Қазақ ғалымы қатерлі ісікті жазатын дәрі ойлап тапты
Қазақ ғалымы қатерлі ісікті жазатын дәрі ойлап тапты
4 жыл бұрын 8290 Қ. Слямбеков. forbes.kz

Қазақстандық ғалым, белгілі биолог, профессор Дос Сарбасов АҚШ-та жүріп 27 жыл бойы зерттеген ғылыми еңбегін Назарбаев Университетіне келіп аяқтап, обырды жазуға қауқарлы дәрі жасамақ, деп хабарлайды Massaget.kz.

Ғалымның ғылыми жаңалығының негізінде ашығу мен содан туатын емдік эффект – аутофагияны рак жасушаларын жоюға қолдану тәсілі жатыр. Профессор Сарбасов АҚШ-та жүріп жасушаның өсуі мен көбеюін реттеп отыратын ТОR сигналды жүйесін зерттеген. Енді бұл зерттеуін Қазақстанға келіп жалғастырмақ.

Ғалымның айтуынша, жасушалардың негізгі қоректік заты – аминқышқылдары мен глюкоза. Егер адам ашығатын болса, ағзаға түсетін коректік заттар азайып, жасуша энергия өндіруі үшін аутофагия деген бір-бірін жеу процесі басталады. Тірі жасуша әлсіз, аурушаң жасушаларды "азық" етеді. Тірі жасушаға жем болатындардың арасында ауру рак клеткалары да бар.

"Аутофагия құбылысын түсінгеннен кейін алдымызға "рак клеткаларын жою үшін адам қанша уақыт ашығуы тиіс?" деген сауал қойдық. Зерттеу барысында ағзаға глюкоза жетіспеген кезде, жасуша аутофагия құбылысын іске қосатынын анықтадық. Ал 48 сағат бойы ашыққан адамның ағзасындағы қатерлі ісік жазушалары өліп қалатыны белгілі болды", - дейді профессор. 

Содан зерттеу тобы жасушаның қандай түрлері глюкоза жетпей ағза ашыққанда жойылатынын анықтауға кірісіп, әртүрлі жасушаларды сканерлеп көрген.

"Нәтижесінде, глюкоза жетіспесе, KRAS-мутантты жасушалардың тез жойылатынын анықтадық. Мұндай жасушалардың зат алмасуы өте жылдам, егер глюкоза жетпей жатса, жасушалар күйзеліске ұшырап, радикал оксидант бөле бастайды. Жасушаны өлтіретін де осы – радикал. Яғни, жасуша өз-өзін өлтіреді", - дейді Дос Сарбасов.

KRAS-мутантты жасушалар деген не?

KRAS-ген дегеніміз – жасушаның бөлінуі мен өсуіне, көбеюіне стимул беретін кіші регулятор ақуыз. Мұндай ақуыз бала ағзасында көп болады, өйткені балаға өсіп-жетілу керек. Ал адам есейе келе, өсу факторы да азайып, мұндай ақуыздың қызметі жасушалардың бөлінуіне ғана жауап беріп шектеледі.

"KRAS бөлінген сайын, жасуша да өсе береді. Ал жасушаның бөліну процесі белсенді болған сайын, қатерлі ісік те өсе бастайды. Оны доғару үшін KRAS мутацияның жүруіне кедергі келтіру керек", - дейді профессор.

Бірақ, бір қызығы – қатерлі ісік жасушаларының кей түрлері аутофагияға дес бермейтін көрінеді. Мәселен тоқ ішек қатерлі ісігі мен ұйқы безі қатерлі ісігінің жасушаларын жою қиындау. Ұйқы безі қатерлі ісігінде 95% жағдайда (20 адамның біреуі жазылып шығады), тоқ ішек обырында 30% (үш адамның біреуі), өкпе рагында 20% (бес адамның біреуі) жағдайда ауру жасушаны жою қиын.

"Мұның сыры неде екенін әлі анықтай алмадық", - дейді ғалым.

Ал басқа жағдайда қатерлі ісікті емдеуге болады.

Дәрі қалай емдейді?

Ғалымның ойлап тапқан дәрісі жоғарыда айтылған ғылыми нәтижелерге сүйенеді. Яғни, жасуша ашыққанда бөлінетін радикалдың өзін бөліп алып, терапияға қолдану. 

"Жаңа терапияның мәні – оксидантты преператты емге қолдану. Олар – екеу. Бір-бірін толықтырып, бірін-бірі күшейтеді. Біріншісін қазір АҚШ-та қолданылып жатыр. Онымен лимфоманы емдеуге болады. Құрамында аздаған күшәла (мышьяк) бар. Күшәла KRAS-мутантты жасушаға оксидант болатынын ғалымдар дәлелдеген", - дейді профессор.

Ал екінші оксидант – С дәрумені қосылған концентрат. Оны көктамырға егеді. Сол кезде KRAS-мутантты жасушалар қышқылданған С дәруменімен қоректеніп, күйзеліске ұшырайды.

"Біздің препаратқа С дәруменінің D-VC стероизомері қосылған. Оның әсері көбірек", - дейді ғалым.

Клиникалық зерттеу

Препарат АҚШ-та тексеріліп, FDA (Food and Drug Administration) рұқсатын алған. Сарбасовтың айтуынша, С дәрумені мен күшәла қосылған оксиданттың тиімділігі жоғары.

"С дәрумені мен күшәланың қосылысы ағзаға улы емес. Бұл тышқанға жасалған зерттеуден белгілі болды. Мұндай тәсілдің адамды емдеуге пайдасы тиетінін тексеру үшін клиникалық зерттеу қажет", - дейді Дос Сарбасов.

Оны қазақ ғалымы АҚШ-та емес, өз елінде жасауды құп көріп отыр. Өйткені, шетелде жасалған клиникалық зерттеудің нәтижесі сол елдің жетістігі боп қалмақ. Әрі дәрі-дәрмек те сол елдің атынан шығарылады.

Ал қазақстандық ғалым мұндай емге пайдасы мол дәріні өз елінде шығаруды қалайды. Сондықтан қазір ел үкіметінен рұқсат алу мен құжаттарды реттеуді қолға алған.

Ғалым жайлы

Дос Сарбасов Алматыда дүниеге келген. 24 жасында АҚШ-қа барып, Арканзас медициналық университетінің аспирантурасында білім алған, биохимия мен молекулярлы биологиядан докторлық диссертация қорғаған.

1999-2006 жылдары MIT (Massachusetts Institute of Technology) жанындағы Уайхейд биомедициналық зерттеу институтында жұмыс істеген. Кейін АҚШ-тың белді онкоорталығы – MD Anderson Cancer Center-дің ғылыми зертханасына жетекші қызметіне шақырылған.

Қазақстан жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. ҚазҰУ мен ЕҰУ студенттері арасынан 5 PhD докторант дайындаған. 2019 жылы Қазақстанға қайтуды ойлап, отандық ғылымды дамыту үшін Назарбаев Университетіне келген. Қазан айынан бастап университеттің National Laboratory Astana зертханасын басқарады. Мұнда биомедицина, энергетика және баламалы ресурстар саласында зерттеу жасайтын белді мамандар жиналған.

0 пікір
Мұрағат