Ғалымдар сүтқоректілердің жынысын өзгертетін жолды тапты
Ғалымдар сүтқоректілердің жынысын өзгертетін жолды тапты
4 ай бұрын 1430 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар микроРНҚ-мен байланысты гендерді жою  арқылы аталық тышқандарды анасының құрсағында ұрғашыға айналдырудың мүмкін екенін анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Communications мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бағыттағы зерттеудің авторлары жетіліп келе жатқан тышқандардың бойындағы белгілі бір молекулаларды жою олардың жынысын еркектен ұрғашы етіп өзгертуге болатынын анықтады. Сүтқоректілердің жынысы хромосомалар арқылы қалыптасады. Дегенмен, таяудағы зерттеулер бұл процестің әлдеқайда күрделі екенін көрсетіп берді. Титтей молекулалар - микроРНҚ-лар жыныстық хромосомалардың әсерін жоққа шығара алатыны белгілі болды. Сүтқоректілердің жынысы аналық бездердің немесе аталық бездердің дамуын ынталандыратын гендер арасындағы тепе-теңдікке байланысты қалыптасады. Y хромосомасындағы SRY гені аталық бездің жетілуіне ықпал етеді. Бұл ген болмаса, тек Х хромосомалары бар адамдарда аналық бездер пайда болады. «Қоқыс ДНҚ» деп саналатын геномның аймақтары ген белсенділігін реттей алатын, кодталмаған РНҚ молекулаларына айналады. Бұл молекулалардың төрттен бір бөлігін, яғни, ширегін микроРНҚ құрайды, олар көптеген гендерді басқара алады. Ғалымдар бұл молекулаларды XY немесе ХХ хромосомалары бар тышқанның ұрықтарынан алып тастады. ХХ тышқандарда аналық бездері ойдағыдай дамыды, ал XY тышқандарында жатыр дамуының ерте белгілері байқалды. Олардың аналық бездерінің ХХ тышқандардікімен бірдей болғанын айта кету керек. XY жануарларында кездесетін аталық бездердің дұрыс жетілуі үшін SRY гені өндіретін немесе істеп шығаратын ақуыз тиісті мөлшерде және қажетті уақытта пайда болуы керек. Зерттеушілер XY тышқандарында алты микроРНҚ-ның болмауынан ақуыздың қалыптыдан шамамен 12 сағатқа кеш пайда болуына себеп болғанын анықтады. Бұл жайт, өз кезегінде, ерлердің ұрпақ ағзаларының өсуіне қажетті басқа ақуыздың өнуіне әсер етті. Сайып келгенде, бұл процестер тізбегі тышқандардың жыныстын өзгертуге ықпал етті. Зерттеу тек кеміргіштерде жүргізілгенімен, барлық омыртқалы жануарларда алты негізгі микроРНҚ табылды. Олардың жасы шамамен 500 миллион жыл болатын алғашқы омыртқалы жануарларға тиесілі. Сондықтан бұл микроРНҚ кластері басқа сүтқоректілерде, соның ішінде адамдарда да бірдей жұмыс істеуі мүмкін, дейді ғалымдар.

figure 1

0 пікір
Мұрағат