Ғалымдар күріш қауызынан арболит жасауға болатынын айтты
Ғалымдар күріш қауызынан арболит жасауға болатынын айтты
7 жыл бұрын 3250 Күріш қауызының кеуектері

Қызылордалық ғалымдар күріш пен мұнайдың қалдығын пайдаға жаратудың тың жолын ұсынып отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Жыл сайын Сыр өңірінде шамамен 40 мың тонна күріш қауызы өндірістік қалдық ретінде қажетке жарамай қалатын. Ал, сырбойылық ғалымдар осы күріш қауызынан арболит жасауға болатынын айтады. Бұл әдіс жеңіл бетон өндірісіндегі дәстүрлі технологиямен салыстырғанда біршама арзан әрі экологияны сауықтыруда пайдасы орасан.

«Жергілікті арзан шикізаттарды қолданамыз. Яғни, жылу орталығының күлін, сонымен қатар әртүрлі химиялық қоспалар, сұйық шыны, кальций хлориді. Солардың мөлшерін біз екі есе азайтып, арболиттің өзіндік бағасын төмендеттік. Ал техника ғылымдарының кандидаты Нәби Даужанов темірбетон бұйымдарын өндіруші кәсіпорындар шығынын азайтудың жолын ұсынып отыр. Яғни, бетон құймасын кептіру кезінде күн энергиясы пайдаланылады. Ол үшін арнайы гелиоқақпақ ойлап табылды», — дейді техника ғылымдарының докторы Сәкен Үдербаев.

Жергілікті ғалымдар мұнай бұрғылау кезінде шығатын қалдықтарды да пайдалы іске бағыттауға болатынын айтады. Әдетте тонналап көмір шығындалатын керамзит өндірісіне енді «қара алтын» қалдықтарын қолданған жөн. «Алынған технологияны біз Орал қаласындағы керамзит зауытында тәжірибелік сынақтан өткіздік. Ол зауытта акредиттелген зертхана бар. Сол зертхана біздің алынған керамзитіміздің құрамына сертификат сәйкестігін берді. Яғни, мемлекеттік стандартқа барлық физикалық-механикалық қасиеттері бойынша сай келеді», — техника ғылымдарының кандидаты Роза Нарманова. «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің зертханасында бірқатар тың технологиялар әлі де сыналып жатыр. Басты мақсат — энергия және ресурс үнемдеу тәсілдерін жетілдіріп, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашу.

0 пікір
Мұрағат