Кейбір жасушалар тұтқыр сұйықтықтар арқылы жылдамырақ қозғалады - зерттеу
|
Торонто университетінің (Канада), Джонс Хопкинс университетінің (АҚШ) және Вандербилт университетінің (АҚШ) зерттеушілер тобы ісік жасушалары мен фибробласттардың тұтқыр сұйықтықтар арқылы жылдамырақ қозғала алатынын көрсетті, бұл процесс өз кезегінде ісік немесе фиброздың дамуына ықпал етеді. Бұл жаңалық өз кезегінде түрлі ауруларға қарсы жаңа дәрілер әзірлеуге көмектеседі. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Nature Physics мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұрын ғалымдар қан сияқты тұтқырлығы аз ортада жасушалар жылдамырақ қозғалады деп есептеп келген еді, өйткені, олар қозғалыс кезінде қарсылыққа көп ұшырай қоймайды. Жасушалардың әртүрлі ортада қалай қозғалатынын түсіну қатерлі ісіктерден бастап шырышты шығаратын өкпе ауруларына дейінгі түрлі дертпен күресу үшін маңызды. Бастапқыда ғалымдар қатерлі ісік қозғалысын зерттеген болатын. Олар қасиеттері бойынша шырышқа ұқсайтын тұтқыр полимер ерітіндісін жасап, оған әртүрлі типтегі жасушаларды орналастырып көрді. Мұндай ортадағы ісік жасушаларының қалыпты жағдайдағыға қарағанда жақсы қозғалатыны белгілі болды. Бұл ісіктердің даму барысын, тіпті, метастаздың пайда болу тетігін түсіндіруі мүмкін, өйткені, әдетте ісіктердің айналасында тұтқыр орта қалыптасады. Жетілдірілген микроскопиялық әдістерді қолдана отырып, ғалымдар бұл жасушаларда ортаның тұтқырлығын сезінуге және олардың жылдамдығын реттеуге мүмкіндік беретін мембраналық шығыңқы жерлер бар екенін анықтады. Әдетте жасуша қозғалысы ақуыз миозиніне байланысты. Зерттеушілер жасушаларды тоқтату үшін оның деңгейін төмендетуге тырысқанымен бұл талпынысы нәтиже бермеді. Белгілі болғандай, бұл жасушаларда актин ақуызы тұтқыр ортадағы қозғалысқа жауап береді, бұл мембрананың шығыңқы жерлерінің пайда болуына ықпал етеді. Ғалымдар фибробласттарда, әдетте тыртықтардың пайда болуына жауап беретін дәнекер тінінің жасушаларында ұқсас әрекетті тапты. Шырыш бөлінетін ауруларда фибробласттар басқа жасушаларға қарағанда зақымдалған жерлерге тез жетеді. Осыған байланысты зақымдалған тіндер толық жазылмай тыртықтары пайда болады. Бұл ақпаратты муковисцидоз (Муковисцидоз (Мuсоviscidosis - шырышты жабысу) — Паренхиматозды көмірсу дистрофиясы: көптеген бездердің секреттерінің негізін құрайтын мукоидтардың (глюкопротеидтердің) қасиеттерінің өзгеруі тән тұқым қуатын ауру. Без секреті қою, тұтқыр күйге көшеді, өзектерді бітеп тастайды.[1] – Уикипедия электронды энциклопедиядан) сияқты әртүрлі ауруларды емдеу үшін қолдануға болады. Қазір ғалымдар қатерлі ісік, муковисцидоз және басқа да ауруларды емдеу әдістерін зерттеуге көмектесетін мембраналық шығыңқы жасушалардың қозғалысын бәсеңдетудің жолдарын зерттеп жатыр.