Тірі жасушаларды аулау үшін жарықты пайдаланатын «сәуле» әзірленді
|
Бірегей құрылғы биологиялық бөлшектерді аулау және басқару, дәлірегі, манипуляциялау үшін тар жарық шоғын пайдаланады. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Communications ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Массачусет технологиялық институтының (MIT) ғалымдары шағын чип негізіндегі «сәуле аулайтын арқалықты» жасап шығарды. Аталмыш технология болашақта биологтар мен дәрігерлерге ДНҚ-ны зерттеуге, жасушаларды жіктеуге және аурулардың механизмдерін зерттеуге көмектеседі. Құрылғы чиптің бетінен көлемі мен өлшемі миллиметрден аспайтын бөлшектерді манипуляциялау үшін кремнилік-фотоникалық чиптен шығатын жарық шоғын пайдаланады. Жарық биологиялық тәжірибелерде қолданылған үлгілерді қорғайтын шыны жабындарға, дәлірегі, ыдыстарға еніп, жасушалардың зарарсыздандырылған ортада қалуына мүмкіндік береді. Жарық арқылы бөлшектерді аулай алатын және басқаратын әдеттегі оптикалық пинцет негізінде үлкен өлшемдерді қажет етеді. Чип негізіндегі технология ықшам, жаппай өндіруге және биологиялық тәжірибелерде қолдануға қолайлы. Дегенмен, басқа ұқсас біріктірілген оптикалық пинцет тек чиптің бетіне өте жақын немесе тікелей орналасқан жасушаларды аулай алады және басқарады. Зерттеушілер бұл тарапта пинцет үшін біріктірілген оптикалық фазалық массивті пайдаланды. Бұл технология жартылай өткізгішті өндіру процестерін пайдалана отырып, чипте жасалған микро масштабты антенналарды қамтиды. Әрбір антенна шығаратын оптикалық сигналды электронды түрде басқара отырып, ғалымдар чиптен жарық сәулесін қалыптастырады және бағыттайды. Инженерлер біріктірілген оптикалық, фазалық массивті пайдалана отырып, чиптің бетінен жүз еседен астам қашықтықтан — шамамен 5 мм қашықтықтан аулай алатын біріктірілген оптикалық пинцеттердің жаңа әдісін әзірледі. Бұл препараттың тұтастығын бұзбай, шыны слайд арқылы үлгімен жұмыс істеу үшін жеткілікті.