Вирусты аулайтын наноқұрылым жасалды
|
Урбана-Шампан қаласындағы Иллинойс университетінің ғалымдары жасуша инфекциясын диагностикалау және вирустың жұғу жолын бұғаттау үшін COVID-19 вирус бөлшектерін аулауға қабілетті, NanoGripper деп аталатын наноқұрылым жасап шығарды. Бұл жайында islam.kz порталы Science Robotics мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. NanoGripper — ДНҚ-ның бірыңғай молекуласынан жасалған наноробот. Оның құрылымы адам қолына ұқсайтын төрт саусағы және алақаны бар Конструкциясы әр саусақтан үш буынды қамтиды, мұндай құрылым жоғары дәлдіктегі заттарды ұстап тұруға мүмкіндік береді. Аппарат биомедициналық тапсырмаларды орындай отырып, жасушалармен, вирустармен және молекулалармен әрекеттесе алады. NanoGripper наноқұрылымы ДНҚ-оргигами (молекулаларлың бір-бірімен байланысу) әдісі негізінде жасалған. Яғни, бұл арада ДНҚ-ның бір ұзын молекуласын күрделі үш өлшемді құрылымға бүктеуге мүмкіндік беретін ерекше тәсіл турасында сөз болып отыр. Барлық элементтер - бекітілген де, жылжымалы бөлшектер де бір мезгілде қалыптасады. Аулау мүмкіндігі ДНҚ аптамерлері деп аталатын арнайы учаскелермен қамтамасыз етіледі, олар саусақтардың қозғалысына бастамашы болған нысанаға байланыстырылады. COVID-19 жұқпалы індетін адамның жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын анықтау үшін NanoGripper наноқұрылымы фотонды-кристалды сенсормен біріктірілген - ауруды 30 минут ішінде анықтай алады. Ауланған вирус флуоресцентті молекуланы белсендіреді. Осылайша бұл жүйе үлгідегі вирус санын анықтауға мүмкіндік бермек. Бұдан басқа, NanoGripper жасуша инфекцияларының алдын алуға қабілетті. Бұл бағыттағы тәжірибе барысында нанороботтың өзін вирустық бөлшектерді орап, олардың ақуыздарының жасуша рецепторларымен өзара әрекеттесуін бөгеп тастайтынын көрсетті. Зерттеушілер технологияның әмбебаптығына баса назар аударады. NanoGripper тұмау немесе АИТВ сияқты басқа вирустармен күресуге, сондай-ақ, қатерлі ісік жасушаларына дәл жеткізуге бейімделуі мүмкін.