдердегі кейінгі деректер дәлел. Нәпақасын ірі қарадан айырып отырған Бангладеш халқының басым бөлігі Даккадағы тері өңдеу зауытында жұмыс істейді. Жергілікті қоршаған ортаны қорғау және адам дамуы ұйымының келтірген дерегіне сәйкес зауыт маңында тұратын адамдар химиялық ластанудан асқазан-ішек жолдары, дерматологиялық ауруларға жиі шалдығады. Ал фабрикада жұмыс істейтін жұмысшылардың шамамен 90%-ы 50 жасқа жетпей өлім құшады. Оның 25 пайызы 11 жасқа толмаған балалар.  

Кентуккиде тері илеу мамандары лейкозға жиі шалдығады  

АҚШ

Ал АҚШ-тың Кентукки штатындағы тері илеу зауыты маңында тұратын жұрт арасында лейкоз дертіне шалдығу елдегі орташа көрсеткіштен 5 есе артты. Бұл деректі жергілікті ауруларды бақылау және алдын алу орталығы келтіріп отыр. Олардың айтуынша, теріні әрлеуге қолданылатын мышьяк химиялық қоспасы, онымен жұмыс істейтіндер арасында қатерлі ісік қаупін арттыра түскен.

Қара құрлықта есек терісі саудасына тыйым салынды 

Биылдан бастап қара құрлықтағы 54 елде есек терісі саудасына тыйым салынды. Африка басшылары шектеуді Эфиопиядағы Африка одағының саммитінде мақұлдады. Олардың бұл шешімге келуіне елдегі есек популяциясының күрт төмендеуі себеп болған. Есек терісіне сұраныс Қытай тарапынан жоғары. Өйткені, бұл ел жануардың терісінен жасартатын препарат жасап, оны косметика өндірісінде қолданып жүр. Бірақ, өнімнің пайдасы әлі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Жер шарындағы 53 миллион есектің үштен екісі Африканы мекендейді.

ЦИТАТА   

Соломон Онянго, Donkey Sanctuary жануарларды қорғау қайырымдылық ұйымының өкілі

Есек саудасы қатігездіктің нақ өзі. 2016-2019 жылдары біздің елде жануардың жартысына жуығы сауда үшін өлтірілді. Бұл шешім есекті қорғауға арналған маңызды шешім. Сондай-ақ, оған тәуелді адамдардың өмір сүруіне айтарлықтай әсер етеді.   

Ұлыбритания жануар жүнін сатуды заңмен шектемек 

Ұлыбритания үкіметі жануарлардың терісін импорттауға және сатуға тыйым салу туралы заң жобасын қарап жатыр. Құжат түлкі, ракон иті, күзен, шиншиллалар мен койоттардың терісін саудалауға шектеу қоюды ұсынып отыр. Егер ұсыныс қабылданса, Ұлыбритания әлемдік тері саудасындағы өзге елдермен ынтымақтастығын біржолата тоқтатады. Жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйымның дерегіне сәйкес, кейінгі 5 жылда корольдікке өзге елдерден 7 млн жануардың терісі жеткізілген.

ЦИТАТА  

Рут Джонс, парламент депутаты

Зауыттардағы үркіп қалған жануарлардың көзқарасы менің жүрегімді қатты елжіретті. Болмашы нәрсеге бола тіршілік иелеріне не себепті қорлық көрсететінін түсіне алар емеспін. Енді бұл қатігездікке шектеу қоятын уақыт келді. Заң күшіне енсе, бүкіл әлемді ойландырарлық бастама болады. Ауызша. Заңмен тыйым бұл елдерге қаншалықты тиімді? Өйткені біразы тері мен жүн сату арқылы сауда айналымын ұлғайтып, ел экономикасын өркендетіп отыр. Ал өзге елдер үшін қатыгездікке шектеу қою арқылы игілікті іс жасап отыр. Бастысы, олардың үлгі аларлық тұсын іліп алса игі.

 

0 пікір
Мұрағат