Қатерлі ісік. Химиотерапия деген не?
Қатерлі ісік. Химиотерапия деген не?
6 жыл бұрын 30369

Химиотерапия дегеніміз – рак клеткаларын өлтіру немесе олардың таралуын тоқтату мақсатында жасалатын дәрілік ем. BBC арнайы мақаласындабұл әдісті қолдану жолы, тиімділігі және кері әсері туралы баяндайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

Рактың барлық түріне бір ем қолданылмайды, өйткені, нақты бір препарат түрлі рак клеткаларына әртүрлі әсер етеді. Кейде барынша жақсы нәтиже шығуы үшін сегіз түрлі дәріден құралған ем қолданылады және емнің тиімді әсерін жетілдіру үшін медиктер ылғи жаңа комбинациялар жасап қолдануға тырысады.

Химиотерапия дегенде көбіне оның кері әсері ойға келеді, бірақ, бүгінгі химиотерапияның көптеген түрлері пациентке жеңіл-желпі ғана ауыртпалық әкеледі.

Химиотерапияны қай кезде қолданады?

Химиотерапиялық дәрілер тамырға құйылады да, денені аралай жүріп қай жерде рак клеткаларын тапса, сол жерде өлтіруге кіріседі. Осы себепті дененің бірнеше бөлігіне рак клеткалары таралған деп шешкен кезде дәрігерлер химиотерапияны қолданады.

Егер рак пайда болып, біраз уақыт байқалмай өссе, оның бір бөлігі негізгі ісіктен ажырап, жақын маңдағы кез келген бауыр, өкпе сияқты органдарға барып, сол жерде өсе бастайды. Операция жасаған хирург тек негізгі ісікті және рак зақымдаған сол маңдағы ткандарды ғана алып тастай алады.

Сәуле терапиясы рак клеткаларын құрту үшін радиацияны қолданады. Бірақ оны дененің тек шағын бөлігіне жіберуге болады, әйтпесе ол көптеген сау клеткаларды жойып жібереді.

Көбіне ракты операция жасап алып тастаған соң, химиотерапия қалған клеткаларды тазалау мақсатында беріледі.

Лейкемия сияқты рак түрлері кезінде химиотерапия міндетті түрде қолданылады, өйткені, ондайда рак клеткалары бүкіл денеде болады. Сонымен қатар, химиотерапия операцияның алдында ісіктің көлемін кішірейту, осылайша оны кесіп алып тастауды оңайлату үшін жіберіледі. Кейде ол ауруы емдеуге келмейтін науқастың сырқатын жеңілдету мақсатында қолданылады.

Химиотерапия қалай жұмыс істейді?

Жоғарыда айтылғандай, химиотерапия дегеніміз – рак клеткаларын улайтын препараттармен емдеу әдісі. Алайда, рак клеткарларын улайтын кез келген дәрі сау клеткаларды да өлтіре алады. Ал органимзге олардың тірі болғаны керек. Химиотерапия рак клеткаларын мүмкіндігінше көп, сау клеткаларды мүмкіндігінше аз өлтіретін химиялық қосындыларды табуды мақсат етеді. Рак клеткалары мен олардың жанындағы сау клеткалардың арасындағы өзгешеліктерді тауып, пайдалану арқылы медиктер мұндай препараттар жасауда күн өткен сайын жақсы жетістіктерге жетіп келеді.

Рак клеткалары мен сау клеткалардың арасындағы басты айырмашылық – олардың көбею және бөліну жылдамдығында. Рак клеткалары сауларға қарағанда тез бөлініп, тез өседі. Денеде кейде ісік пайда болатын себебі осы. Кейбір рак клеткаларына организм өзі өндіретін, «гормондар» деп аталатын табиғи заттар да әсер етеді. Химиотерапияның кей түрі осы реакцияны рак клеткаларының өсуін тоқтату үшін пайдаланады.

Организмнің иммундық жүйесі рак клеткаларына шабуыл жасамайды, өйткені, иммундық жүйе олардың бөтен екенін танып-біле алмайды. Химиотерапияның кей түрі иммундық жүйені рак клеткаларын бөтен деп танып, сосын өлтіре алатындай етіп бағдарлауды мақсат етеді.

Химиотерапия қалай беріледі?

