Көмірқышқыл газы мен пластикті пайдалы затқа айналдыратын реактор пайда болды
|
Кембридж университетінің ғалымдары ауадан көмірқышқыл газын аулап, оны пластикпен бірге отынға және гликол (органикалық қосынды) қышқылына айналдыратын жүйе ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы cell.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кембридж жоғарғы оқу орнының инженерлері көмірқышқыл газы мен пластмасса қалдықтарын қайта өңдей алатын, күннен қуат алатын реактор жасап шығарды. Бұл бағыттағы сынақ парниктік газды тұрақты сұйық отынның негізгі элементі болып табылатын синтез газына және пластикалық бөтелкелерді косметика өнеркәсібінде қолданылатын гликол қышқылына айналдырды. Бұл тарапта ғалымдар көмірқышқыл газын аулау жүйесін көмірқышқыл газын жарықтың көмегімен түрлендіруге арналған фотосинтезді еске түсіретін технологияны пайдаланатын «жасанды жапырақпен» біріктірген еді. Көмірқышқыл газын ауадан немесе түтіннен алу үшін зерттеушілер оны сілтілі ерітіндісі бар жүйе арқылы өткізеді. Сонымен бірге, көмірқышқыл газын ғана таңдап аулау әдісі қолданылады, ал ауада кездесетін азот пен оттегі сияқты басқа газдар сыртқа зиянсыз жолмен шығарылады. Біріктірілген жүйеде фотокатод пен анод бар. Ол екі бөлімнен тұрады. Олардың бірі көмірқышқыл газының ерітіндісін ұстайды, ол синтездік газға айналады (көміртек тотығы мен сутегі қоспасы). Екіншісінде пластмасса пайдалы химиялық заттарға айналады. Реактордың жұмыс істеуі үшін тек күн сәулесі қажет. Аталмыш зерттеуге атсалысқан Мотиар Рахаман пластикалық компоненттің бұл жүйеде маңызды рөл ойнайтынын алға тартып отыр. Көмірқышқыл газын ауадан сүзіп алу әрі пайдалану жүйесіне пластик қалдығын қосса, пластик СО2 электронын береді. Зерттеушілер өнеркәсіптік үлгісін жасауға ден қойып отыр. Бұл технология өнеркәсіптік өндіріс кезінде және пайдалы қазбаларды өндіру кезінде пайда болатын көмірқышқыл газын кәдеге жаратуға, сондай-ақ көп мөлшердегі қалдықтар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Көмірқышқыл газы мен пластикті аулап, өңдеу схемасы. Кескін: Sayan Kar et al., Joule