Психолог дежавюдің неліктен пайда болатынын түсіндірді немесе жалған естелік хақында
Психолог дежавюдің неліктен пайда болатынын түсіндірді немесе жалған естелік хақында
4 жыл бұрын 3784 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Алдымен дежавюдің не екенін айта кетейік: Уикипедия электронды анықтамада адамның өткен шақта орын алған оқиғаны осы шақта қайта бастан кешкендей күйде болуы. Былайша айтқанда, мұндай «тылсымға» толы жағдаймен әрбір адам кездеседі – дежавю эффектісі немесе феноменінің сыры әлі күнге толық ашылған емес. Соған қарамастан ғалымдар бұл жұмбағы мол сауалдың жауабын беруге тырысып келеді. deja vu – француз термині. Мағынасы «көріп қойғанмын», яғни, бұрыннан таныс дегенге саяды. Аталмыш терминді ғылыми айналымға алғаш рет енгізген психолог Эмиль Буарак болатын. 1876 жылы бұл феномен туралы француз тілінде жарық көретін Revue Philosophique ғылыми мерзімді басылымында сипаттап жазған болатын. Таяуда Sputnik радиосына сұхбат берген ресейлік ғалым, Нақты психология орталығының директоры Сергей Ключников та бұл сауалды айналып өткен жоқ. «Синхронды сана деген ұғым бар – өткен шақта бастан кешкен қандай да бір жайтты қайта сезінудің өзі осы шақпен үндесіп синхрондалады. Сол кездегі көңіл күймен немесе көрініспен ұқсас жайтты ми ми естелік ретінде таниды. Екінші мезеті – адам қандай да бір себеппен қобалжығанда, шошынғанда сана түкпірінен естеліктер мен бейнелер пласты көтеріліп қалқып шығады, адам оны осы сәт деп қабылдауы мүмкін. Сергей Ключников бұл феноменді дінмен, тылсыммен байланысын да жоққа шығармайды. Осылай деген ол дежавюдің интуицияның белгісі ретінде көретінін де жасырмады. Дежавю біреулер үшін өмірінің қандай да бір маңызды кезеңіне байланысты ескерту ретінде көрініс табуы мүмкін. Әлбетте, бұл феноменді басынан кешіргендер оны дүниетанымы мен интеллектуалдық деңгейіне қарай қабылдайды. Яғни, бұл мәселеге көзқарасы әрқалай болады. Бұл бағытта арнайы жүргізілген бұрынғы зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, адам мұндай күйді, әсіресе, саяхаттаған кезде жиі өткереді. Десе де ғалымдар дежавюды адам жас кезінде басынан жиі кешіретінін алға тартып отыр. Десе де жастардың өзі ары кетсе айына бір рет мұндай күйді сезінуі мүмкін. Адамның жасы ұлғайған сайын оның басында мұндай жағдай сирей бастайды: алпысты алқымдағандар дежавюді жылына тек бір-ақ рет өткеруі мүмкін. Тегінде дежавю көптеген адамдар мұндай күйге сирек кездесетін, мән беруге тұрмайтын бір мезеттік нәрсе ретінде қарайды. Ал кейбіреулер үшін бұл өз алдына тұтас әлемді құрайтын құбылыс ретінде алға шығады. Расымен де кей адамдар күні бойы осындай күйден арыла алмайтынын айтады. Тіпті, шындық өмірді қабылдауына, дәлірегі, өмір сүруге кедергі келтіретін фактор ретінде қарастырады. Ғалымдар мұны адам жадысына қатысты процестің бұзылуынан көреді. Сол себепті де адамдар жалған естеліктен жапа шегуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Осы орайда мынадай қызықты дерек келтіре кеткенді жөні көріп отырмыз: дежавюге мүлде қарама-қарсы «жамевю» деп аталатын ұғым бар: бұл да аяқ астынан келетін айрықша сезім түрінде көрініс табады – адамға өте таныс кісі немесе қандай да бір жер мүлдем беймәлім, жат көрінеді. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

0 пікір
Мұрағат