Негізінде химиотерапия тамырға жіберіледі. Концентрация аса жоғары болғандықтан оны ерітінді арқылы тамшылату жолымен береді. Егер пациент түрлі препараттарды жиі алуы керек болса, онда қайта-қайта ине сұқпау үшін шприц тамырдан ажыратылмайды. «Хикмэн лайн» деп аталатын бұл әдісте бір басы катетерге жалғанған шприц адамның кеуде венасына бекітіледі.

Кейде химиотерапияның күшті дозасын организмнің белгілі бір бөлігіне жіберу керек болады. Мұндайда кері әсерді төмендету үшін ол нақты рак зақымдаған тұсқа салынады. Мәселен, қуық рагында препаратты тікелей қуыққа жібереді, сөйтіп ол зақымдалған тканға әсер етеді.

Химиотерапия курсының ұзақтығы адамның қандай ракпен ауырғанына байланысты екі апта немесе бір айдан аса уақытқа созылуы мүмкін.

Кері әсерлері қандай болады?

Тез өсетін және тез бөлінетін клеткаларға шабуылдайтыны себепті химиотерапияның кей түрлері осындай қасиетке ие басқа да сау клеткаларды құртып жібереді. Мәселен, шаш фолликулдары осындай клеткаларға жатады. Рактан емдеу кезінде пациенттің шашы түсіп қалатын себебі осы. Алайда, ем аяқталған кезде шаш қайтадан өсе бастайды.

Тез бөлінетін клеткалардың бір түрі асқазанда және ішекте болады. Осы себепті химиотерапия кезінде пациент құсады және іші өтіп ауырады.

Дегенмен, бұл проблеманы жеңілдетудің жолдары бар. Мәселен, кей жағдайда асқазанды толтырмай, тамақты аздан және жиі ішу көмектеседі.

Химиотерапия кезінде шабуылға ұшырайтындардың тағы бір түрі – қан клеткалары. Қызыл клеткалар басқа клеткаларды оттегімен қамтамасыз ететіні себепті маңызды. Сонымен қатар, қан клеткалары денеге инфекция түсудің алдын алады.

Осы себепті химиотерапия алған адамдар инфекцияны тез қабылдағыш болады және онымен күресе алмай қиналады.

Ауруханалар түрлі клеткалардың деңгейін бақылап отыру үшін ұдайы қан сынамаларын алып отырады. Бұл «толық қан анализі» деп аталады.

Химиотерапия кезінде адам көбіне әлсірейді немесе кейде аса шаршаңқы күйді бастан кешеді.

Сонымен қатар, химиотерапия ер болсын, әйел болсын, пациенттің бала туу қабілетіне кері әсер етеді. Алайда, бүгінгі уақытта екі жыныс өкіліне де баланы пробиркада дүниеге әкелу үшін сперма мен аналық жасушаларын мұздатып қою мүмкіндігі бар. 

1 пікір
  • Менің ағам 2006-шы жылы лейкомия деген аурумен ауырған. Екі рет химия терапия жасалды. Химиядан кейін оны танымай қалдық, шашы жоқ, азып кеткен алі қалмаған салмақ тусіп кеткен. Химия рак клеткаларымен қоса сау клеткаларды да жойып жібереді екен. 3 ай киналып ауырды, әлсіз мүшелерінің баріне шабуыл жасалады екен, бауыр, буйрек, аяқ т сс. ақыр соңында рак клеткалары көзіне шабуыл жасады да көз кормей калды, одан кейін мурындағы кан тамырлары жарылып кан тоқтамай ағып қайтыс болды, дарігерлер ешнарсе істей алмаймыз деп озімізге қалдырды. Ешкімді ауыртпасын, ағама әрдайым дұға жасап тұрамын, өте қатты қиналды. Біз үшін өте жаман кезең болды. Бірақ құранда мынандай аят бар: "Шынында сендерге жақсы болып көрінген нәрсе мүмкін сендер үшін жаман шығар ал жаман болып көрінген нәрсе мүмкін сендер үшін жақсы шығар сендер білмейсіңдер Аллаһ толық білуші" - кім біледі балки сол ауруы арқылы Алла тағала ағамның осы дүниедегі біліп білмей істеген күналарының есебін алып тазартып о дүниелік етті ме білмейміз, не де болса өте қарапайым, арам пиғылы жоқ өте ақкөңіл жігіт еді, мәңгі мекеті жаннат болсын, амин!
    6 жыл бұрын
Мұрағат