Әлемде 50 миллионнан аса адам құлдықта жүр
|
Бүгінде әлемде 50 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Олар ауыр жұмысқа күштеп жегіліп, не тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Бұл азаматтарды құлдықтан құтқару үшін не істеу керек? Сарапшылар не дейді? Бүгінде құлдықта жүргендер әлемнің кез келген елінде кездеседі.
Walk Free құқық қорғау ұйымының есебі бойынша жер жүзінде 28 миллион адам жұмыс іздеп жүріп, құлдық құрығына түссе, тағы 22 миллион азамат мәжбүрлі некеге байланысты күң болып жүр. Мұндай жағдай көбіне Солтүстік Корея, Эритрея мен Мавританияда кездеседі екен. Сарапшылардың сөзінше, еріксіз еңбекке жегілетіндердің дені көбіне өзге елдің азаматтары.
Грейс Форрест, Walk Free қорының директоры: - Бүгінде әлем бойынша 50 миллион адам құлдықта өмір сүреді. Бәрі ауыр жұмысқа еріксіз жегіліп, некеге тұрып, жалшы ретінде күн кешіп жүр. Мұндай жағдай, әсіресе, мигранттар арасында көп кездеседі. Бірнеше ай бойы тегін еңбек етіп, кейін ақысын ала алмай тентіреп кетеді. Жалпы адамдардың құлдыққа түсуінің бірден бір себебі – қарыз.
Күнделікті өмірде қолданып жүрген тауарлар дәл осы құлдық қанауында жүргендердің қолынан шыққан болуы мүмкін. Әсіресе түрлі электроника, киім мен азық-түлік заттары. Өйткені, шикізат өндіру, тауар әзірлеудің бастапқы кезеңдеріндегі жұмысқа көбіне дәл осы адамдар жегіледі екен. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша соның арқасында қылмыстық топтар жыл сайын 200 миллиард доллар пайдаға кенеледі.
Жильбер Унгбо, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры: - Қазір әлемде күштеп жұмысқа жегуден түсетін жылдық табыс 236 миллиард доллар. Бұл үкіметке түсуі тиіс салық пен жұмысшылардың қалтасынан ұрланған қаржы.
Аталған мәселені шешу үшін әлемдік қауымдастық күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуі керек. Құлдықпен күресте нақты шаралар қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, мемлекеттік жүйелер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдауға басымдық берілуі қажет. Сарапшылар осылай дейді.
Әлемде 160 млн бала құлдықта жүр
Балаларды қорғау күні бекітілген кезде Біріккен Ұлттар Ұйымы кез келген бала нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан жақсы өмір сүруге, зорлық-зомбылықсыз, бейбіт күнде өмір сүруге құқығы бар деген қарар қабылдады. Соған қарамастан қазір әлемде 160 миллион бала құлдықта жүр. 2017 жылы көрсеткіш 152 миллион болса, қазір оның едәуір өскенін байқаймыз. Оның ішінде 84 миллион бала тұрмысы нашар елдерде, 11 миллионы Америкада, 6 миллионы Еуропа мен Орталық Азияда, араб елдерінде қара жұмысқа жегілген. Статистика көңіл көншітпейді.
Жалпы бұл сандардың кемитін түрі бар ма? Әлем елдерінде бала құқығы қаншалықты қорғалған? Иә, әлем елдерінде бала құқығын қорғауға қатысты қалыптасқан заң, арнайы тәртіп бар. Дегенмен, деректер бала құқығының әбден тапталғанына дәлел. Заң мен құқықтан аттаған бірқатар елде қылмыстық әрекет тыйылмай тұр. Бұл елдерде бала құқығы қаншалықты қорғалмаған?
Балаға «бала» деп қарамайтын ел
7-8 жасар бала қолына қалам алып, мектеп партасында отырушы еді. Ауған елінің балалары жалаңаяқ кесек тасып жүр. Жалпы Ауғанстанда ұл балалардың 55%-і, қыз балалардың 67%-і мектепке бармайды. Оған себеп – тұрмыс тауқыметі. Жағдайы жетпеген отбасылар жастайынан балаларын жұмысқа жегіп, ықпалды адамдардың қол астына жібереді. Ақысын жемей, еңбегінің ақысын беретіндері бар. Кесек таситындары күніге 2 доллардай табады. Бұл біздің теңгеге шаққанда небәрі 800 теңгедей. Мұның сыртында сағат саны, балалардың физикалық қауқары мүлдем еленбейді.
«Билікке тәліптер келгеннен соң, қоғамдағы жағдай ушығып кетті. Оның сыртында сан ғасырлық қақтығыс бар. Ауған қоғамы жақсаруы үшін тарихы қайта жазылуы керек. Алайда, ол – мүмкін емес нәрсе», – Аршад Малик, Ауғанстандағы балаларды қорғау ұйымының директоры.
Ауған қызы — әрі ұл, әрі құл
Бача-пош дегенді бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл – Ауғанстандағы қыз балаға қатысты ең сорақы дәстүр. Яғни, қызды ұлға айналдыру. Қоғамда дүниеге қыз бала келсе, бұл абыройсыздықпен тең деген түсінік бар. Сондықтан, нәзік жандыларды ұлша киіндіріп, шашын алып, ауыр жұмыстарға жегеді. Олай жасамаса, қыздар не көшеге шықпайды, не бала болып ойнамайды. Ал ол қыз өскенше ата-анасы тұрмысқа беруге асығады. Халықаралық қауымдастық бұл үрдісті тоқтатуға тырысқанымен, әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Аккумулятор шикізатын неге балалар қазады?
Балалар еңбегі көбінесе электромобиль өндірісінде, атап айтқанда, аккумуляторлар үшін шикізат өндіруде қолданылады. Бұл туралы Нью-Йорк университеті мен Женева бизнес және адам құқықтары орталығының зерттеушілері мәлімдеді. Литий-ионды батареяларда негізінен Конгодан жеткізілетін кобальт бар. Африка құрлығының елі осы шикізаттың әлемдік қорының 80% құрайды. Оның 20%-і заңсыз шахталарда өндіріледі. Осы жұмысқа жегілген бала көп. Өйткені, оларға тар туннельдерге көтерілу әлдеқайда оңай.
«Адамдар қазба орындарына отбасыларымен келеді, бекітілмеген шұңқырларды қазады, содан кейін балаларын құдықтарға жібереді. Көптеген компаниялар балалар еңбегін пайдаланатын ұйымдардан кобальт сатып алмаймыз деп мәлімдегенімен, әлемдегі кобальттың 10% - ы қолөнер шахталарын жеткізеді және бұл өте көп шикізат», – Майкл Познер, Нью-Йорк университетінің Бизнес және адам құқықтары орталығының директоры.
Иіссу өндірісінің беймәлім тұсы
Ақжұпар, яғни жасмин гүлі – парфюмерия өндірісіндегі негізгі қоспа. Бұл өсімдік Мысырдан келеді, онда оның әлемдік қорының жартысы өндіріледі. BBC-дің қылмыстық әрекеттерді ашу бөлімі гүл теру үшін кәмелет жасқа толмаған балалардың жұмысқа жегілгенін анықтады. Балалардың ең кішісінің жасы 5-те.
«Мысырда заң бойынша 15 жасқа дейінгі балаларға 7-ден 7-ге дейін жұмыс істеуге тыйым салынған. Өкінішке қарай, бұл тек қағаз жүзінде қалып тұр», – Томая Обоката, заманауи құлдық мәселері бойынша БҰҰ өкілі.
Бақытты vs бақытсыз балалық шақ Баланың «балалығы ұрланған» әлемдегі ең бақытсыз елдер рейтінгінің алғашқы бестігінде Ауғанстан, Ливан, Лесото, Сьерра-Леоне және Конго бар. Ал Финляндия, Дания, Исландия, Швеция мен Нидерланд бала үшін, білім алуы, денсаулығы, тұлға болып қалыптасуы үшін ең қауіпсіз елдер тізімінде көш бастап тұр.
Жыл сайын 150-ге жуық отандасымыз құлдыққа түседі
Елімізде жыл сайын 150-ге жуық отандасымыз құлдық құрығына түседі. Әсіресе, бұрымдыларды жезөкшелікке мәжбүрлеу күрт көбейген, деп хабарлайды 24KZ.
Мәжіліс қабырғасында адам саудасына қатысты заң жобасы қабылданды. Жаңа құжат тағдыры тәлкекке түскендерге араша бола ма? Мамандар не дейді? Елімізде адам сату қылмысы тыйылмай тұр. Жыл сайын 150-ге жуық іс анықталады. Дені – жыныстық құлдықта ұстау дерегі. Көбі оңай ақша, жайлы жұмыс іздеп шалт басады. Жеңгетайлар айланың сан түрлі жолын меңгерген. Тапқан адамын тез арада шетел асыруға тырысады. Себебі Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде жезөкшелік қызметке сұраныс жоғары.
Әлібек Оразалы, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары: - Адам саудасына байланысты жыл басынан 93 факті тіркелді. Бұл жерде жаңа туған балаларды сатудан бастап үлкен адамдарды мәжбүрлеп сату. 11-15 адамдардың өздері де кейде ақша үшін келісіп жатады. Тоқсан сайын жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Ауылдық аймақтарда, мал жайылымдарында немесе моншаларда сауда деп жатамыз, құлдықта болуы мүмкін адамдарды тексеру мақсатында.
Иә, «құл ұстағыштар» өз елімізде де жетіп артылады. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент пен Қарағанды, сондай-ақ, еліміздің батысында жағдай күрделі. Қазіргі таңда 111 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Қожалықтағы қожайын-сымақтар да көп жағдайда қылмысқа барады. Алдап-сулап малын бақтырғаны былай тұрсын, өзгенің өміріне өзім би, өзім қожа деп санайтын секілді. Мәселен, Ақтөбе өңірінің Хромтау ауданында жұмысқа заңсыз жегілген 3 әйел құтқарылды. Ал қылмыскер 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Десе де қылмысты дәлелдеу әркез оңайға соға бермейді.
Гүлнұр Едігеева, сарапшы: - Жеке қожалықта жұмыс істеп жүргенде құжаты жоқ, кете алмайды, сонда алып келіп, бұл жерде қылмыс бар деген кезде полиция қызметкерлері «қолында телефоны болды ғой, неге ол кісі хабарласпады полицияға» дегенде осал жағдайды ескермейді. Бұл жерде қорқыныш болды, бұл жерде мәжбүрлеу болды, оған дейін ұрып-соғу болды дегендей. Полиция қызметкерлері ондай жағдайды қабылдамайды.
Сондықтан мамандардың жалғыз үміті Мәжілісте қабылданған жаңа заң жобасы.
Жанғали Кенбаев, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық сарапшы: - Жаңа заңда осал жағдай, адам саудасының құрбаны, адам саудасының ықтимал құрбаны деген ұғымдар пайда болды. Егер қылмыстың қандай да бір белгісі байқалса, бірден көмек беріледі. Сонымен қатар, интернеттегі адам саудасына қатысты арнайы тармақ енгізілді. Оның ішінде жезөкшелік, жыныстық қызметті насихаттап, жарнамалағандар жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, 16 мен 18 жас аралығындағы тұлғалардың жыныстық қызметіне жүгінгендерге де тиісті шара қолдану көзделген.
Қазір адам мен адам ағзасын ұрлағандарға 18 жылға дейін жаза кесіледі. Жалпы адам саудасы Қазақстанда ғана емес. Бұл – ескірткі, қару сату сынды әлемдік мәселе. Сондықтан табандылық пен жүйелі жұмыс керек.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев.