Қарағандылық ғалымдар жусаннан биоотын жасап шығарды
Қарағандылық ғалымдар жусаннан биоотын жасап шығарды
8 жыл бұрын 4532 bag.kz

Оны кез-келген жанар-жағармайға қоссаңыз, түгі қалмай, 100% жанып кетеді екен. Демек, бензин сапасы артып, сан мыңдаған көліктің қозғалтқышынан қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар жойылады. 

Ғалымдар бұл өнер-табысын ЕХРО көрмесіне апаруды жоспарлап отыр. "Инвестор табылса, өндіріске енгізуге болады" деп отыр олар.

Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетіндегі мына аядай ғана зертхана ішінде 8 адам көз майын тауысып, үш жыл бойы еңбектенген. Нәтижесі көңіл қуантады. Жас ғалымдар әлемде алғаш болып жусаннан биоотын алды. Таңдау неліктен жусанға түсті?

«Бұл өсімдіктерде лигнин тәрізді заттар аз. Соған байланысты төмен температурада технологияда қолданатын термоөңдеу процесі жеңіл жүреді. Екіншіден, алынған перролизді сұйықтың құрамындағы улы фенол компоненттері де аз. Сол себептен технология жағынан өте тиімді болып табылады», - дейді жоба авторы Нұрлан Мерхатұлы.

Химиктер ойлап тапқан биоотынның ерекшелігі, кез-келген жанар-жағармайдың сапасын арттырады. Бұл көлік саны күнде көбейіп жатқан қазіргі уақытта аса қажет дүние дейді олар.

Ғалымдардың айтуынша, қазір жер бетінде жусанның 480-нен астам түрі бар екен. Оның көпшілігі елімізде өседі. Әсіресе, Арқа жерінде жеткілікті. Демек, шикізаттан таршылық көрмейміз.

«АИ-80 бензиніне оңай араласады. Сонымен қатар мысалы, бізде бензин толық жанбайды ғой. Бұл катализатор ретінде оны толық жандыруға мүмкіндік береді. Егер де ол толық жанатын болса, СО2 көмір қышқыл газының аз бөлінуіне әсер етеді және актан санын көтеруге үлкен себепкер болады », - дейді химия факультетінің магистранты Абылайхан Ескендіров.

Ғалымдардың есебі бойынша бір тонна жусаннан 200 литр биоотын алуға болады екен. Ал айына 5 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін қаржы керек. Осыған орай жоба авторлары өнертабысын алдағы ЕХРО көрмесіне апармақшы. Егер инвестор табылса, өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат