Қоршаған ортаның ластануынан антибиотиктердің емдік әсері жойылады
|
Бүгінде осы заманғы медицина саласындағы ең күрделі әрі өзекті мәселелердің біріне организмнің антиотикке төзімділігінің артуын жатқызып жүр. Бұл жайт өз кезегінде науқастарды емдеу тиімділігін төмендетіп қоймай, түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне алып келуде. Ғалымдардың топшылауынша, адамның дәрі-дәрмекті көп қабылдағаннан антибиотикке төзімділігі артып қоймаған, сонымен қатар, бұл бағытта арнайы жүргізілген тың зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұған қоршаған ортаның шектен тыс ластануы да өз әсерін тигізген. Джорджия университетінің ғалымдары гендік талдауға жүгініп, адам организімінің антибиотикке төзімділігінің артуының бір ұшы қоршаған ортаның ауыр металдармен ластануына барып тірелетінін анықтап отыр. Аталмыш зерттеу барысында белгілі болғандай, ауыр металдармен ластанған топырақ генді антибиотикке төзімді ететін өзіндік ерекшелігі бар бактериялардың өсіп-өнуіне жағдай жасап отыр. Мұндай бактериялардың қатарында Acidobacteriaoceae, Bradyrhizobium және Streptomyces бар. Олардың гені ванкомицин, бацитрацин және полимиксин секілді дәрілерге төзімді. Бұл аталған дәрілердің барлығы адамдардың бойындағы инфекцияны залалсыздандыру үшін қолданылады. Бактериялардың бойынан кадмия, цинк, мыс, т.б. қоса алғанда өзге де ауыр металдарға қарсы тұрып, төтеп бере алатын қорғаныш гені табылған. Биологтердің түсіндіруінше, микроорганизмдер уақыт озған сайын өзін қорғаудың барлық айла-шарғысын жетілдіріп, жаңа стратегия мен контр шараларға ие болады.