Қорылдаудан адам көру қабілетін жоғалтуы мүмкін – зерттеу
Қорылдаудан адам көру қабілетін жоғалтуы мүмкін – зерттеу
2 жыл бұрын 1400 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Түнгі ұйқы кезінде қорылдау секілді бір қарағанда зиянсыз әрі қалыпты көрінетін құбылыс глаукомаға (суқараңғылық) апарып соқтыруы мүмкін, бұдан бөлек, ішінара немесе толық соқырлыққа ұрындыруы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы Medpravda ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, ұдайы қорылдау және мезгілсіз ояна беру көздің ішкі қан қысымын арттырады. Британ ғалымдарының бұл тараптағы зерттеу нәтижесі осындай тұжырым жасауға итермелеп отыр. Ғалымдар бұл бағытта табаны күректей 10 жыл бойы зерттеу жүргізіп, 40 пен 69 жас аралығындағы 400 мың адамның жағдайын бақылаған. Бұдан бөлек, зерттеушілер тәжірибеге қатысушылардың ұйқы режимін де қадағалаған. Глаукоманың даму ықтималдығы негізінен «тарқалар» (күндіз ояу, ал түнде ұйықтайтын адам) немесе «үкілер» (көбінесе күндізгі уақыттың көп бөлігін ұйқымен өткізетін, есесіне түннің бір уағында ғана жастыққа бас қоятын, яғни, түннің көп уақытын ояу өткізетін адам) хронотипіне жататын қорыл, ұйқысыздық, күндізгі ұйқышылдық сияқты әртүрлі ұйқы сипаттамаларына байланысты болды. Осы орайда мамандардың адам тәулігіне 7-9 сағат ұйықтауды саулықтың белгісі ретінде қарастыратынын айта кетпекпіз. Зерттеу нәтижесінде глаукома 8 690 адамда анықталған. Ғалымдар қорыл пен күндізгі ұйқының глаукоманың дамуын 10%-ға, ал ұйқысыздық немесе жеткіліксіз ұйқының 13%-ға арттыратынын анықтады. Дәрігерлер ұйқысыздық кортизолдың жоғары деңгейіне байланысты гормоналды теңгерімсіздіктен (ауытқудан) туындайтынын анықтады. Осының салдарынан болатын күйзеліс мен мазасыздықтан көз ішінің қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Сонымен қатар, ұйқы кезіндегі апноэ (қорыл, ентігу) қауіпті. Бұл жайт өз кезегінде жасушалық гипоксияны тудырады, соның салдарынан көру жүйкесі (оптикалық нерв) зақымдалады.

0 пікір
Мұрағат