Жас адамның қаны 21-ші ғасырдың баға жетпес дәрісіне айналуы мүмкін (видео)
Жас адамның қаны 21-ші ғасырдың баға жетпес дәрісіне айналуы мүмкін (видео)
4 жыл бұрын 4164 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жас адамның қанын құйса, организмді жасартып, қарттарға тән, яғни, жас ұлғая келе жабысатын Паркинсон, Альцгеймер, деменция (алжу), склероз (ұмытшақтық), т.б. секілді кеселдермен күресте көмектеседі деген қауесет кейінгі кезде желдей есіп, медициналық қызмет көрсету саласында жаңа нарықтың пайда болуына жол ашты. Бүгінде АҚШ-та 8-12 мың долларға «жас қан» құюмен айналысатын 15-тей емхана жұмыс істейді. Бұл төңіректегі дүрбелеңді басу үшін АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің тағам өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын қадағалайтын агенттігі (FDA), тіпті, ресми мәлімдеме жасауына тура келді. Дәлірегі, аталмыш агенттік мұндай ем-домның қымбат әрі танымал болғанына қарамастан оның тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбегінін мәлімдеді. Ол ол ма, көп мөлшерде қан құю (плазма) денсаулыққа айтарлықтау қауіп төндіретінін алға тартып, мұндай ем-домды ұсынатын емханаларға қатаң ескерту жасады. Яғни, пациенттердің сеніміне кіріп, олардың аңғалдығын пайдаланып, олардың денсаулығына қатер төндіріп, табыс табуына наразылық білдірді. Десе де аталмыш агенттіктің бұл ескертуіне емханалар да, пациенттер де құлақ асар емес. 16-25 жас аралығындағы донорлардың қанын өзіне құйдырғысы келетіндердің кезегі кеміген жоқ. Мұндай ем-домның нақты ғылыми дәлелі болмаса да бұл идея өткен ғасырдың 20-шы жылдары айтылған болатын. Дәлірегі, Әлемде тұңғыш рет 1920 жылы ашылған қан құю институтының негізін қалаған Александр Богданов мұндай ем-домның перспективасы туралы жазып кеткен көрінеді. Стив Хорват ұсынған эпигенетикалық сағат кәріліктің нақты өлшемі ретінде алға шығады: қарттықтың молекулярлы биомаркері. Яғни, ДНК арқылы ғана организмнің нақты жасын анықтау мүмкін болып отыр. Өткен жылы Стив Хорват өзі ойлап тапқан «сағатты» гормондардан алынған коктейл мен сусамырға қарсы құралдар арқылы жасарту бойынша тәжірибе барысында сынап, тексеріп көрді. «Сағат» жасару факторын тіркеді, алайда, нәтижесі мардымсыз болды – бір жыл ішінде тәжірибе жасалған адамдар орташа есеппен алғанда екі жасқа қана жасарған еді. Алғашқы қадамда осының өзі үлкен жетістік болып табылады. Ал егеуқұйрыққа жүргізілген тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, «жас қан» плазмасы құйылған кәрі кеміргіштің эпигенетикалық жасы екі жастан да көп кеміген болатын. Егер бәрі расталатын болса, бұл тәжірибе адамдарға да жүргізіледі. Ондай жағдайда «жас қан» 21-ші ғасырдың баға жетпес дәрісіне айналатын болады. 

0 пікір
Мұрағат