Қолдан адам иммунитетінің жасушасы өсірілді
Қолдан адам иммунитетінің жасушасы өсірілді
5 жыл бұрын 3563 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Мельбурндегі Мердок балалар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тарихта тұңғыш рет адамның иммундық in vitro жасушасын зертханада өсіріп, оның пайда болуының алғашқы кезеңін таспаға тартып алды. Австралиялық ғалымдардың бұл бағыттағы ізденісі бірнеше осы заманғы зертханалық әдістерді біріктіргенде нәтиже берді. Аталмыш тәжірибенің алғашқы сатысында ғалымдар гендік инженерияның тың тәсілдерін қолданған әрі адамның плюрипотентті діңгекті жасушасының ерекше дақылын жасай алды. Осы орайда ағзалар мен тіндердің осынау арғы «тегі» планцет жасушасын және эмбрионмен қоректенетін кейбір өзге құрылымдарды есептемегенде организмнің кез келген жасушасына айнала алатын қабілетке ие. Қолданылған гендік-инженерлік тәсілдің арқасында дақылдағы кейбір жасушалар ультркүлгіннің әсерімен жасыл нұр шаша бастады. Плюрипотентті діңгекті жасуша дақылында жасыл сәуле шашқан Т-лимфоцитінің RAG1-позитивті жасушасы басқаларына қарағанда тез байқалған болатын. Төмендегі бейне флуоресцентті микроскоптың көмегімен алынды.

Иллюстрация: Ali Motazedian et al./Nature Cell Biology

Бұл сәулелену өз кезегінде жасушада өзіндік ерекшелігі бар RAG1 ақуызының барынан хабар береді. Яғни, аталған зат Т-лимфоцитінің жасушасында кездеседі, бұл одан иммунитеттің белсенді бірлігінің пісіп-жетіліп келе жатқанынан хабар береді. Тарқатып әрі нақтырақ түсіндірсек, Т-жасушасы алынған иммунитеттің негізгі буыны болып табылады, ол организмге енген зиянды заттар мен патогендерде «жадында сақтап» қалады, келесі жолы зиянды заттар организмге енгенде оларды танып, жоятын болады. Ғалымдар сәуле шашқан RAG1-позитивті жасушасын зерделей түсу үшін оны оқшаулап та көрді. Осы орайда ғалымдар мынадай қызықты жайтқа куә болды: аталған жасушалар тек Т-лимфоцитінің пайда болуына ықпал етіп қоймай, одан В-иммундық жасушаларды, сондай-ақ, адамды қоса алғанда өзге де омыртқалылардың күрделі иммундық жүйесін қалыптасуына септігін тигізетін көптеген жасушаларды шығарған. Тағы бір маңызды тұсы - Т-лимфоциттері өзінің «тегін» мидағы қан жасушасынан алмайтыны белгілі болды (бұрын осылай деп есептеліп келген). Тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, алынған иммунитеттің негізгі қатысушылары эмбрионның бастапқы органын қалыптастыратын діңгекті жасушалар желісінен шығады. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, мұндай жасуша дақылын зертханада жасау әрі оны мұқият зерделеу – айтулы оқиға. Жасалынған жасуша жүйесі адам иммунитетінің ең ілгерідегі жасушаларын зерделеуге платформа бола алады. Бұл тақырыптағы ғылыми мақала ғылыми ортада беделді Nature Cell Biology мерзімді басылымында жарияланды. Осы орайда оқырмандар тарапынан мынадай сауал туындауы мүмкін: бізді қорғайтын (түрлі кеселдерден) жасушаларды жасанды жолмен алудың қаншалықты маңызы бар? Жауабы мейлінше қарпайым: иммундық жүйе жасушалары қызметінің бұзылуына байланысты орын алған ауыр сырқаттардың әу баста неден пайда болғанын ұғуға көмектеседі. Мәселен, балалар лейкозы (аққандылығы), кейбір аутоиммундық аурулардың пайда болу себептерін. 

(Ықшамдалып алынды – ред.)

0 пікір
Мұрағат