Ұрын келетін дерттің жай-жапсары
|
Елімізде жылына 36 мың адамға қатерлі дерт диагнозы қойылса, осы дерттен жыл сайын 15-17 мың адам көз жұмады. Бұл дерттің пайда болу себептері мен алдын алу жолдары қандай? Не себепті аты жаман ауруға шалдыққан адамдар мүмкіндігінше шетелде емделуге тырысады? Қазақстан Республикасының Ұлттық бағдарламаны іске асыру шеңберінде қандай скринингтер жүргізіледі? Осы тақырыпқа қатысты және басқа да сұрақтарға Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Зарина Керуенова жауап берді.
Ешкімге кепілдік жоқ
Қатерлі ісік – қандай дерт? Оның пайда болу себептері қандай?
Зарина Керуенова: Қатерлі ісік – ағзадағы жасушаның бақылаусыз бөлінуінен (өсуінен) пайда болатын мутациядан басталатын ауру. Жасуша бағдарламасының қашан, қалай, не себепті бұзылатынын алдын ала 100% болжау тәсілі табылмаған. Сол себепті бұл дерттен ешкім сақтандырылмаған.
Бұл дерттің пайда болуына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?
Зарина Керуенова: Дегенмен, қазіргі кезде жасуша биохимиясы жақсы зерттелген. Ғалымдар жасушаның қатерлі ісік жасушасына қалай айналатынын зерттеп, қандай жағдай әсер етуі мүмкін екенін саралап, қатерлі ісіктің пайда болу мүмкіндігін процентпен есептеген. Қатерлі ісіктің дамуына генетика 10%, экология 5%, ал темекі шегу, салауатты өмір салтын ұстанбау сияқты зиянды әдеттер 85% әсер етеді.
Қатерлі ісік дертінен толық сауығып кетуге бола ма?
Зарина Керуенова: Соңғы жылдары медицина саласы дамып келеді: көптеген онкологиялық ауруы бар науқастар түбегейлі емделіп, толыққанды өмірге оралады. Оның толық емделуі дерттің қай сатысынан бастап емделуіне байланысты.
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы
Оның алдын алу үшін қандай шаралар қолдану керек?
Зарина Керуенова: Ең қиыны сол – қатерлі ісік дерті еш симптомсыз өтеді, яғни науқастың бойында ауру белгілері бірден байқалмайды, сол себепті уақыт өткізіп алып, әбден асқынған кезде ғана диагнозы анықталатындар бар. Алдын алу шараларының ең тиімді әдістерінің бірі – дәрігерге уақытылы қаралып, скринингтен өту. Скрининг – қатерлі ісікті анықтауға көмектесетін тексерілу. Дерттің белгілері болмаған кезде де скринингтен өтіп, алдын ала тексерілуге болады.
Қазақстанда қандай онкоскринингтер жүргізіледі?
Зарина Керуенова: Елімізде жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтауға (30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет), сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға (2 жылда 1 рет), колорекальді қатерлі ісігін ерте анықтауға (30-70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де 2 жылда 1 рет) арналған скрининг жүргізіледі. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының Ұлттық бағдарламаны іске асыру шеңберінде іске асырылады.
2018 жылы Қазақстанда қанша адам скринингтен өтіп, қаншасында қатерлі ісік дерті анықталды?
Зарина Керуенова: Былтыр 929 465 әйел жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау үшін скринингтен өтіп, оның ішінде 330 жағдай анықталды: І сатыда 195 жатыр мойны қатерлі ісігі жағдайы, ІІ сатыда 130, ІІІ сатыда 5 науқас анықталды. Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін 754 465 әйел тексеріліп, 1625 сүт безі қатерлі ісігі анықталды, оның ішінде 1551 жағдай І, ІІ сатысында анықталды. Колоректальді қатерлі ісігі бойынша 309 жағдай анықталды, оның ішіндегі 273 жағдай І, ІІ сатыда анықталды. Байқап отырғаныңыздай, скриниг нәтижесінде қатерлі ісік дерті ерте сатыларда анықталды. Бұл – аталған дерттен құлан таза сауығып кетуге көмектеседі
Қазақстанда қатерлі ісікті тегін емдейді
Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай Қазақстанда қандай шаралар өтеді?
Зарина Керуенова: Іс-шараны 2005 жылдан бастап «Онкологиялық аурулармен күресу бойынша халықаралық одақ» (UICC) ұйымдастырып келеді. Бұл халықаралық күннің мақсаты – халықты қатерлі ісік туралы хабардар болуды арттыру, ауруды болдырмауға, оны анықтауға және емдеуге назар аударту. Биыл 5-15 ақпан аралығында елімізде Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес күні аясында «Қатерлі ісіксіз өмір» Ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылады. Ұлттық бағдарлама аясында республика бойынша тақырыптық сабақтар, ата-аналар жиналыстары, сынып сағаттары, кураторлық сағаттар, шығармашылық конкурстар, диспуттар, сұрақ-жауаптар кеші, акциялар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер, спорттық шаралар, ашық есік күндері өтеді.
Бұл – сіздің салаңызға қатысты сұрақ емес, дегенмен жеке пікіріңізді білгім келеді. Аты жаман ауруға шалдыққан қазақстандық азаматтар не себепті шетелде емделуді қалайды?
Зарина Керуенова: Елімізде бұл дерт Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін түрде емделеді. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда бұл дерт түрін халықаралық стандартқа сай емдейді. Бізде озық технологиялар енгізілуде, жақсы мамандар бар, түрлі жабдықтар сатып алынуда. Шетел асып емделгісі келгендер таңдау мүмкіндігін пайдалануға құқылы.